Педагогика саласының майталманы еді...

Педагогика саласының майталманы еді...

Қазақстан Республикасында  мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастырушы, қазақ балабақшаларының  (№№161, 163, 204) негізін салушы,  ондағы тәлім-тәрбие жұмыстарының ана тілінде жүргізу мәселелерін көтерген педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент КСРО және ҚазКСР оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, еңбек майданының ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Башен Баймұратқызын жер қойнауына тапсырғалы міне, 40 күн өтіпті.

Б.Баймұратқызы 1926 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бозымбай ауылы Байжа елді мекенінде дүниеге келген. Ол 1935 жылы Алтай (Әлібек) ауылындағы төрт жылдық бастауыш мектепте білім алады. Оны тамамдаған соң, Ұлан ауданы Никитинка (қазіргі Бозамбай) ауылында Киров атындағы орта мектептің 5-сыныбына оқуын жалғастырады. Жетінші сыныпты аяқтаған кезде Ұлы Отан соғысы басталуына орай оқуын одан әрі жалғастыра алмайды. 

Алматыдағы М.Мәметова атындағы училищені үздік бітірген Башен Баймұратқызы ұстаздық жолын Алматы облысы Нарынқол ауданына қарасты Шалкөде елді мекеніндегі «Тұзкөл» мектебінен бастады. 1951 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетіне түседі. 

Оны 1955 жылы үздік тамамдаған соң, Алматы облысындағы Қаскелеңге қарасты Киров совхозы С.М.Киров атындағы 8 жылдық мектептің оқу ісі меңгерушісінің міндетін атқарды. Бұл мектепте 5-7 сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. 1957 жылы 27 қарашасында Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, кейіннен мектепке дейінгі және бастауыш білім бөлімді басқара жүріп, келешек жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты адамгершілік, еңбек, ақыл-ой тәрбиесі т.б. көптеген проблемалар бойынша зерттеулер жүргізеді. Орыстілді «Программа воспитания и обучения в детском саду» бағдарламаларын (1961, 1964, 1971, 1974, 1981 ж.) ұлттық негізде қазақ балабақшаларына бейімдеп шығаруда басшылық етті.

Бәшен Баймұратқызы 1970 жылы «Сәбилердің сөздік қоры мен сөз игеру ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық  диссертация қорғады. Ғалымның диссертациясы Қазақстанда мектеп жасына дейінгі тәрбие мәселесін зерттеуге арналған бірінші ғылыми еңбек болып саналады. 

Оның «Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту» (1976 ж.),  «Мектеп жасына дейінгі балаларды сөйлеуге үйрету» (1981ж.), «Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы»  (1991 ж.) атты ғылыми еңбегінде баланың  сөздік қоры, сөйлеу деңгейі жайлы мәселелерді ауыз әдебиеті мен балалар әдебиетін біртұтас сабақтастыра қарастыра отырып, мектепке дейінгі балалардың тілін дамыту әдістемесінің ғылыми негізін жасады. Сонымен қатар, Б.Баймұратова балабақша педагог-тәрбиешілеріне арналған «Балалардың  сөйлеу қабілетін дамыту методикасы» (1962 ж), «Мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеу қабілетін дамыту» (1966 ж), «Балаларды мектепке қалай даярлау керек?» (1971 ж), «Біздің кітап» (тәрбиешілерге арналған I бөлімі 1964 ж., II бөлімі 1974 ж.), «Ана тілді оқыту методикасы және мектепке дейінгі балалардың сөйлеу қабілетін дамыту»  (1981 ж),  «Мектеп жасына дейінгі балалардың тіл дамыту методикасы» (1991, «Шуақты күндер» (хрестоматиялық жинақ, 2006 ж.) еңбектерін жазды.

Қазақстан Республикасының қазақ балабақшаларына арналған тұңғыш  төл «Балбөбек» бағдарламасының (1996 ж.) негізін қалады. «Балбөбек» бағдарламасы әр топтағы балалардың жас ерекшеліктеріне қарай дайындап, (1 сәбилер, 2 сәбилер, естиярлар, ересектер және мектепке даярлық топтары) оны тірек балабақшаларда (Алматы қаласындағы №№204, 161 және Алматы облысы Шелек ауданы Нұра ауылында) апробациядан өткізді. Қазіргі таңда көптеген қазақ балабақшалары «Балбөбек» бағдарламасының негізімен жұмыс істеуде. 

Ғалымның жоғарыда аталған ғылыми еңбектері Жоғары оқу орындарында болашақ мектепке дейінгі ұйымдарға  мамандарын дайындау мақсатында міндетті пән ретінде өтіледі.  Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі Б.Баймұратова атындағы әдістемелік кабинет 2013 жылы ашылды. Мұнда 6В01201 - Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу білім бағдарламасының білім алушыларына (студенттер, магистранттар мен докторанттар) оқыту үдерісі бүгінгі таңға дейін жүзеге асырылып келеді. 

 «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, Б.Баймұратқызының бүгінде республиканың түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында бірнеше шәкірттері (А.Амирова, А.Бакрединова, Ф.Жұмабекова, С.Бәтібаева, Г.Таубаева, Ш.Сапарбайқызы) қызмет атқаруда. 

Ұлы ұстаздың артында қызы Самал Бердібекқызы Соқпақбаева, Әділ мен Данарадай немерелері бар. Самал тәте де әкесі Бердібек Соқпақбаев сияқты қазақ шығармашылығына жақын болып, көптеген қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған.

Ендеше, Башен Баймұратқызы – мектепке дейінгі педагогика саласында өшпес із қалдырған ұлы ұстаз, педагог. Ұлы Абай «Айтыңдаршы, өлді деуге бола ма, өлмейтұғын артында із қалдырған» дегендей, асыл ана, ардақты апа, ұлағатты ұстаз, ғалым-педагог Башен Баймұратқызын ешкім ұмытпайды, ұмытылмайды да.

Шәкірттері: А.АМИРОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, п. ғ. д., Г.ТАУБАЕВА, доценті, п.ғ.к.
23.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАП БАРДЫ
Жамбыл ауданы әкімдігі - 02.03.2024 60
Жастары үшін берері мол
Жомарт Зұлпыхар - 02.03.2024 48
ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ЖАРЫС ӨТТІ
Сарысу ауданы әкімдігі - 02.03.2024 20
САУРАНДА «ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖАУҺАРЫ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.03.2024 15
Түркістан облысына сапар
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі - 02.03.2024 36
КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ДАМУЫ - ЕЛДІҢ ДАМУЫ
Сарысу ауданы әкімдігі - 02.03.2024 61
Баянды бастамалар жылы – Берік Уәлимен сұхбат
Автор Гүлнұр Ғазизқызы, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі - 28.12.2023 1159
ШЫМКЕНТТЕ 3 ЖЫЛДА 472 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛДЫ
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі - 25.07.2023 3017

Топ жаңалықтар

1
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 6573
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 5885
3
Оразай би ҚОЖАГЕЛДІҰЛЫ. Әшімжанның әкесі.
Show more
Жанарбек Әшімжан ФБ парақшасынан - 2023-06-01 6134
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 5967
5
Өміріңді сақтандыр, өкінбейсің!
Show more
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 2023-05-31 5833