«Қадыр залы» – ғибратты ғұмырдың жалғасы

«Қадыр залы» – ғибратты ғұмырдың жалғасы

Қазақ поэзиясының биік тұғыры Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына орай Орал қалалық кітапханасында «Қадыр залы» ашылды. Бұл бастама – ақынға деген құрмет қана емес, оның рухани мұрасын жаңғыртуға, жастарға насихаттауға бағытталған маңызды қадам.

Залдың ішкі дизайны ақынның шығармашылық ортасын елестетеді. Орталық қабырғаны Қадыр Мырза Әлидің үлкен, мәнді портреті безендіріп тұр. Мемориалдық бұрышта ақынның еңбек жолын бейнелейтін ретро-заттар: ескі жазу машинкасы, көзілдірік, текшеленіп жиналған кітаптар орын алған. Заманауи дизайнмен жасалған кітап сөрелеріндегі кітаптар мен орталықтағы жайлы үстелдер мен дивандар оқырманның кітап оқуына, пікірлесуіне қолайлы жағдай жасайды. Ақынның мұрасы мен өмір жолын көрсететін, сондай-ақ залдағы кітап қорын насихаттайтын тұрақты кітап көрмесі жасақталды.

Зал ашылғаннан бері кітапхана бұл кеңістікті тиімді пайдаланып, тұрақты түрде мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуде. «Қадыр залы» нағыз рухани орталыққа айналғанын Орал қалалық кітапханасының ресми парақшаларынан көз жеткізуге болады. Мұнда «Қадыр әлемі» музыкалық-поэтикалық кеші, «Қадыр әлеміне саяхат» әдеби сағаты, «Мобилография – смартфонға түсіру өнері» шеберлік сағаты, қаламгердің «Ғибратнама» кітабын талқылауға арналған «Ғибратнама – өмір сабағы», М. Мақатаевтің шығармашылығына арналған «Лириканың майталманы – Мұқағали», «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» поэзия сағаттары, Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Мамандығым – өмірімнің айнасы», «Әр мамандық маңызды», «Мамандығым – мақтанышым» кездесу кештері, әйгілі композиторлар Ш. Қалдаяқов пен Н. Тілендиевтің мерейтойларына орай «Әуелеткен ән ғұмыр», «Музыка майталманы» әдеби-сазды кештері, кітапханашылардың «Көшбасшы меңгеруші – 2025», «Алтын кітап – 2025» кәсіби байқаулары, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Зұлмат жылдар жаңғырығы» дөңгелек үстелі, «Қазағымның қазынасы – домбыра» танымдық-сазды сағаты, «Оқырман отбасы – рухани бай отбасы» оқырман бенефисі, Х. Наурызбаевтің 100 жылдығына арналған «Тұңғыш мүсінші» портреттік кеші, жерлес жазушы М. Балмолданың «Бөрімен бетпе-бет» кітабының тұсаукесері сынды көптеген іс-шаралар легі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кітапсүйер қауымнан құралған «Жауһар» оқырмандар отауы және «Ruh Team» оқырмандар клубының мүшелері осы залда бас қосып, түрлі кітаптарды талқылайды.

Бұл нақты мысалдар «Қадыр залының» жай ғана мемориалдық орын емес, үздіксіз жұмыс істейтін жанды мәдени ошақ екенін айғақтайды. Ол – оқырман мен ақын арасындағы рухани байланысты нығайтатын алтын көпір.

Орал қалалық кітапханасының «Қадыр залы» – Қадыр Мырза Әлінің рухы самғаған, оның ұлы сөздері мен кемеңгер ойлары мәңгілік жасайтын рухани мекен. Бұл зал ақынның 90 жылдық мерейтойы аясында атқарылған ең маңызды істердің бірі болып қала бермек. Өйткені, қазақ руханиятының діңгегін нығайтатын, ұлттық сананы оятатын мұндай ошақтардың болуы – еліміздің жарқын болашағының кепілі.

Қадыр ақынның қаламынан туған жетпістен астам поэзиялық, прозалық, әдеби-сын кітаптары, екі жүзден астам ән мәтіндері, драмалық шығармалары – бәрі де ұлттық әдебиетімізде өзіндік орнын ойып тұрып алған құнды мұралар. Оның «Жерұйық», «Ой орманы», «Домбыра» сияқты жыр жинақтарындағы терең философиялық толғамдар, ұлттық рух, тарих пен тағдыр мәселелері – бүгінгі және келер ұрпақ үшін үлкен ғибрат.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деген қанатты сөзінің өзі ақынның ұлттық құндылықтарға деген терең сүйіспеншілігі мен жанашырлығын айғақтайды. Қадыр Мырза Әлі – қазақтың ақыл-ойы мен ар-намысын жырлаған, өмірді танып-білудің, адамдықтың үлгісін көрсеткен кемеңгер.

Гүлнұр АЛҒАЗЫ,

Орал қалалық кітапханасының

 бөлім меңгерушісі 

21.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20091
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19920
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35048
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33620
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37442