Қайта оянған ата-баба рухы

Қайта оянған ата-баба рухы

Тарих пен шежіре егіз. Оларды ажыратуға болмайды. Бірін-бірі толықтырып тұрады. Тіптен синоним сөздер деп айтсақ та артық айтқандық болмас. Қазақтың ежелгі шежіресі – ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа айтылып, жойылмай келе жатқан тарихи тірі керуен. Ата-бабаларымыз шежіреміздің сақталуына өте қатаң қараған. Себебі олар, бір жағынан, өткен тарихымыз, екінші жағынан, ата-бабаларымыздың тасқа басылған аты-жөндері, үшіншіден, біздің халқымыздың ежелден жеті атаға дейін бір-бірімізбен үйленуге тыйым салынған. Жеті атаға толғаннан кейін ғана барып арнайы ресми түрде рұқсат етілген.

Үш жүзді ата-бабаларымыз ойлап тапты ма, әлде сыртқы күштер ойлап тапқан ба, осыған тарихшыларымыз соңғы кездері күмәнмен қарап жүр. Дегенмен мұны кім ойлап тапса да шежіреге кіріп, қалыптасып кеткен. Үш бабамыз соның көш басында тұр: Ақарыс (ұлы жүз), Бекарыс (орта жүз), Жанарыс (орта жүз). Кіші жүзіміз 32 рудан тұрады. 12 ата Байұлы, 6 ата Әлімұлы, Жетіру. 4 ата Шөмекей, 3 ата Кете. Біз Шөменнен тараймыз. Шөменнен екі перзент болған – Шөмекей, Дөйт. Дөйттен ұрпақ болмай, оны ұран етіп қабылдаған. Шөмекейден Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғыл тарайды. Бозғылдан Торыбай, Сарыбай, Келдібай, Қайқы, Қаратамыр дүние есігін ашқан. Соның ішінде Сарыбайдан Құдайқұл, Дәуен келеді өмірге. Біз әрі қарай Дәуеннен таратамыз: Бөрі, Бөрте. Оларды ел Бесбөрі атап кеткен: Алдияр, Байболат, Қалам, Қоныс, Әуез. Байболаттан: Жұмыр, Ораз, Асан, Төлен. Асаннан: Бәйіт, Жарылқап, Қазанбай, Киікбай, Жаманқара. Соның ішінде үш шалдан тарағандарды шет жағалап айтып кетелік. Қазанбайдан Жүсіп, ол атамыздан Мәтмұрат, Жақсымұрат, Ешмұрат, Құттымұрат тарайды. Бұл кісілердің ұрпақтары кімнен кім тарағанын жақсы білетіндіктен, оған тоқталмаймыз, Киікбайдан Андақұл, Далдабай. Ол атамыздан Құрманбектен ұрпақ өрбіген. Наурызбайдан ұрпақ жоқ. Жаманқарадан Жаманбай, Рахманқұл, Мейірманқұл өмірге келеді. Жаманбайдан Төребай, Рахманқұлдан Мүсілім, Жорабек, ал Мейірманқұлдан ұрпақ жалғастығы болмаған.

Шүкір Аллаға, қазір осы ата-бабаларымыздан қалған, тараған ұрпақ, кейінгі толқын өмірді, тарихи ғұмырды жалғастырып жатыр. Осы ұрпақтағы, әулеттегі ең үлкеніміз, ақсақалымыз Әбдіқаппар Жақсымұратұлы ағамыз. Жоғарыдағы шежіре-әңгімені айтқан, тарқатқан осы ағамыз. Рақмет, Алла разы болсын, баһадүр, білімпаз ағамызға. Ағамыз сәл-пәл ауырып жүр. Аллам шипасын берсін!

Иә, бұл әдемі бейбіт күндерге біз оңай жеткен жоқпыз. Арғы тарихты айтпағанда, Кеңес империясы кезінде қазақтың, оның ішінде біздің аталарымыз, аналарымыз небір өмірдің тауқыметтерін, азаптарын көрді. Жаймашуақ Сыр өңірінде, Қызылқұм, Қарақұмда өмір сүріп жатқан қазақ халқына, біздің ата-бабаларымызға қызыл жендеттер бүйірден бүйідей тиді, тып-тыныш өмір сүріп жатқан қалың елдің шат-шәлекейін шығарды. Байларды тәркіледі. Алаш арыстарын қуғын-сүргінге ұшыратты. 1921, 1932-33 жылдардағы ашаршылықтан қазақ халқының тең жартысынан астамы қырылды. Ол қырғыннан аман қалғандарды түрмеге қамап, итжеккенге айдады. 2 миллионға жуық қазақ шетелдерге асуға мәжбүр болды. Мұның зардабы, әлбетте, біздің ата-бабаларымызға да қатты тиді. Жоғарыда аталған аталарымыз «Елім-айлап» Өзбекстанға, кейбіреулері Ауғанстанға ауды. Ол жерлерде небір азапты көрді. Біздің атамыз Ешмұрат Ташкеннің түрмесінде қаза тауыпты деген дерек қана бар. Айғали көкеміз өмірбақи әкесін жоқтап өтті. Атамыздың сүйегі табылмады. Нағашы атамыз Сүйіндікті екі баласымен бірге халық жауы деп қызыл жендеттер атып жіберді. Нағашы атамызға осыдан бірнеше жыл бұрын белгі қойып, ас бердік...

Өздеріңіз білесіздер, 1959 жылы бір топ ағайын туған Өзбекстаннан Шымкент өңіріне келіп қоныстандық. 1965 жылы атамекенімізге оралдық. Елге келіп қайта тамыр жайдық, көбейдік. Өркендедік. Жоғымызды түгендеп, бабаларымызды іздей бастадық. Мінеки, алдымен Айғали көкем мен Қантай ағаларымыз Жүсіп атамыз жатқан жерді, қорымды тауып, белгі қойды. Қараусыз қалған бабамыздың  қабірі қоршаусыз жатқан. Мінеки, өткен жылдан бері Қаппар ағамыз мұрындық болған, Нартай ініміз қостаған бауырларымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бабамыздың басына белгі қойып, қоршау жасауға әрекет ете бастады. Мінеки, осы игі іс бастама өз нәтижесін берді. Белгітас қойылып, қоршау жасалды деген сүйінші хабар бәрімізді қуантты. Енді Құдай қаласа үлкен ас беруге бауырларымыз қам жасап жатыр. Қабыл болсын! Осы игі іске құлшына кірісіп жатқан іні-қарындастарымызға зор рақмет! «Әруақ риза болмай, тірі байымайды» дегендей, бұл игі іс біле білгенге зор сауап. Жүсіп атамыз, басқа да ата-бабаларымызға деген ұрпағымыздың ниеті, ықыласы, істеп жатқан істері атаусыз қалмайды деп сенемін. Отбасыларымыздың шаңырақтары биіктеп, керегелері кеңейе берсін, халқымыз аман болсын!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ 

 

14.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16518
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16370
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31545
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30164
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33757