Орал қаласының білім беру бөлімі жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясын ерекше жағдайда өткізді. Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орайлас өткен акция аясында ата-аналарға кеңес берілді. Сондай-ақ бой сергітіп, көңіл көтерер шаралар өткізілді.
«Атамекенге бір күн» іс-шарасы балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығына саяхаттан бастау алды. Орталық директоры Айболат Құрымбаев жыл бойы жұмыс жасап, оның ішінде жазғы кезеңде оқушылардың табиғат аясында тынығып, сауықтырылатын лагеріне айналатын мекемені толықтай таныстырып өтті.
Орталық сахна алдында өткен ресми шарада «Айлин» жеке балабақшасы мен Гүлнар Айтжанова, Злиха Нигмалова, Аслан Ақшалов есімді жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 15 балаға киім-кешек түрінде базарлық ұсынылды. Сондай-ақ балалар «Маска-шоу» көрсетілімін жасап, дене шынықтыру нұсқаушысының көмегімен жасанды жартасқа (скалодром) өрмеледі.
Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы және білім беру бөлімінің заңгері шараға қатысқан аналарға атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы, құжаттар жинақтау, білім ұйымы тарапынан көрсетілетін әлеуметтік кепілдіктер туралы түсіндірді. Мамандар аналардың тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді. Бұдан бөлек олар таза ауада йога жаттығуымен бой сергітті.
«Атамекеннің» бұл күнгі меймандарына арналған іс-шара Шаған өзенінде қайықпен серуендеумен жалғасты. Сондай-ақ аналар мен балалар караокемен ән айтып, оларға тәттілер үлестірілді.