«Алты жасар Алпамыстың» асыққан, Қожаның қимаған алтын ұясы – ауыл мектебі. Бүтін қазақтың баласын мектепке қызықтырған құштарлық бүгінгінің баласының бойында жоқ десек, өтірік емес. Кез келген адам ауылдың «5»-і қаланың «3»-і деп қарайды. Бағаны осылай бағамдайтын түсініктің өзі біраз жайды түсіндіріп береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқанын атап өтті. Оған себеп – ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығы екенін де жасырмады. Расында да, білікті педагог жетіспейтін қоғамда мұғалім мәртебесі туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Әбден қордаланған дүниенің түп-төркіні қайда жатыр? Жыл сайын жалақысын көтеріп, әрідегі мәселені әлеуметтік жағдайдың оңалуымен шешеміз деген шешімнің маңызы бар ма?
Бүгінгі таңда облысымыздағы 446 мектептің 354-і, яғни 79,4 пайызы ауыл мектептері. Қала мен ауыл оқушылары сан жағынан да, сапа жағынан да сан сауалдың астында қалып отыр. Өйткені, ауылдық шағын жинақты мектептердің ішінде бейімделген ғимараттарда орналасқандары, әлі де тасып әкелінетін су пайдаланатындары бар. Ауласында дәретханасы жоқ, әлі күнге дейін пешпен жылытылатын мектептер де жоқ емес. Осыдан кейін ондағы педагогтардың білім сапасын ауызға алмай-ақ, ол білім ошақтарындағы берілетін білімнің деңгейін бағамдауға болатын шығар.
Үлгерімдегі айырмашылықты ұлттық тестілеу нәтижелері де көрсетіп отыр. 9-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін сырттай бағалау қорытындылары бойынша ауылдағы мектеп оқушылары қаладағы қатарластарынан 8 балға артта қалса, қаладағы мектеп оқушылары ҰБТ бойынша да алда келеді. Ал жыл сайын ауылдарға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша баратын жас мамандарды қолдауда тұрақты кері байланыс жоқ. Көптеген жас маман екі жылдай жұмыс істеп, қалаға қайтып кетеді. Олар оқу жүктемесінің және тұрғын үйдің болмауы себепті осындай қадамға барып жатады.
«Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы: «Бүгінгі қоғамның ұстаздары сырттай білім алғандар, әйтпесе дипломды сатып алғандар мен танысы барлар ұстаз атанып, ұлт болашағын ұсақтатып барады. Бүгінгі күні ең үздік ұстаз – ештеңе сөйлемесе де, бәрін жазып қоятын ұстаз. Ең үздік сабақ беруші – сабақты қағазда даярлаушы. Ал бүгінгі мектеп – керексіз қағаздардың мұражайы. Ең өкініштісі, мұғалімнің мәртебесі осындай өтірікке құрылған мақтау қағаздарымен өлшеніп отырған жайы бар. Білім мен біліктіліктің деңгейін бір жапырақ қағазбен өлшейтін жүйе тоқтамайынша, біздегі білімнің жайы еш өзгермейтіні ақиқат. Сосын ауыл мектептеріндегі басты проблема – оқу кабинеттерінің қазіргі заманға сай қамтамасыз етілмей отырғаны. Кеңес Одағы тұсында ауыл балаларына арналған қосымша білім беру жүйесі жақсы дамыды. Сабақтан тыс жұмыстар мен қосымша білім беру пәндік үйірмелер арқылы жүзеге асатын еді. Қазір оны заманға сай қамтамасыз етпегендіктен балаларды қызықтыру қиын», – десе, «Тұран» университетінің мұғалімі Мейрамгүл Жетпісбаева бұл мамандыққа басқа мамандыққа балы жетпеген, көбіне өзіне мемлекеттік грант керек болған жастар келетіндігіне налиды. «Екінші жағынан, мектепті орта бағаға, тіпті, төмен бағаға әрең аяқтап шыққан түлектер келетін болды. Енді өзіңіз ойланып қараңызшы, өзі жақсы оқымаған адам біреуді жарытып оқыта ма?
Өзім ұстаз болғандықтан да, бүгінгі біздерге тағылған айыптарға жаным ауырады. Өйткені, осының бәріне қарамастан, қат-қабат қиыншылықты жеңіп, үздік шәкірттер тәрбиелеп жүрген ұст аз да көп. Олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Айтар ұсынысым – білім берудің заманауи талаптарын орындау үшін қашықтықтан оқыту технологиясын жетілдіру қажет. Ауыл мектептерінің бірді-екілі мұғалімін білім жетілдіреді деген желеумен қалаға жіберуді тоқтатып, ондай семинар-тренингтерді онлайн режимде жиі өткізу керек деп ойлаймын. «Болашақ» бағдарламасы бойынша ауыл мұғалімдеріне арнайы орын бөлгізіп, шетелге жіберіп алса да болады», – дейді ол.
Қалай десек те, білім стандарттары біркелкі болғанмен, қала баласының мүмкіндігі ауыл оқушысында бар деп айта алмаймыз. Ол үшін бізге Австралияның ранчосында тұрып-ақ білім алатын қашықтықтан оқыту әдісін қолдану керек шығар…