Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының дерегі бойынша Қазақстан азаматтары өз өмірлерін қиюы бойынша әлемде үшінші орында тұр екен. Суицид деп аталатын атың өшкір осы дерт елімізді қатты алаңдатуда. Әсіресе халқымыздың келешегі жас буынға қол салып, отап бара жатқаны өкінішті. Әдетте суицид жасы ұлғайған, ұрпақтары қарамай тастап кеткен, қайыр болмай немесе ауыр науқастан әбден шаршаған үлкен кісілер арасында көбірек кездесуші еді. Өкінішке орай, соңғы кездері бұл қара өлім жасарып бара жатыр. Әсіресе өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау көбеюде.
Әрине, әр адамның ішкі жан дүниесінде кейде ауыр күйзелістер болмай тұрмайды. Дегенмен осындай қауіпті кезеңдерде олардың жан дүниесін түсініп, содан шығатын жол табуға көмектесетін жанашыры болғаны жөн. Өйткені көпшілік ата-аналар күйбең тірлікпен жүріп, баласының басында қандай жағдайлардың болып жатқанын, оның көңіл күйінің қандай екендігін біле бермейді. Тіпті оған арнайы уақыт бөле алмайды, баласының не істеп жатқанына бас ауыртпайтындары да бар. Міне, сөйтіп балалар ішкі күйзелісін ешкіммен бөлісе алмай, сондай-ақ тығырықтан шығар жол таба алмай, өз жанымен өзі ғана арпалысады. Аяғы осылай өкінішті де қайғылы жағдаймен аяқталады. Әрбір баланың мінез-құлқы бірте-бірте қалыптасады. Кейде түрлі оқиғаға бала жүрегімен беріледі, өзінше қайғырады, сөйтіп содан мінез-құлқы, психикасы өзгереді.
Суицидтік әрекеттерге
апаратын жағдайлар
1. Әке-шешенің ажырасуы; бұл балаға кері әсерін тигізеді, бала осы уақытта бәрін жүрегіне жақын қабылдайды.
2. Жақын адамын жоғалту; өзіне жақын адамды жоғалтқандықтан, баланың мінезі өзгеріп, уайым-қайғыға салынады.
3. Отбасындағы кері көзқарас; ұрсу, соғу, намысына тиетін сөздер айту, жәбірлеу, баланың өзін басқа баладан төмен сезінуі.
Тәуекелге баратын жасөспірімдер:
а) қиын жасөспірімдер
ә) ата-анасының қарауынсыз қалған балалар;
б) мүгедек балалар
в) физикалық және психикалық даму кемістігі бар балалар;
Өзін-өзі бағалауы төмен балалар:
а) тез ренжігіш;
б) депрессияға жеңіл түсетін балалар;
Өзіміз көріп отырғандай, суицидтік әрекеттер тамыры тереңге кеткен әртүрлі әлеуметтік жағдайлардан болатыны белгілі. Сондықтан осындай балаларға жекелей жұмыс, яғни педагогикалық әдістеме керек.
Суицидтің алдын алу мақсатында
жүргізілетін негізгі жұмыстар:
1. Әлеуметтік педагог пен бала арасында сенім орнату;
2. Отбасымен баланың тығыз байланыста болуы;
3. Баланың балалық шағын қорғау үрдістерін қалыптастыру;
4. Әлеуметтік қорғау туралы мағлұматтармен танысу;
5. Балаға жеке кеңес беру; (құпия түрде көмек көрсету)
6. Психодиагностикалық жұмыстар жүргізу (суицидтік әрекеттерді, көңіл күйді, ойды анықтау мақсатында);
7. Сенім телефоны немесе сенім жәшігін іске қосу.
Байқап отырғанымыздай, суицидтік жағдайлар тамыры тереңге кеткен әртүрлі әлеуметтік жағдайлардан туындайды екен. Осыған байланысты бұндай балалармен педагогикалық әдістеме арқылы жекеше жұмыс істеу қажет. Әлеуметтік педагог жұмысындағы ең тиімді әдістер, яғни әңгімелесу, бақылау, сауалнамалар жүргізу, тест, сұхбаттасу және түрлі тақырыпта семинар, тренингтер арқылы суицидтік әрекет пен ойларды зерттеу болып табылады.