төрелік айтқан Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Ләззат Ілиясованың әділ шешімі қолымызға қалам алғызып отыр.
Өткеннің бәрі жаман емес. Ежелгі тарихтан, ата-бабамыздың тәрбиелік мәні жоғары істерінен тағылым алу турасында айтылатын мақал-мәтелдер көп. Соның бірі – «Өткеннен өнеге ал!» Әрине, бұл жердегі мақсат жастарға жақсы істі үлгі ету екені айтпаса да түсінікті.
Кешегі кеңестік кезеңде мерзімдік басылымдар беттерінде «Менің милициям мені қорғайды» айдарымен қоғамдық тәртіп сақшыларының қырағы қызметі туралы әртүрлі жанрдағы материалдар көптеп жарияланып жататын. Өзіміз де ішкі істер органдарының қоғамдық тәртіп күзетінде тұрған, антына адал қызметкерлері туралы талай қалам тартып, олардың қырағы қызметтерін өзгелерге үлгі еткенбіз, кеңінен насихаттағанбыз. Жоғарыдағы айдар сондай мәтіндегі мақалалардың шекесінде шекірейіп тұратын.
Қоғам өзгерді, заман өзгерді. Милицияның атауын «полиция» деп өзгерттік. Бірақ, полицияның да міндеті – қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету, қылмыскерді құрықтау, қылмыстың жолын кесу. Бұл ретте қоғамдық тәртіп сақшыларының атқарып жатқан істері аз емес. Қызметтік борышын өтеу барысында талай қиындықтарға тап болғандар, қылмыскерді құрықтауда ауыр дене жарақатын алып мүгедек болып қалғандар қаншама! Тіпті, мерт болғандар да бар. Соның ішінде біз мақтан етіп айтар бір мысал – жерлесіміз, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі.
Бес саусақ бірдей емес. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Осындай уақытпен санаспай күн-түн қатып қызмет атқарып, қоғамда тәртіптің сақталуына, қылмыстың құрықталуына үлес қосып жүрген антына адал сақшылардың атына кір келтіріп жүргендер де бар. Мақала сондай «бір қарын майды шіріткен бір құмалақтар» жайында.
Әлқисса, әңгіме 2024 жылдың 22 мамырында Тараз қаласы Сыздықов көшесі 16 үйдің қақпасының алдына бөтен кісінің көлігін рұқсатсыз қойғанынан, одан көлігін алуды талап еткен үй иесі Амангелді Зәуірбековке әлгі көлік иесінің дөрекілік көрсеткенінен туындаған. Заңды талабы үшін баласындай адамнан зәбірленген ақсақал сол аумақтағы полицияның учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Рауан Аманбайұлы Мірәбілдаевқа болған оқиғаға байланысты бейтаныс көлік иесіне шара қолдануды сұранып шағымдана барады. Қасында баласы Орын Зәуірбеков бар. Учаскелік инспектор тәртіп бұзушыдан жауап алудың орнына ақсақалдың арызын жүре тыңдап, тіпті, олармен қатқыл және агрессиялы түрде сөйлесіп (бұл жолдар 2024 жылдың 3 қазанында осы істі қараған соттың №3116-23-00-3ж/137 қаулысынан сөзбе-сөз көшіріліп алынып отыр. Б.Ж.), О.Зәуірбековтен тіркелген жерін сұрағанда ол Пірманов көшесі, 103 үйде 20 жылдан астам тұрғанын, бұл үй оның анасы Г.Мұсабекованың атында екенін, қазір өзі 15 мөлтек ауданда тіркеуде тұратынын айтқан.
Содан не керек, Рауан Мірәбілдаев үстінен шағым айтылып келген адамның ісімен айналысудың орнына Орын Зәуірбековтің тұрғылықты тіркелген мекен-жайын анықтауға көшкен. Сөйткен де О.Зәуірбековтің жауабындағы «№15 мөлтек ауданда тіркеудемін» деген сөзі мен өзі жасырын түсірген бейнежазбаны негізге алып, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 492-бабының 2-бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Тараз қаласы, Пірманов көшесі, №103 мекен-жайында тіркеусіз тұрып жатқаны анықталуына байланысты 2024 жылдың 21 мамырында О.Зәуірбековтің үстінен №243112030006731 хаттама толтырған да жіберген. Оны растап Тараз қаласы ПБ 2-ПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі С.Әмірбеков 2024 жылдың 10 маусымында Р.Мірәбілдаевтың хаттамасы негізінде №243112030006731 санды қаулы шығарған.
Сәл шегініс, «дүмше молда дін бұзар» деген наразылық сипатындағы мәтел де бар қазақта. Олай дейтініміз, бұл жерде О.Зәуірбековтің іс-әрекетіне байланысты хаттама толтырған полицияның учаскелік инспекторы Р.Мірәбілдаев та, оның хаттамасы негізінде қаулы шығарған 2-ПБ бастығының орынбасары С.Әмірбеков те құқықтық сауатсыздықтарын көрсетіп отыр.
Мұны дәлелді түрде сот қаулысы негізінде сөйлеткеніміз дұрыс болар. Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Л.Ілиясова 2024 жылғы 3 қазандағы №3116-23-00-3ж/137 қаулысының анықтама бөлімінде:
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 26 қаңтар 2017 жылғы №8-8-5-58/3Т-С-443 санды хатымен миграциялық полиция Департаменті ӘҚБтК-тің 492-бабының 1 және 2-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартудың кейбір ерекшеліктеріне байланысты түсіндірме берген. Оған сай, адам уақытша болатын (тұратын) жері бойынша бір айдан астам мерзім болатын болса, онда ол он күннің ішінде тіркелуі тиіс. Сәйкесінше, егер іссапарға, қонаққа бір айға дейін баратын болса, адамдар уақытша тіркеуге жатпайтындығы да түсіндірілген.
Алайда, аталған түсіндірме хат талаптары қаулы мен хаттама толтырған, осы іс бойынша анықталған тұлғалармен назарға мүлдем алынбаған.
Негізі О.А.Зәуірбеков өзінің ата-анасының мекен-жайларына емін-еркін қонаққа барып тұруға құқылы болған, ол тіркелуге міндетті болмаған. Себебі, О.А.Зәуірбеков аталған мекен-жайда, яғни уақытша болатын (тұратын) жері бойынша бір айға дейін мерзімде ғана ата-анасының үйіне қонаққа барып тұрған. Ол үшін адамдар уақытша тіркеуге жатпайтындығы жоғарыда аталған Министр хатымен түсіндірілген», – деп тайға таңба басқандай жазылған.
Сонымен, азамат Орын Зәуірбековтің өзінің әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы толтырылған хаттама мен шығарылған қаулының күшін жою туралы сотқа берген шағымы қанағаттандырылды. Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Ләззат Ілиясова іске нүкте қойды. 2024 жылдың 21 мамырында полицияның учаскелік инспекторы Рауан Мірәбілдаевтың құқықтық сауатсыздығынан басталған сарсаң 2024 жылдың 3 қазанында бір-ақ аяқталған. Бақандай 4 ай 14 күн! Бір қалада тұратын әке-шешесінің үйіне оны-мұны тірліктеріне көмектесуге барып тұратын азамат Орын Зәуірбеков полицияның учаскелік инспекторы Рауан Мірәбілдаевтың осындай олқы тірлігі үшін осынша уақыт әуре-сарсаңға түсіп, моральдық зардап шеккен. Оның өтеуі кімнен болмақ?
Судья Л.Ілиясова осы іске қатысы бар лауазымды тұлғалар – Тараз қаласы ПБ 2-ПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі С.Әмірбеков пен полицияның учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Рауан Мірәбілдаевқа қатысты жекеше қаулы шығарған. Онда былай делінген:
«О.А.Зәуірбековке қатысты әкімшілік іс бойынша өз құзіреттері негізінде шешім қабылдау барысында Тараз қаласы ПБ 2-ПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі С.Әмірбеков пен учаскелік инспектор Р.А.Мірәбілдаевтың жоғарыда аталып өткен өрескел заң бұзушылыққа жол бергені үшін оларға тиісті қатаң шара қолдану мақсатында Жамбыл облысының ПД бастығының назары аударылсын».
Соңында жекеше қаулы шығарған сотқа хабарлауға міндетті екені ескертілген.
Май сасыса, түз себер. Тұз сасыса, не себер? Қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге, азаматтарды қорғауға тиіс полиция қызметкерлері ешқандай ақтауға келмейтін өрескел әрекеттері үшін тиісті жазаларын алған шығар? Оған жауапты облыстық полиция департаментінің шенді шенеуніктерінен күтейік.