Жайықтың жағасына күздің алтын шуағы төгілген қазанның шуақты күнінде Атырау өнер мен әдебиеттің ордасына айналды. Қаламынан қуат, сөзінен салмақ, шығармашылығынан ұлттың рухани болмысын танытқан көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған III халықаралық театр фестивалінің шымылдығы түрілді. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының алаңына жиналған жұртшылықты ортақтастырғаны – сөз өнеріне деген құрмет, сахнаға деген сүйіспеншілік, ұлт руханиятына деген тағзым еді.
...Он екінші қазан. Атырау. Театр алаңы. Сахна өнерінің саңлақтары, қаламгерлер, режиссерлер мен актерлер, мәдениет қайраткерлері, алыс-жақыннан келген қонақтар. Әрқайсысының жүрегінде өнерге деген іңкәрлік, көңілінде Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық әлеміне деген ықылас бар. Бір кезде осы топырақта туған қаламгердің сөзі енді бірнеше елдің сахнасында жаңғырып, әртүрлі театр мектебінің өкілдерін бір арнаға тоғыстырып отыр. Өмірден ерте озған суреткердің мұрасы осылайша уақытпен бірге жасай беретінін, шынайы өнердің шекараға бағынбайтынын аңғартқан сәт бұл.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен 12-16 қазан аралығында өтіп жатқан халықаралық фестивальдің мақсаты – Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық театр өнерінің дамуына серпін беру және халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған өнер додасына Қарақалпақстаннан, Қырғызстаннан және еліміздің әр өңірінен барлығы 11 театр ұжымы қатысуда. Қаламгер шығармалары негізінде сахналанған қойылымдар Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры мен Атырау Жастар театрының сахналарында ұсынылады. Бағдарламада шығармашылық кездесулер мен шеберлік сабақтары да қамтылған.
Фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан Атырау облысы әкімі Болат Ақшолақов халықаралық өнер мерекесінің мен тұтас елдің мәдени өміріндегі орнын атап өтіп, Рахымжан Отарбаев мұрасының ұлт руханиятындағы маңызына, фестивальдің ауқымы мен маңызына айрықша мән берілгеніне тоқталды. Фестивальдің халықаралық сипатын айқындай түскен сәттердің бірі – Қырғызстан Республикасының жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың құттықтау сөзі болды. Қырғыз қаламгері қазақ тілінде сөйлеп, Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы түркі жұртына ортақ рухани құндылық екенін жеткізді. Сұлтан Әкімұлының пайымынша, бұл басқосу бір қаламгердің мерейтойын атап өтумен шектелмейді. Фестивальге жиналған өнер иелерін табыстырған – Рахымжанның әдеби мұрасы. Ал сол мұраның айналасына топтасқан қауымның ортақ міндеті – суреткер есімін ұлықтап, шығармаларын жаңа буынға жеткізу.

– Бүгін қазақ еліне ғана емес, бүкіл түркі дүниесіне танылған замандасымыз, досымыз Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдығына арналған театр фестивалі өтіп жатыр. Осы фестивальге қатысып отырған баршаңызға түркі дүниесінің өнер адамдары мен шығармашылық қауымының атынан сәлем алып келдім.
Бүгін бізді мұнда Рахымжанның шығармашылығы, оның рухы біріктіріп отыр. Рахымжанның шығармашылығын ұлы қазақ әдебиетінің өзгеше символдарының бірі деп айтуға болады. Әлбетте, досымыз ерте кетті. Бірақ артында ешқашан өшпейтін ұлы мұра қалдырды. Бүгін сол мұра бәріміздің басымызды қосып отыр. Біз Рахымжанның шығармашылығын бұдан әрі де кеңінен насихаттауға, оның өрісін кеңейтуге күш салуымыз керек.
Рахымжанның шығармашылығы, ой дүниесі, көзқарасы арамызда жасай береді. Өйткені ол қазақ әдебиетінің ғана емес, түркі әдебиетінің де биігіне көтерілген қаламгер. Алыстан және жақыннан келген театр әріптестеріме, театр ұжымдарына айтарым: бүгін – Рахымжанның мерекесі, оның шығармашылығының мерекесі. Біз бүгін Рахымжанды сахнада сөйлетеміз, оның шығармаларын ойнаймыз, жаңа қырларына үңілеміз. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын табады. Рахымжанның есімі ешқашан жүрегімізден өшпейді! – деген Сұлтан Раевтың сөзінде сағыныш та, достыққа адалдық та, әдеби мұра алдындағы жауапкершілік те қатар өрілді.
Қырғыз қаламгері салтанатты сәтте Рахымжан Отарбаевтың жары Сәуле Отарбаеваға халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының алтын медалін табыстады. Бұл құрмет қаламгердің шығармашылық мұрасын сақтауға, оның атын ұлықтауға және түркі дүниесінің мәдени байланыстарын нығайтуға қосқан үлесіне арналды. Сахна төріндегі осы рәсім жазушының артында қалған мұраны жалғастыру жолындағы еңбектің де бағаланатынын көрсетті.
Фестивальдің ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова министр Арман Қырықбаевтың атынан жолданған құттықтауды оқып берді. Министрдің лебізінде жазушы мұрасын сахна арқылы жаңғыртудың, әр елдің театр ұжымдарын ортақ шығармашылық кеңістікке тоғыстырудың маңызы атап өтілген.
Әрі қарай сөз алған Рахымжан Отарбаев атындағы «Руханият» қорының төрайымы, жазушының жары Сәуле Отарбаева фестивальге қатысу үшін әртүрлі өңірден келген театр ұжымдарына алғысын білдірді. Қаламгердің шығармашылығын туған жермен, елдікпен және рухани бірлікпен сабақтастыра сөйлеген ол бұл мерекенің өзі үшін де, Отарбаев мұрасын қадірлейтін жұрт үшін де орны бөлек екенін жеткізді.
– «Мен әлім келгенше, ақыл-парасатым жеткенше ақ қағазға сәулелі ойларымды төктім» деген еді Рахымжан Қасымғалиұлы. Оның сол сәулелі ойларынан туған дүниелерді әртүрлі өлкеден сахналап алып келіп жатқан әр ұжымға, әр труппаға шексіз ризашылығымды, алғысымды айтқым келеді. Рахымжан Отарбаев туған жері мен туған тарихын терең сүйген қаламгер еді. Ол тағы бірде «Айналайын Атырау – алтын бесігім ғой, алтын бесігім. Осы елдігімнен де, ерлігімнен де айырылмасам екен» деген еді. Сол елдіктің, сол бірліктің, сол рухани байлықтың көрінісі – бүгін басталған фестиваль. Іске сәт, аса құрметті фестиваль! – деді Сәуле Отарбаева.
Қаламгердің жары атап өткен алтын бесік ұғымы да осы тұста терең мәнге ие. Туған жер – суреткердің дүниетанымы қалыптасқан орта, шығармашылық қуатына нәр берген мекен. Рахымжан Отарбаевтың атындағы фестивальдің Атырауда өтуі оның есімін ұлықтаумен бірге, өңірдің әдеби-мәдени тарихын да жаңғыртады.
Рахымжан Отарбаев атындағы халықаралық театр фестивалі – қаламгер шығармаларын сахналау арқылы оның көркемдік әлемін қайта тануға мүмкіндік беретін шығармашылық алаң. Мұнда әр театрдың өзіндік мектебі, режиссерлік ізденісі, актерлік қолтаңбасы тоғысады. Бір шығарманың әртүрлі сахналық шешімде көрініс табуы автор көтерген мәселелердің ауқымын тереңірек түсінуге жол ашады. Шығармашылық кездесулер мен шеберлік сабақтары да театр мамандарының тәжірибе алмасуына жағдай жасайды. Сөйтіп, Атыраудағы бес күндік өнер мерекесі әдебиет пен театр арасындағы байланысты бекемдеп, қаламгер мұрасының жаңа көркемдік кеңістікте өмір сүруіне жол ашады.














