Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясында ғалым-геолог Ақжан Машанов пен қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров мәңгі есте сақталады. Олардың есімдерімен тарих және Тоқтартану кабинеттері аталды.
ХХ ғасырдың ең көрнекті ғалым-кеншілерінің бірі және шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттеушінің атымен кабинет ашу бастамасы гимназия директоры Қымбат Оспановаға тиесілі. Оның басшылығымен педагогикалық ұжым геологтың өмірі мен еңбек жолы туралы ақпарат жинау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді, оның жеке заттарынан, фотосуреттері мен портреттерінен тұтас экспозиция жинады.
– Мен ұжымға осы идеяны ұсындым, олар мені қолдады. Біз тарихшылардан, жазушылардан тұратын шығармашылық топ құрдық, олар екі жылға жуық жұмыс істеді. Әл-Машанимен таныс болған ғалымдармен кездесіп, оның еңбектерін зерттеді. Олар бізге оның көптеген фотожұмыстарын, жеке заттарын, кітаптарын сыйлады, – дейді мектеп-гимназия директоры Қымбат Оспанова. – Болашақта кабинетте біздің оқушыларымыздың жан-жақты дамуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар, ғылыми жобалар конкурстары мен олимпиадалар өтеді.
Сондай-ақ өткен жылдың соңында гимназияда Тоқтар Әубәкіров атындағы кабинет ашылды. Гимназия мұғалімдері оқушылардың ғарыш әлемінің құпиясымен танысқан кезде толық білім алатынына сенімді.
– Мектеп ұжымы ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кабинеттің ашылуына онлайн-режимде Тоқтар ағаның өзі қатысты. Кабинет ашуға көмектескен ата-аналар қауымына да алғыс айтқым келеді, – деп қосты мектеп директоры Қымбат Оспанова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағандының құрметті азаматы, ғалым Темірғали Көкетаевтың есімі әл-Фараби мектеп-гимназиясының математика кабинетіне берілген болатын. Сыныптың ашылуына академиктің өзі де қатысты.