Көкейде жүрген әрдайым,
Тарихты көне қозғайын.
Қарақұл батыр жайында,
Айтайын біраз сөз жайын.
Қарақұл ерен зор еді,
Жою үшін қалмақты,
Атойлап атқа мінеді.
Татан еді әкесі,
Жетіп туған жетесі.
Ол да батыр атанған,
Майлыбастың тетесі.
Қарақұлдың ағасы,
Өмірқұл еді жағасы.
Азаттықтың жолында,
Құрбан болған сау басы.
Қарақұл жетім өседі,
Қиындық бастан кешеді.
Әпкесі Қарашаш оған,
Өскенше жәрдемдеседі.
Он төртке жасы толғанда,
Оң солын білер болғанда,
Әке еншісін сұрайды.
Маңайын көріп шолғанда.
Ес біліп, ер жетеді,
Небір ойға кетеді.
Соғыс өнерін меңгеріп,
Машықтануға өтеді.
Аң аулап садақ тартады,
Алыс-жақынға жортады.
Қанжығасы майланып,
Олжалы болып қайтады.
Қариялармен әңгіме,
Құрады есептеп мәндіге.
Көкейкестіге зер салып,
Біледі мәнсіз, мәнді не.
Ажыратып дос, дұшпанды,
Іштей де болса сұстанды.
«Кім жақын, кім алыс?» деп,
Зерделеумен күш салды.
Сейітқазы бидің көршісі,
Қарақұл жасы ең кіші.
Тәлім-тәрбие көп алды,
Биі ақылды, кең кісі.
Қарақұлға айтты ақылын,
Рухани демеп ақырын.
Малмен де жәрдем көрсетті,
Жүрмесін деп мақұрым.
Жер мен жесір дауларын,
Жайылым, жайлау тауларын,
Шешті әділ талаппен,
Көбейтпестен жауларын.
Ел қазынасын жастарға,
Үйретті жаттап «бастарға»
Түсіндірді білгенін,
Ортаға ой тастарда!
Қарақұл көп үйренді,
Жамандардан жиренді.
Ата-ана қадір-қасиетін,
Білетұғын күйге енді.
Зерек еді өзі де,
От ойнайтын көзінде.
Салиқа, салмақ болатын,
Әрбір айтқан сөзінде.
Атағы тарай бастайды,
Жақсыны ел қостайды.
Ел аузына ілініп,
Балалықты тастайды.
Қарақұл тапқыр болатын,
«Шешен» етті ол атын.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ»,
Ел көңілі толатын.
Еңбекқор еді жасынан,
Қиындық өткізіп басынан.
Беделді еді еліне,
Өрге домалаған тасынан.
Парасаттылығы басталды,
Қабілетті елді басқарды.
Ақылға салды баршасын,
Молынан тапты қостарды.
Қарақұлдың туысы,
Сарқұл есімді бұл кісі,-
Жақын ағайын еді,
Ағасы-тын дұрысы.
Қартайып Сарқұл ауырып,
Жазыла алмай сауығып.
Төсек тартып жатады,
Көңілі түсіп жабығып.
Ауру меңдеп кетеді,
Сай-сүйектен өтеді.
Қайтсем аман қалам деп.
Құдайға сөзі жетеді.
Сейітқазы би толғанып,
Бастап істі қолға алып.
Қарақұлды ілестіріп,
Хал сұрады жол оңғарып.
Майлыбас қаза тапқанда,
Сарқұл бекер жатқан ба?!
Әмеңгерлік жолымен,
Таңсұлуды түсірді «қақпанға»
Таңсұлу Майлыбас әйелі,
Өзі көркем әдемі.
Ақылына көркі сай,
Ер қызығар жан еді.
Осының бәрін біледі,
Қарақұл ренжіп жүр еді.
Таңсұлу жайлы ойланып,
Ауырады жүрегі.
Әмеңгерлікті ұнатпай,
Махаббат туын құлатпай,
Жүргенін Қарақұл қалады,
Жесірлерді жылатпай.
«Қанды қалпақ кисе де,
Қиыспайды туысқан.
Бұрынғыдай болмайды-ау,
Көңіл қалып туыстан.»
Деп Қарақұл жырлаған,
Реніштен тынбаған.
Осы шумақ арқылы,
Көп нәрсені ымдаған.
Осы жолы барғанға,
Хал сұрасып алғанға.
Сейітқазы би риза болды,
Сөзіне құлақ салғанға.
Қарақұлға берді батасын,
Сыйлағаны үшін атасын.
Шәкіртін баптап қойды ол,
Арттырумен сапасын.
Сарқұл қайтыс боларда,
Таңсұлуды аларда,
Қарақұл хабар таратты,
Жар болып мәңгі қаларда.
«Таңсұлу жеңгем егерде,
Қайтеді көз жас төгерде?
Бет жыртып, шаш жұлмаса,
Мені онда сенер де!!!»
«Әйелдікке аламын,
Құтты болып қадамым.
Қамын жеймін өзінің,
Өрімдей болған баланың!»
Деген сөзі жайылды,
Тартқызбастан айылды.
Елге тарқап кетті де,
Бір іс басын қайырды.
Татар дәм-тұз таусылып,
Арадағы «дау» тынып,
Сарқұл қайтыс болады,
Қорылдап жатып, алқынып.
Таңсұлу сөзді естиді,
Өзеуремей ес жиды.
Қатты налып жыламай,
Дауыс, үнін тез тыйды.
Мәмбетті ойлап тосылды,
Қарақұлға қосылды.
«Алла құп көре ма?!» деп,
Ойлады іштей осымды.
Сарқұлдан Мәмбет қалады,
Ол жалғыз ұл болады.
Таңсұлу еді шешесі,
Қарақұл бала етіп алады.
Қарақұл он алты жасынан,
Өткізді соғысты басынан.
Қалмақ басқыншыларын,
Қуды ел –жұрт қосынан.
Шыңдала берді соғысып,
Күш –қайраты толысып.
Бастап кеткен еді ол,
Туған елге болысып.
Түрлі амал үйренді,
Жауды жеңер күйге енді.
Ағат кетпей ұрыста,
Тәсілді нықтап түйген-ді.
Алаңқайды құрғызды,
Жаттығу көп жүргізді.
Сынаумен өз-өзін,
Онысын елге білгізді.
Ерінбестен шынықты,
Күшті боларын біліпті.
Жекпе жекке шыққанды,
Найзамен түйреп іліпті.
«Өтейлеп!» ұран салады,
Есін жаудың алады.
Бір –бірлеп жеңіп оларды,
Көңілденіп қалады.
Қылышпен шауып жауларын,
Атой салады жауға мың.
Қашқанға жебе қадады,
Қалдырмай ешбір сауларын.
Қылышты сұқты ішіне,
Келтірпей жауды күшіне.
Қозғалысы тез еді,
Көз ілеспейтін ісіне!
Бет-жүзге қан шашырап,
Қанға бөккен атырап.
Иесіз аттар кісінеп,
Өлікті басып жатыр-ақ!
Шоқпармен де ұрады,
Етпеттеп жоңғар құлады.
Қан-жоса болып бет- әлпет,
Қиналып жаны шығады.
Естері шықты жоңғардың,
Қанша десе де «қорғандым».
Жеңгенін көріп па едің?!
Әділетсіз болғанның?!
Әр жерге найза қадалып,
Жан берісіп, жан алып.
Қалмақпен болды қан майдан,
Қылыштан қайқы қан ағып.
Созылып соғыс болады,
Жетпеген еді соңы әлі.
Тәжірибе жинақтап,
Қарақұл болып толады!
Белін бекем буады,
Тықсырып жауды қуады.
Қоршауға алып қалмақты,
Жою сәті туады.
Отанын қорғап жүргенде,
Ұрпақ өсіруді түйгенде.
Тоғыз әйел алыпты,
Жақсы көріп сүйгенде!
Тоғыз әйел өмірлі,
Ынтымақта сүрді өмірді.
Ұлдарды туып берді олар,
Қорғайтын жаудан өңірді.
Болды адам ауқатты,
Кеңдігін ол байқатты.
Тоғыз әйел отыз ұл,
Сыйлап баршасын сау тапты.
Ержетті ұлдар ақырын,
Оң- солын танып, жақынын.
Қарақұл оларға үйретті
Отан қорғауда ақылын.
Шынығып олар жаттықты,
Доғарып, күлкі, шаттықты.
Толысып күштер бойында,
Болып алды сақ тіпті.
Тоқтамай соғыс жүреді,
Айқасып екі жақ тұр еді
Көз көріп, құлақ естіген,
Отыз ұл бәрін біледі.
Қарақұл би мың Басы,
Маңызды болып тұр басы.
Батырлығы қажет-ақ,
Заманнан қиын мұң басы.
Жоңғар шапқан кезінде,
Отырықшылдық кезің бе?!
Босты қазақ Жетісудан,
Бас сауғалар сезімде.
Шымкент, Ташкент барады,
Бытырады тарады.
Жерсінгені үйреніп,
Сонда тұрып қалады.
Отыз жыл Шымкент жағында,
Қайсар батыр шағында,
Шайқасты ата жаумен ол,
Көбейген самай ағында.
Қалқанға сойыл тигенде,
Жаны әбден күйгенде,
Айбаттанып кетеді,
Бар күшін жиып түйгенде.
Қарамай ғұмыр жасына,
Он жеті ұлын қасына
Алып соғысқа аттанды,
Қаhарланып тасына!
«Бөген шайқасы» болады,
Жасақ атқа қонады.
Адам шығыны көп болып,
Дала қанға толады.
Қоңырбөріктер жасағы,
Әр атаны қосады.
«Өтей!», «Өтей!», «Өтейлеп!»
Ары-бері жосады.
Сұрапыл соғыс төнеді,
Дала қанға бөгеді.
Мылжаланған мәйіт мол,
Екі жақтан өледі.
Екі күн өтіп кеткенде,
Зорыққан күндер жеткенде,
«Қоршаудасыңдар» дейді,
Баршасы қанға бөккенде.
«Беріліңдер» деп қалмақтар,
Елші жіберді сөз салмақтар.
Оған жасақ көнсін бе?!
Бұзылды, қоршау, жан-жақтар.
Қанды қырғын ұрыста,
Қан сорғалап қылышта.
Ұрандаудан айғайлап,
Тарылады тыныс та!
Іске асқанда ептері,
Талқандалды шептері.
Қарақұл, Ердес, Шотанның,
Қайнауда еді кектері.
Жау легін талқандап,,
Атпен сүйреп арқандап.
Жауын шапты қылышпен,
Жан сауғалаған жалпаңдап…
Ұрымтал сәтте бұзады,
Быт-шыты шығып тұзағы.
Құтылып үшеу кетеді,
Жүректе қалып сыз әлі.
Ұзақ ұрыс далада,
Қалайда жеңу санада.
Қан сасиды бұл майдан,
Көп сағат өтіп арада…
Дұшпанмен жүрген алысып,
Қылыштасып шабысып.
Он жеті ұлы Қарақұлдың,
Шейіт ажалмен табысып.
Он жеті ұлдың түбіне,
Қас дұшпан қалмақ жетеді.
Қарақұл батыр қан жылап,
Зығырданы қайнап кетеді.
Оққағар еді ұлдары,
Олар да мәңгі тұрмады,
Қолдап-қоршап жүретін,
Түгел болып тұрманы.
Арыстанша атылып,
Найзасын сұғып батырып.
Жауды жеңіп жүретін,
Айпап-жайпап, жапырып.
Кінәлі еді заманы,
Жоқ болып ешбір амалы.
Ажал айдап соғысты,
Болып сол күн қаралы.
Айырылды әскерден,
Азап көріп басқа елден.
Іші өртеніп барады,
Мөлтілдеп көзге жас келген.
Бірақ қарап жатпады,
Таң да тыныш атпады.
Дүркін-дұркін соғысып,
Жеңіп алға аттады.
Тойтарыс берді жауына,
Атойлап ой, қыр, тауына.
Туған жерді қорғады,
Қалмай елдің дауына.
Аңырақай шайқасы,
Қазақ-Жоңғар айқасы.
Азаттықтың жолында,
Көп күрес болған байқашы!
Қарақұл батыр ұрпағы,
Сәлмен де жауды құртады.
Өшпес ерлік көрсетті,
Қалың емес мұрты әлі.
Немересі еді батырдың,
Иесі батылдық, ақылдың.
Күл талқан етті қалмақты,
Қан қылды бәрін тақырдың!
Бөгенбайұлы Сәлменге,
Рухы жетпеді, дәрмен де!
Жау қынадай қырылды,
Кетіп күштен, әлден де.
«Өтейлеп!» ұран салады,
Жау үрейін алады.
Айбынынан Сәлменнің
Жоңғар шошып қалады.
Турап, шауып тастайды,
Өзі ешбір саспайды,
Төртеуі жабылса да,
Сәлменнен ешкім аспайды.
Өкшелей қуып қалмақты,
Қыр соңынан қалмапты.
Көзін жоя беруге,
Салады күшті, салмақты.
Торайғыр таудан асырып,
Есін шығарып қашырып,
Қуып жоңғарды ысырып,
Тастайды жүрген басынып.
Асырып тастап Ошақты,
Ысты, Дулат босапты.
Шапырашты ол да бар,
Белдікті белден босатты.
Соғыстан қажып-қартайып,
Дегенмен көңіл марқайып.
Елдеріне қайтады,
Тірісі ерде шалқайып.
Албандар жеке жасақты,
Әзірлеп қайта жасапты.
Қарадала, Текесті
Жауыз жаудан босатты.
Онда да шайқас жүргізді,
Білекті қайта түргізді.
Қарақұлдың кім екенін,
Жасағымен білгізді.
Аяған жоқ жауларын,
Қалдырмады сауларын.
Найза қадап, шапты да,
Жауына көрсетті «жау барын».
Дегенмен қалмақ жеңілді,
Көбі қиып өмірді.
Бас сауғалап зытты олар,
Тастай қашып өңірді.
Қарақұл батыр жорықтан,
Келе жатып, қорыққан
Бір ұл, бір қыз көреді,
Қарны ашып әбден зорыққан.
Жолдан тауып алады,
Сұрларына қарады.
Жаны ашып панасыздарды,
Бауырына салады.
Олар өсіп, өнеді,
Тағдырына көнеді.
Қарақұл батыр бағып-қаққан,
Түп тамыры Төре еді.
Қазір олардан ұрпақтар,
Бір қауым ел, жұрт мақтар
Көгеріп, көктеп, көбейді,
Емес сөз бұл бұлтақтар!
Тарихта жатқан сан із бар,
Мынадай бір аңыз бар:
Райымбек батыр Іледен,
Өтуінде маңыз бар.
«Қақ айырылып Іле өзені,
«Жол берген» -деген сөз еді.
Сәті ұрыстың қалмақпен,
Өтіп жатқан кезі еді.
Бірде Албан жасағы,
Ұрыс даласынан босады.
Іле өзені жағасына
Тыныстап ұйқыға басады.
Көз шырымын алады,
Ұйқы қанып тарады.
Сәл ғана дем алғанда,
Жауы келіп қалады.
Шегінуге болмайды,
Артта жауы сол қайғы.
Алға жылжиын десе,
Іле тасуда,- оңбайды.
Райымбек әдіс табады,
Қос бума қамыс шабады.
Тұлпардың екі жағына,
Арқанмен байлап тағады.
Ілеге сөйтіп түседі,
Жөнді, ақылды іс еді.
Осы әдіспен әскерді,
Алып өткен тұсы еді.
Бұл өзі бір тосын жай,
Тарихта болған осындай.
Әдіс, айлалы батырлар,
Жол тауып кеткен тосылмай.
Осы оқиға болғанда,
Қарақұл дала шолған ба?
Ол да қатынасыпты,
Жүрген кезде сол маңда.
Қалмақтарды қаштырып,
Есін шығарып састырып.
Жерден қуып, таратуда,
Батырлар болды басты нық.
Райымбек, Қарақұл,
Бұларсыз болған дала тұл.
Малай, Сатай, Қаташолақ,
Емес батырлар ғана бұл.
Бөден, Қататөлек, Ердеспен,
Шотан «жасады» жерді бос, кең,
Дұшпанды қуды ентелей,
Інге тықты жауды қас,ең!
Бұғыты тауы ішінде,
Шаршаңқы болған пішінде.
Албан жасағы келеді,
Әлсіздік білініп күшінде.
Райымбек батыр ойланып,
Келе жатқанда ой бағып.
Бір дымқыл жерді байқап,
Көзбен көріп қойды анық.
Найзасын шаншып қадады,
Бұлақтан су атады.
Жасақ түгел біртіндеп,
Шөлдерін басып жатады.
Райымбектің найзасын,
Жұлады күші сай басым.
Қарақұл батыр суырған,
Көріп күш-қуат пайдасын.
Тарихта бұл белгілі,
Айтады түгел ел мұны.
Ауыздан –ауызға көшіп,
Артқан сондай ер құны.
Албан жасағы осылай,
Қуат алды тосылмай.
Бұлақ суы әл берді,
Болды осындай тосын жай.
Тарихтың бұл бір дерегі,
Жойқын соққы береді.
Ата- жау- қалмақ, жоңғарға
Осы еді ең керегі!
Райымбек батыр басқарған,
Туды ұстау басты арман.
«Қарақұл батыр лайық» - деп,
Қалың әскермен қосталған.
Дау- дамай туып таласып,
Бір- бірімен санасып,
Ту ұстауға ұмтылған,
Күшке қарата қарасып.
Сонда Түкеұлы Райымбек
Айтқан екен былай деп:
«Отыз ұл тәрбиелеп өсірген,
Қарақұл бұған лайық!» - деп.
«Отыз ұлды ұрысқа,
Қатыстырды дұрыс па?!
Ұлтты азат етті олар,
Жүрмеді ешбір тыныш та!»
«Белсене соғысқа қатысқан,
Жоқ қылған жауды атысқан.
Қарақұл батыр ту көтереді,
Жайратқан жауды аңдысқан!»
Деді Райымбек саңқылдап,
Шықты дауысы қарқынды – ақ!
Жүйелі, сұңғыла сөзін оның,
Тұрды жасақта бар тыңдап.
Қарақұл батыр сексеннің,
Сеңгіріне жеткен күн.
Қарттыққа да жақындап,
«Көпірінен» өткен күн.
Тоқсанға таяп қалған соң,
Үлкен жасқа барған соң,
Туды тапсырып берді ол,
Дірілдеп қолы талған соң.
Досанұлы Әлібек,
Дұрыс еді халі бек.
Немересі Қарақұлдың,
Жас еді қуат, әлі көп.
Қабылдады ол көтеріп,
Туды алып қолдан төте нық.
Жоғары биік көтерді,
Артқан сенім өтеліп.
Қарақұл он алты жасынан,
Өткізді соғыс басынан.
Сексен жасына дейін,
Қару тастамады қасынан.
Өшпес ерлік жасады,
Қасында болып жасағы.
Көзсіз батырлығымен,
Аты мысыңды басады.
Өсіп, өркендеп ұрпағы,
Көбейді, көбейіп тұр тағы.
Тәубе, шүкір Аллаға,
Бейбіт атып тұр таңы!
Амангелді Сарбасов.
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.
Құдайберген Жылқыбайұлы
Мазақ Сапақұлының
«Қарақұл батыр» 1999 жылы
шыққан кітабының негізінде жазылды
Алматы облысы,
Талғар ауданы,
Талдыбұлақ ауылы.
Телефон: 87476098347