Қасқырбай ағаның «қақпаны»

Қасқырбай ағаның «қақпаны»

Қаладағы тұрғын үй кешендерінде сантехник, электрик дегендер жиі ауысып тұратыны бар. Қалыпты жағдай болғандықтан, оған мән бере қоймаймыз. Дегенмен ұзақ уақыт істейтіндері де кездеседі. Ондайлармен жақын араласып та кететініміз бар. Осыдан 7-8 жылдың алды болуы керек. Біз тұратын ғимаратта Қасқырбай деген ағай электрик болып істеп жүрді. Бірнеше рет үйге шақырып жаңа шамдарды ілгізіп алдық. Сөйтіп Қасекеңмен кәдімгідей таныс болып кеттім. Бірде күйіп кеткен ток сымдарын жасатуға шақырғанмын. Қасекең жұмысын істей жүріп «ақшаны күреп табуға» кірісіп кеткендігін айтып қызықтыра бастады.

 

– Үйде жинап жүргеніміз бар еді. Соның бір бөлігін бір жерге салып жылдам өсіріп жатырмын. Бұйырса күзге қарай пәтер мен көлік алатын шығармын, – деді асқан сенімділікпен. 

– Ол не деген жақсы дүние? Депозит пе сонда?

– Жоқ, мықты жігіттер ғой, қаржы тарту арқылы өте үлкен бизнестерге араласады. Үлесті жылдам бөледі. Банк дегенің қарыз бергенде өсімді еселеп алатыны болмаса, депозитке келгенде сараң ғой. Оған қарағанда мынауыңыз өте тиімді... – деп нықтап қойды. Сөйтіп біраз қызықтыра келіп «қолыңда барың болса, осы жерге сал, мен сені апарып таныстырып қояйын» деп мені де айналдыра бастады. Мен мұның артында алаяқтардың тұрғанын бірден сездім. Айналасына адам топтап, қаржы салушыларды молайта беруді көздейтін схема бұрыннан таныс еді. Сосын Қасқырбай ағама бұлардың алдамкөстер екендігін, адамдарды қалай баурап алатындығын айтып, нақты мысалдарды келтіре отырып дәріс өтуге кірістім. Қасекең бой берер емес. 

– Ойбай, мыналарда ондай алдамшылық атымен жоқ. Шеттерінен үлкен жерде қызмет істеп, тәжірибе жинаған азаматтар. Қазір осы фирмаға қаржыларын салып жатқандардың ішінде талай журналист пен министрлікте қызмет істейтін адамдар да жүр. Солардың барлығы ақымақ деймісің? – деп өзіме шүйліккені. Ақыры келісе алмай тоқтадық. Қасқырбай ағам да жұмысын пейілсіздеу аяқтап жөнімен кетті. Содан кейін көп өтпей біздің үй жақтан көрінбейтін болды. Бірер рет қоңырау шалып едім, жабық екен. Арада бір жылдай өткенде автобус аялдамасынан көріп қалдым. Көлік аламын деп жүрген Қасқырбай аға автобусқа шығып бара жатты...

Міне, қаржы пирамидасы деген алаяқтықтың бір көрінісі осылай жолығып еді. Өкінішке қарай, осындай алдамкөстік схеманың түр-түрі шығып, аңқау адамдарды сан соқтыруын қояр емес. Мұндай келеңсіздіктерге қарсы мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстар атқарылуда. Мәселен Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі дейтін құзырлы орган бар. Ол Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның құзырына жатқызылған экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Осы мекеменің күш салуымен елімізде талай қылмыстың беті ашылып, талай қаржы пирамидасының қызметіне тосауыл қойылды.

Аталмыш агенттіктің күш салуы нәтижесінде 2023 жылы қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 71 қылмыстық іс тіркелген екен. Ал 2024 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі 42 қаржылық пирамиданы жойыпты. 2025 жылдың алғашқы 6 айында Қазақстанда 36 қаржы пирамидасы жойылған. Агенттіктің дерегіне сенсек, 86 мыңнан астам адам олардың құрбаны болған екен. 

Қаржы пирамидасы әлемде кеңінен тараған алаяқтықтың бір түрі. Төменде мамандар жағынан қорытындыланып, азаматтарды сақтандыруға үндейтін біраз деректерді оқырмандарымызға ұсына кетуді жөн көрдік. Әдетте қаржы пирамидасының басты белгілері білініп тұрады. 

Олар адамдарды жоғары пайдамен шырғалай бастайды. Яғни қалыпты нарықтағы табыстан әлдеқайда жоғары пайыз ұсынады. Ал оқыс жағдайлар мен тәуекелдер туралы барынша айтпауға тырысады. Қаржылық сауаты бар адамдардың барлығына таныс бір жағдай бар. Ол – нарықтағы ешбір заңды инвестиция табысты толық кепілдендірмейтіндігі. Сіз сенім артқан белгісіз ұйым «салған қаржың тек қана өседі, ешқандай шығын болмайды» деп кеудесін ұрып тұрса, оған жолай көрмеңіз. Мұндайлардың тағы бір қулығы уәде етілген сыйақыны ақша емес, бонус немесе пакет түрінде беріп отыратындығында жатыр. Яғни көзге көрінбейтін «шайтан ақшалармен» ауызды жабуға тырысады. Кейбір пирамидалар табысты тауар, купон, ұпай түрінде береді, бірақ оны нақты ақшаға айналдыру мүмкін болмайды.

Айналасына адам топтауға талпынады. Мұнда көбірек кіріс кіргізу үшін өзіңіз кірген топқа өзгелерді көптеп тартуға үгіттейді. Топтың құрамына қанша көп адам тарта алсаңыз, соғұрлым көп табыс аласыз деген уәдеге сендіреді. 

Келесі бір белгісі өздерін  ЖШС немесе қандай да бір қаржылық, инвестициялық топ ретінде жарнамалағанымен, нақты лицензиялары мен ресми тіркелген құжаттары болмайды. Мұндай құжаттарды талап етсеңіз, олар күмілжіп қалады. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің лицензиясы жоқ болғандықтан, аталған «компания» заңды түрде инвестициялық қызметпен айналысуға құқылы емес деген сөз.

Тағы бір басты белгісі өздерін «алтын сандық» етіп көрсеткен мұндай ұйымдар өз «мүридтеріне» айналысатын қызмет түрлері туралы мәлімет беруден қашқақтайды. Олардың жаттанды сөздері «Криптовалюта қазып жатырмыз», «алтын өндіреміз», «жаңа технологияға инвестиция» деген сияқты бұлыңғыр жобалар болып келеді. Сондықтан салған ақшаңыздың қайда, қалай жұмыс жұмсалып, қай бағытта айналысқа түсіп жатқандығын айтып бере алмайды. 

Олар шеттерінен мықты психолог, менеджер болып келеді. Өздеріне сенім білдірген азаматтарды қақпанға жылдам түсіріп алады. «Бүгін ғана акция бар, ертең кеш болады, қазір жылдам кірсең орын бар...» деп қызықтырып асықтыра астайды. 

 

PS:  Қорытындылай келгенде сізге тамаша ұсыныстарын айтып, қаржы салуға қызықтыратын пирамидалардың барлығына «жоғары пайда беруге уәде ету, айналасына адам топтауға итермелеу, сондай-ақ нақты лицензиясының болмауы» сынды басты белгілері болады. Елімізде күдікті қаржы ұйымын тексерудің бірнеше ресми жолдары бар. Бұлар арқылы компанияның заңды жұмыс істеп жатқанын не пирамида екенін анықтауға болады. Мұнда Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі сынды құзырлы мекемелердің сайттарынан анықтап алуға болады. Аталған мекемелер Қазақстандағы барлық банктерді, микроқаржы ұйымдарын, сақтандыру және инвестициялық компанияларды бақылайды. Сайттағы «Лицензияланған ұйымдар тізімі» бөлімінен кез келген компанияны іздеп көруге болады. Сіз қаржы салып отырған компанияның аты ол жерден табылмаса, демек лицензиясы жоқ заңсыз ұйым деген сөз. 

Қаржы пирамидасын анықтаудың тағы бір жолы – Ұлттық банктің «nationalbank.kz» сайтының базасын қарау. Қазақстанда қаржы қызметін атқару үшін Ұлттық банктің де тіркеуі қажет болады. Оның базасында банктер мен қаржылық ұйымдардың ресми реестрі бар.

Келесі бір әдіс – «e.gov.kz» порталы арқылы салық органдарының базасынан тексеру. Мұнда компанияның БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірін) енгізіп, оның тіркелген-тіркелмегенін көруге болады. Егер ұйым мүлдем тіркелмесе немесе басқа қызметпен айналысатыны көрсетілсе – күмәнді.

Келесі бір тексеру амалы – құқық қорғау органдарының ресми ақпараттарына жүгіну. Мұнда көбінесе ІІМ мен прокуратура мекемелерінің ресми сайттарында қаржы пирамидалары туралы ақпараттар жарияланып отырады. 

Ал қаржы пирамидасын анықтаудың қарапайым жолы олардың кеңсесі, ресми тіркелген мекенжайының бар-жоқтығына қарап-ақ білуге болады. Сізге уәдені үйіп-төгіп отырған «жарылқаушымен» сөйлескен кезіңізде ресми келісімшарт жасау, қаржының қайда жұмсалатыны туралы нақты есеп беру туралы талап етіңіз. Егер осы сұрақтарыңызға дұрыс жауап бере алмаса, онда қарсы алдыңызда отырған адамнан күдіктене берсеңіз болады.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
20.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17808
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17662
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32848
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31416
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35089