ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев: «29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Түркияның Изник қаласында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Онда қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спорт түрлері бойынша еліміздің 49 спортшысы ел намысын қорғайды. Жарыс қатысушы елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту арқылы әлемнің көшпелі халықтарының мәдениетін сақтау және жаңғырту, көшпелі әлем халықтарының ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейге шығару және сақтау мақсатын жүзеге асырады. Көшпелі халықтардың мәдениеті мен спортын қайта жаңғыртуды мақсат еткен шара «Болашаққа жолданған дәстүрлі қолтаңба» ұранымен өтеді. Аталған 5 спорт түрі бойынша спортшылардың барлығы ел ішінде де, шетелде де арнайы оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, тыңғылықты дайындық жүргізді. Ұлттық спорт олимпиадасына айналған шараға 23 спорт түрі бойынша әлемнің жүзге жуық елінен спортшылар қатысады деп жоспарланған.
Дүниежүзі көшпенділер ойындары барысында Қазақ күресінен 3 салмақта өнер көрсетуге мүмкіндік берілді. Бір айта кетерлігі, биылғы сайыста қазақ күресінен тұңғыш рет қыздарымыз бақ сынап көретін болады.
Қазақстан барысы республикалық турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов: «Ел намысы туралы әңгіме болғанда оның артында үлкен жауапкершілік тұрады. Осы жолғы додада да ел сенімі бірінші орында тұрмақ. Намысты қолдан бермеуге барымызды саламыз», – дейді.