ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН ҚАЛАҒАНДАР ҚАМАЛА БЕРЕ МЕ, МИНИСТР МЫРЗА?

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН  ҚАЛАҒАНДАР  ҚАМАЛА БЕРЕ МЕ,  МИНИСТР МЫРЗА?

«Мектепке барайық» дегенді қамай берсе, ондай сөзді мен де айтқанмын осыдан үш жыл бұрын…

2022 жылы №93 мектептің дәл осындай дауы кезінде  мен   де депутаттарды, ұлт зиялыларын  шақырғанмын. Бірнеше депутат, ұлт зиялылары барып, сол мектепті аралас болу қатерінен сақтап    қалғанбыз.  Видеосы миллионға жуық, ең жоғары таралыммен тарап жүр әлі күнге дейін.

21 тамыз күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне, менің атыма, депутат Қазыбек Исаға Алматы қаласының белсенділері және Бостандық ауданының тұрғындары, ата-аналарынан ресми хат келді. Онда Алматы қаласы Бостандық ауданы Розыбакиев көшесінде ашылған №215 жайлы мектеп бастапқыда қазақ тілінде болатыны жоспарланған. Оқу жылы жақындағанда қала билігі «аралас мектеп» етуге кіріскен. Тұрғындар соған қатты наразы. 

«Сол аумақта 73, 38 және 125 мектептер бар. Олар орыс тілінде оқытады. Ал №125 мектеп тек қазақ тілінде оқытады. Не себепті №215 мектепті қазақ мектебі қылмай жатырсыздар?» деген журналистер сұрағына Алматы қаласы білім басқармасы басшысы Сайран Сафеденов: «Мектеп ашылған кезде оқыту тілі ата-аналардың сұранысы мен қажеттілігі ескеріледі. Сондықтан, үш мектебіміз бойынша шешімді келесі аптада қабылдаймыз», – деп жауап берген.

Бұл сұраққа себеп болып отырған мәселе – алматылық ата-аналар жаңа мектептің толықтай қазақ тілді болуын талап етуінде. Олардың сөзінше, ашылғалы жатқан №215 мектеп көршілес үйлердегі қазақ тілді балаларды қабылдамаған. Өйткені бұл тұрғын үй мектеп аумағына кірмейді деген. Бірақ мектеп кезегінде орыс тілді ата-аналар да тұрған көрінеді. Шағынған тұрғындар олардың орнына қайтарып жіберген қазақ тілді балаларды қабылдасын дейді.

Үш орыс мектебіне қоса тағы жаңа мектепке қарама-қарсы бетте №38 Қазақстан-Ресей гимназиясы бар. Ата-аналар орыс тілінде оқығысы келетіндер «сонда барсын» деген орынды талап қойып отыр.(Tizgin.kz.)

Мен, әрине, Мәжіліс депутаты ретінде өз атыма келген ата-аналар хатын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа, Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалдыға және тиісті мемлекеттік органдарға жібердім.

Ең тез жауап берген министр Ғани Бейсенбаев болды:

«Қазір барлығы әкімдердің құзіретіне көшіп кетті. Соңғы басқарма басшысын тағайындаудағы министрлікпен келісуді де АГДС арқылы заңнан алынып тасталды», – деп, жауапкершілік Алматы қаласы әкімдігінде екенін меңзеді…

Сонымен қатар сол күні Алматы қаласындағы қоғам белсендісі, математик мұғалім Дархан Ардақұлы хабарласты. Парламентке, оның ішінде маған ата-аналар хат жолдағанын, ертең таңертең бірнеше ата-ана Алматы қаласы әкіміне кіретінін айтты.

«Әкімге кіріп-шыққасын нәтижесін айтарсыңдар» дегенмін. Содан кеше 22 тамыз, қасиетті жұма күні таңертең сағат 9-да бір құдайға сыйынып алып Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалдыға кеткен Дархан Ардақұлынан күні бойы кешке дейін хабар болмады. «Не болды, Дархан әкім Дархан мұғалімді қалай қарсы алды? Аттастардың кездесуінің нәтижесі не болды екен?» деп кешке дейін күтіп жүрдім. Телефонына жазып жатырмын, жауап жоқ!

Кешке әлеуметтік желіде, Дарханның фейсбук парақшасынан жайсыз хабар жарқ ете қалды: «Қазақ мектебі ашылсын!» деген Дархан Ардақұлын Алматы қаласы Бостандық аудандық ішкі істер басқармасы полициясы ұстап, 7 тәулікке қамап қойыпты!

Бұл қалай, Ішкі істер министрі Сәденов мырза?!

Соттың таққан кінәсі – «мектепке барайық» дегенді «митингіге барайық» деген сөз деп қабылдапты! Масқара! Кешегі Кеңес Одағындағы «Самый гуманный суд в мире» жолда қалады біздің соттың қасында.

Менің әріптесім, Мәжіліс депутаты, белгілі адвокат Абзал Құспан жаңа ғана өз парақшасында сот шешімінің әділдігіне кәсіби заңгер ретінде күмән келтірді. Ал белгілі адвокат, тіл күрескері Мейірман Шекеев Дархан Ардақұлына адвокат болуға қуана келісіп отыр…

Ендеше Дархан Ардақұлын әділ заң аясында бостандыққа шығару қажет!

Аралас мектептің қатері жайлы мен 2022 жылы Түркістандағы тамыз конференциясында вице-премьер мен Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсенбаев онлайн қатысқан жиында барынша жеткізіп айтқанмын. Сол кезде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бауырым екеуіміз қатар отырдық және ол менің сөзімді қолымды алып қолдаған болатын. Ал Алматыға әкім болып келген соң не боп қалды енді, Дархан Амангелдіұлы мырза?!

 

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ҰЛТ ТІЛІНЕН БАСТАЛАДЫ 

 

Жоғарыда айтқанымдай, 2023 жылы 25 тамызда Түркістан қаласында өткен білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде сөз сөйлегеніміз бар. Сонда да айттық жетесі барлардың жеріне жеткізіп.

 Ұлттық тәрбие Ұлттық идеологиясы бар елде іске асады.

 Астанадағы 25 мың баланың 40 пайызы орыс тіліне баруы, қайран босқа кеткен 30 жылда Ұлттық идеологиямыздың нөл болғанын көрсетеді. 

Қазақ балаларының орыс тіліндегі мектепке көптеп баруы – ата-аналар таңдауы деген жалпақшешейлік пен босбелбеулікті тоқтату керек! Ең алдымен мемлекеттік мүдде – ұлттық мүдде болуы тиіс!

2022 жылы Парламент депутаттары, біз өзіміз куә болған Астанадағы №93 мектепті «аралас мектеп етейік! Орысша сынып ашпасаңдар, Путинге айтамын!» деген қазақ ата-аналардан не сұрауға, не күтуге болады?! Осындай Тәуелсіз елді қорлаған сұмдық та, құлдық масқара сөзді айтып отырған қазақ әйелдің күйеуі Қорғаныс министрлігінде офицер екен! Яғни, бұл сөз олардың отбасында жиі айтылатын сөз болып тұр ғой? 

Бұндай ата-аналарды ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндірушілер деп қарап, Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысуы керек, тек ұлтшылдардың соңына түсе бермей…

Қазақ мектебін ашарда «аралас мектеп ашайық» деп, араласып шыға келетін құлдық санадағы шенеуніктерден қашан құтыламыз?!

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың өзі нәтижесіне көңілі толмайтынын ашық айтып, тапсырма берген еліміздегі орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнін оқыту методикасы қашан жақсарады?! Ол нәтижесі нөл орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні үшін жұмсалып жатқан миллиардтаған қаржының қайтарымы қайда? Ол үшін орыс мектептері үшін ҰБТ-да міндетті түрде қазақ тілінен сынақ тапсыруы керек.

Баласына өз Анасының тілінде сөйлемеген ана – қандай ана? Баласына өз әкесінің тілінде сөйлемеген әке – қандай әке?

Өз баласын өз тілінде емес, өзге тілде тәрбиелеу – ұл-қызға ғана емес, ҰЛТҚА қастандық!!!

 Балабақшадан бастап, мектеп қазақша болмай, мемлекет қазақша болмайды!

Мектеп пен балабақша тек мемлекеттік тіл – қазақ тілінде болуы керек!

Қабырғаңды қайыстырар осы Тәуелсіз және Әділетті Қазақстанның ұстанымына қарсы жасалған қарекеттерге кім кінәлі? Олар неге жазаланбайды? Облыс, қала әкімдері неге мемлекеттік мүддені қорғамай отыр? Осы сұрақтарға ашық жауап талап етіп, біз, «Ақ жол» фракциясы Парламентте көтердік. Өйткені мұндай мемлекеттік мүддеге қарсы шенеуніктер әр қалада жетеді. Олар әлі әкімдікте, білім саласы басында отыр. Мысалы, Алматы облысы Талғар қаласындағы Т.Рысқұлов мектебі үшін салынған жаңа №25 мектептің «Оқу қазақ тілінде» деген паспортын ауыстырып жібергендер қызметте өсіп кетті. Алматы қаласындағы Наурызбай ауданында да №207 жаңа мектепті де араласқыштар «аралас мектеп» етіп жіберді…

Біз өз қолымызбен арнайы арпа егіп алып, енді «бидай неге шықпайды?» деп өтірік таңғалып отырамыз?!

 

КЕҢЕС ИМПЕРИЯСЫ ЕНГІЗГЕН АРАЛАС МЕКТЕП ЖҮЙЕСІН ТОҚТАТУ ҚАЖЕТ!

 

2023 жылы 14 маусымда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мен «Ақ жол» фракциясы атынан қазақ мектептерінің ауыр жағдайына тоқталып, аралас мектеп жүйесін тоқтатуды талап еткен депутаттық сауал жасағанмын.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсенбаевқа, сол кездегі Шығыс Қазақстан облысы әкіміне жолдаған сол сауалдың, Құдайға шүкір, нәтижесі бар. Риддердегі құлайын деп тұрған жалғыз қазақ мектебіне «Шаңырақ» мектебіне жаңа үлгідегі ғимарат салынып жатыр. Өткенде Абай тойында қатар отырып қалған қазіргі Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағановтан сұрап едім, «Бәрі жоспар бойынша дұрыс келеді, жайлы мектептен кем емес мектеп салынуда, қадағалап отырмыз, – деді. Риза болып қалдық.

Сонда айтып едік, Кеңес Одағы кезінен келе жатқан осындай аралас мектеп мәселесінің кесапатының барлығын кеңінен қозғап едік.

– Негізі, «Шаңырақ» қазақ мектебіне салынған жаңа ғимаратты 2019 жылы «аралас» мектепке айналдырып жібергендер заң алдында жауап беруі тиіс!» – дегенбіз.

Қазақ балалары қиянат көре беруді тоқтату қажет!

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ҰЛТ ТІЛІНЕН БАСТАЛАДЫ!

Мектеп мықты болғанда ғана мемлекет мықты болады.

 

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

 

Бет қатталып жатқанда:

Алматы қаласы Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымбек: "Бүгінде Алматыда барлығы 216 мемлекеттік мектеп бар. Оның ішінде қазақ мектептері – 78. Аралас мектептер саны – 77, 58 мектеп орыс тілінде. Тағы 3 мектеп ұйғыр мектебі бар. Аталмыш 1500 балаға арналған №215 мектепке орыс тілінде білім алуға 500-ден астам өтініш түсті. Тек бастауыш сыныптар ғана ашылып, шамамен 170 орын берілетін болды. Қалған ата-аналарға жақын маңдағы мектептерден орын ұсынылды", – дейді. 

 

Ал 15 күнге қамалған мұғалім Дархан Ардақұлы туралы пікір білдірген Алматы қаласы Полиция департаменті оны әкімшілік жазаға тарту жаңа мектептің оқыту тілін таңдау мәселесіне мүлдем қатысы жоқ екенін, ол бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін қамаққа алынғанын айтады.

 

 

28.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16939
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16783
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31974
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30573
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34200