Дәулет Жұмабаевтың «KESU» фильмі – Қазақстан мен Оңтүстік Корея кинематографының шығармашылық байланысын танытатын бірлескен жоба. Боевик және детектив жанрында түсірілген туындыда екі елдің актерлері бас қосып, отбасы, достық, сенім және өткеннің құпиялары туралы оқиғаны экранға шығарған.
Фильмнің қызықты тұсы тек сюжетінде емес, оқиғаның экранда қалай жеткізілгенінде болды. Боевик жанрына тән динамикамен қатар, корей дорамаларына ұқсас эмоциялық көріністер де кездеседі. Осы екі стильдің үйлесуі туындыға өзіндік ерекшелік береді.
Фильмнің атмосферасы маған ерекше ұнады. Корей мәдениеті мен дорамаларын жақсы көретін көрермен ретінде Кореяда өтетін көріністерді қызығушылықпен қабылдадым. Кейбір кадрлардан корей кинематографына тән визуалды ерекшеліктер байқалады. Сонымен қатар, фильмде қазақ мәдениетінің де көрініс табуы екі елдің арасындағы шығармашылық байланысты сезінуге мүмкіндік береді.
Операторлық жұмысқа жеке тоқталатын болсақ, Александр Плотниковтың кадрлары фильмнің атмосферасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Жекпе-жек көріністерінің түсірілуі, камера қозғалысы мен кадр композициясы оқиғаның динамикасын күшейтеді. Жарық пен дыбыстың үйлесуі де фильмнің эмоциялық әсерін толықтыра түседі. Кинотану студенті ретінде мен үшін фильмнің визуалды шешімдері мен операторлық жұмысы ерекше қызығушылық тудырды.
Актерлік ойынға келетін болсақ, жалпы актерлер өз рөлдерін жақсы орындаған. Дегенмен, кейбір көріністерде эмоциялар жасанды болып сезілуі мүмкін. Бұл фильмнің корейлік кино стиліне жақындығымен байланысты деп ойлаймын. Фильмнің ұзақтығы да кейбір көрермендер үшін оқиғаның баяу өрбуіне себеп болуы мүмкін. Алайда оның атмосферасы мен жекпе-жек көріністері көрерменнің қызығушылығын сақтап тұрады.
Жалпы, «KESU» – қазақ және корей кинематографының ерекшеліктерін біріктірген қызықты туынды. Фильмде отбасы құндылықтары, достық пен адамдар арасындағы байланыс көрініс табады. Әсіресе операторлық жұмыс, фильмнің атмосферасы және корей киносына тән стиль ұнады. Кейбір кемшіліктеріне қарамастан, бұл туынды қазақстандық киноның жаңа бағыттарда ізденіп жатқанын көрсетеді.
Құралай Асқарова,
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Кинотану» мамандығының 1-курс студенті










