ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ БИ ТЕАТРЫ «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЕЛ ӨҢІРЛЕРІНДЕ БАЛЕТ БАҒДАРЛАМАСЫН ҰСЫНАДЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ БИ ТЕАТРЫ «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЕЛ ӨҢІРЛЕРІНДЕ БАЛЕТ БАҒДАРЛАМАСЫН ҰСЫНАДЫ

2026 жылғы 21–23 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры еліміздің өңірлеріне гастрольдік сапармен шығып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды мәдени жоба – «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» аясында көрермен назарына арнайы балет бағдарламасын ұсынады.

Еліміздің жетекші хореографиялық ұжымдарының бірі саналатын театр балет өнерін кеңінен насихаттау, ұлттық және академиялық сахнаның үздік үлгілерін қалың көрерменге жақындату жолындағы маңызды миссиясын жалғастыруда. Гастрольдік тур аясында бағдарламаны қазақстандық хореография мектебінің қазіргі орындаушылық деңгейін танытатын балет труппасының жетекші солистері орындайды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры ұсынатын гастрольдік бағдарлама өңірлердің мәдени өмірін дамытуға, шығармашылық ұжымдардың гастрольдік қызметін қолдауға және өнер мен көрермен арасындағы рухани байланысты ел көлемінде нығайтуға бағытталған «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» атты үлкен шығармашылық керуеннің бір бөлігіне айналады.

Балет бағдарламасының көрсетілімдері 21 мамырда Аққулы ауданы, Аққулы ауылындағы аудандық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығында; 22 мамырда Май ауданы, Көктөбе ауылындағы мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Мәдениет үйінде; 23 мамырда Ақтоғай ауданы, Ақтоғай ауылындағы Ақтоғай ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Мәдениет үйінде өтеді. Барлық қойылымдарға кіру тегін.

«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Әлемдік қоғамдастық біздің елімізді ең алдымен өнер арқылы таниды. Біз – тамыры Ұлы далаға тартқан бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ топырағынан шыққан көрнекті өнер қайраткерлерінің қайталанбас туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Бүгінде ұлттық мәдениетіміз әлемдік деңгейде мойындалып келеді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Жоба Президент айқындаған мәдени саясаттың басым бағыттарымен үндеседі.

«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» – ұлттық руханиятты жаңғыртуға және халықтық музыкалық мұраны заманауи форматта дәріптеуге бағытталған ерекше мәдени бастама. Жоба аясында ғасырлардан жалғасқан музыкалық дәстүрлер мен мәдени сабақтастық жаңа қырынан естіліп, қазіргі көрерменге ұлттық өнердің тереңдігі мен байлығын аша түседі. Жобаның 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында бастау алуы бастаманың символдық мәнін айқындап, оның рухани мазмұнын күшейте түседі.

Жоба аясында министрлікке қарасты жетекші шығармашылық ұжымдар еліміздің 17 өңіріне гастрольдік сапармен шығып, шалғай аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерге барып, көрерменге ұлттық және заманауи өнердің үздік үлгілерін ұсынады. Жобаның басты мақсаты – Қазақстан халқының жоғары көркемдік деңгейдегі бағдарламалар арқылы мәдени құндылықтарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасын ұйымдастыру мен үйлестіруді Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы жүзеге асырады.

20.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25244
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24752
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42186
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38038
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42518