Өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықты азайту және халықтың тұрмыс сапасын теңестіру мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Осы мақсатта Үкімет 2030 жылға дейінгі Өңірлік даму тұжырымдамасын қабылдап, инфрақұрылымды дамыту, ауылдарды қолдау және шағын қалалардың әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар бағдарламаларды жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Өңірлік стандарттар жүйесі енгізілді
Елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін біріздендіру мақсатында Өңірлік стандарттар жүйесі енгізіліп, оның талаптары бюджеттік жоспарлау үдерісімен байланыстырылды. Енді негізгі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі төмен өңірлер республикалық бюджеттен басым тәртіппен қаржыландырылады. Қазіргі таңда қалалардағы негізгі игіліктермен қамтамасыз етілу деңгейі орта есеппен 89,1 пайызды құраса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 67,6 пайыз деңгейінде. Алдағы жылдары бұл айырмашылықты азайту көзделіп отыр. Жоспар бойынша 2029 жылға қарай қалалардағы қамту деңгейі 96 пайызға, ал ауылдарда 71 пайызға дейін жеткізіледі.
Ауыл инфрақұрылымы жаңаруда
Ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы өңірлерді дамытудағы негізгі жобалардың бірі саналады.
Бағдарлама жүзеге асырылған уақыт ішінде оған 177 млрд теңге бөлініп, еліміз бойынша 800 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылды. Тек 2025 жылдың өзінде республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 73 млрд теңге қарастырылып, 226 ауылда 255 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 150 әлеуметтік нысан мен 67 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны салынып немесе күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 180 шақырым автомобиль жолы жаңартылып, мың шақырымға жуық инженерлік желі қайта жаңғыртылды. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Ауыл аманаты» кәсіпкерлікті дамытуға жол ашуда
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мен кәсіпкерлікті дамытуда «Ауыл аманаты» бағдарламасының орны ерекше.
Бағдарлама аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен несие ала алады. Несие ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлері үшін бес жылға дейін, ал агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобалар үшін жеті жылға дейін беріледі. Жеке кәсіпкерлер үшін ең жоғары несие мөлшері 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін болса, кооперативтерге 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін қаржы қарастырылған. 2026 жылы бағдарлама шеңберінде 5,4 мың жобаны қаржыландыру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жалпы құны 33,7 млрд теңгені құрайтын 3 132 жоба нақты қаржыландырылып, ауылдық жерлерде жаңа кәсіптердің ашылуына мүмкіндік жасалды.
«Дипломмен – ауылға» кадр тапшылығын азайтуға ықпал етуде
Ауылдық жерлердегі білікті мамандар тапшылығын шешуге бағытталған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да өз тиімділігін көрсетіп келеді. Бағдарлама аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларының жас мамандарына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға жылдық 1 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға дейін бюджеттік несие қарастырылған.
Бұл қолдау шаралары ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға және кадр тапшылығын азайтуға бағытталған. Бағдарлама талаптарына сәйкес, жеңілдіктерді алған маман ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл еңбек етуі тиіс.
Шағын қалалардың дамуына жаңа серпін
Мемлекет шағын қалалардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударып отыр. 2025 жылы республикалық бюджет пен Ұлттық қор есебінен 21 шағын қалада 40 жобаны іске асыруға 11,9 млрд теңге бөлінді. Осы қаражаттың есебінен 42 шақырым автомобиль жолы мен 40 шақырым инженерлік желі жаңғыртылып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Өңірлік саясаттың басты мақсаты – өмір сапасын теңестіру
Қабылданып жатқан бағдарламалар мен іске асырылып жатқан жобалар өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайтуға, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртуға және шағын қалалардың тұрақты дамуына бағытталған. Инженерлік желілердің жаңаруы, әлеуметтік нысандардың көбеюі, жеңілдетілген несиелер мен жас мамандарды қолдау тетіктері ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірлердің экономикалық әлеуетін күшейтуге де ықпал етеді. Бұл өз кезегінде елдің теңгерімді өңірлік дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға негіз қалайды.
Елқуат Елтөре















