Тоқаевқа Президент болғалы сан мәрте сұхбат сұрап, хат жазып келеміз
Әділетті жаңа Қазақстанды еркін медиасыз құру мүмкін емес. 2022 жылы журналистика саласында айтарлықтай өзгеріс, алға жылжу көрмедік. Себеп: саяси жүйеде еркін сөзге деген көзқарас өзгермеді. Сол бұрынғыдай қызметші-лакейге қарайтын көзқарас жалғасып жатты. Алдымен Қаңтар көтерілісі кезінде бүкіл халық ақпарат алып отырған интернет жүйесін, әлеуметтік желіні жауып, тоқтатып тастады. Халық ақпаратсыз қалды. Одан соң Қаңтарға қатысты барлық ақпаратты билік жасанды, өтірік сценариймен берді. Тоқаев бір рет те еркін пресс-конференция бере алмады. Қазақша сұхбатын суфлердан оқыды. Мұның бәрі – журналистикаға деген биліктің қорлауы, менсінбеуі, азаматтық институт ретінде дамытуға құлықсыздығы. Әділетті жаңа Қазақстанды еркін медиасыз құру мүмкін емес.
Болжам… Журналистердің қамалуы, медиамен күрес
Алдағы жылы журналистикада не боларын болжай алмаймын. Болжам жасау аса абыройлы тірлік емес. Алайда биыл қазан айында қамалып шыққан блогер-журналист Думан Мұхамедкәрім оқиғасы журналистерге көзқарасты айқын көрсетті. Әлі де қамауда жатқан Михаил Козачковтың ісі әділ қаралса деп ойлаймын. Әріптес Махамбет Әбжан ісінен де ақпарат аз. Яғни, билік өзіне жағымсыз, ұнамайтын журналистермен, медиамен күресудің орнына ақпаратты берсе екен деп тілеймін. Президент және оның айналасындағылар шынымен іс жүзіндегі ашықтыққа ұмтылса.
Билікке жалтақтамайтын журналистика – демократияны орнықтыру амалы
Тоқаевқа біз ол Президент болғалы сан мәрте сұхбат сұрап, хат жазып келеміз. Алайда үнемі бас тартады. Оның айналасы да есігін тарс етіп жабуға тырысып жүр. Бұлай болмайды, ашық қоғам орнатудың, қоғам пікірін ескерген әділ жүйе құрудың негізгі бір жолы – ашықтық. Іс жүзіндегі ашықтық. Осы себепті, енді 7 жылдық президенттік мерзімді меншіктеп алған Тоқаев және оның командасы еркін баспасөз арқылы әр мәселеге өз көзқарасын айтуға, дәлелдеуге, тіпті дауласып көз жеткізуге тырысса деймін. Үмітім аздау, бірақ шынайы демократияны іс жүзінде орнатудың амалы – нағыз журналистиканы, билікке жалтақтамайтын журналистиканы орнату. Онсыз өздері сынап жүрген отызжылдық ескі жүйе болып қала береміз.