17 наурыз күні Ақордада Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты салтанатты іс-шара болып өтті. Мемлекет басшысының қатысуымен өктен айтулы шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.
Құрмет қарауылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын салтанатты түрде ортаға алып шыққан соң еліміздің Әнұраны орындалды. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын жариялады.
Содан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Салтанатты рәсімнен кейін Президент сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзінің басында: «Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық», – деді. Жаңа Конституцияның мән-маңызына тоқталған Мемлекет басшысы:
«Мемлекетіміздің бас құжаты – халық болмысының мызғымас нышаны, берекелі ауызбіршілігіміздің символы. Азаматтарымыз таңдаған жаңа Конституция Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашады!» – деді.















