Қазақ халқының қос арысы Мекемтас Мырзахметұлы мен Мұхтар Мұқанұлы Мағауин дүниеден өтті. Екеуі де қазақ әдебиетіне мол олжа салған ардагер қаламгерлер еді. Екеуі де шынайы өмір сүріп, ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп, қазақ халқының арғы-бергі тарихын сарыла зерттеп, ұлт руханиятының абыздарын дәріптеп ұрпаққа мол мұра қалдырды. Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасқа, Мұхтар Мұқанұлы 85 жасқа қараған шағында фәниден бақиға көшті.
Белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы ұлт руханиятының абызы абайтану, бауыржантану, мұхтартану, яссауитану және Абайдың поэзиясына қатысты құнды еңбектер жазды. Мекемтас Мырзахметұлы осы ұлы тұлғалардың мұрасын жинап, келер ұрпаққа талдап, жүйелеп, қағазға түсіріп, тұтас ұлтқа рухани мирас қалдырды.
Шәкірт баптап, артына мұра қалдырған ғалымның денесі 11 қаңтар күні кіндік қаны тамған Түркістан өңіріне қарасты Майтөбе ауылындағы «Шөлтөбе» бейітіне жерленді.
Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы Мұхтар Мағауин қазақтың рухани тарихындағы ерекше реңкті қалыптастырған ірі суреткер еді. Мағауин – тек әдебиетшілер үшін ғана емес, мәдениеттанушы, ғалымдар мен тарихшылар үшін де мол мағлұмат, терең тақырып, шүйгін ой ұсынған, дәлелін дәлдеп, өзіндік тұжырыммен кестелеген олжасы мол ойшыл еді. Әсіресе жыраулардың алдаспан рухын ешкім Мағауинсіз атай алмасы анық. Ол жыраулар мұрасын жаңғырта отырып, тілге жаңа леп, ойға орамды мазмұн әкелді. Оның шығармашылығы арқылы ұлт рухтанып, жастардың жігеріне жалын бітті.
Мұхтар Мағауиннің жаназасы 11 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд штатында жергілікті уақытпен 10:00-де түріктің Diyanet Center of America мешітінде өтті. Әрі сол штаттың зиратына жерленеді.
Екі арыс та бір күнде жер қойнына табысталды.
Топырақтарың торқа болсын, мекендерің жұмақ болсын, қазақ әдебиетінің қос қара нары!
Қос бәйтерек құлады... мәуелі еді,
Екеуі де тарихтың дәуірі еді.
Көк аспаннан қос жұлдыз ағып түсіп,
Қайтадан болашаққа әуеледі.
Артында қалды жұрты – алты алашы,
Тіл мен діл деп талаймен тайталасты!
...Уақыт деген аруана боздап тұр-ау,
Ауыр жүктен босаған соң арқа-басы!
Қазақтың өтті өмірден қос алыбы,
Білінбей тіршілікте осалдығы!
Руханият пен жәдігерге лықа толы,
Болашаққа қалдырған қос сандығы!
«Qazaqstan dauiri» газеті мен
«Мөлдір бұлақ» журналы ұжымы