Қазақтың ұлы ханшасы – Айғаным

Қазақтың ұлы ханшасы – Айғаным

Айғаным Сарғалдаққызы – Ұлы Абылай ханның тұңғыш ұлы, тақ мұрагері, орта жүзді 38 жыл басқарған Уәли ханның кіші ханымы. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін, ханның орнын /1821-1822/ басып хан болған. ХІХ ғасырда қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері. Ұлы ғалым Ш.Уәлихановқа адамгершілікпен, білім, ғылымның жолын ашуда өнеге болған әжесі. Үстіміздегі жылы Айғаным ханшаның туғанына 240, дүниеден озғанына 170 жыл толады. Осы орайда ханшаның өмірінен аз мағлұмат беріп, ескерілмей жүрген кей жайларды билік болып, көпшіліктің көкейіне жеткізуді жөн санадым. Айғаным Сарғалдаққызы 1783 жылы Есіл бойында туған. Айғанымның әкесі Сарғалдақ қожа Бұхарда оқыған білімді, әулие адам болыпты. Дерек бойынша Сарғалдақ қожа Шығыс Қазақстаннан Абылай ханға еріп келген және ханға кеңесші, орданың имамы болған. Сарғалдақ қожа Абылай ханның кеңесімен Қытай, Қашғарияда мемлекет басқарған қожалармен елшілік байланыс орнатқан дипломат. Сарғалдақ қожаның Зура деген қарындасын Абылай хан алған. Зурадан туған Тоқ, Қасым, Арық деген үш ұлдың аты белгілі. Абылай заманынан кейін, Сарғалдақ Ергенекті уақтың болостной старшыны қызметін атқарған. 1773-1775 жылдары, яғни Е.Пугачев көтерілісіне қазақтар қосылып кете ме деп секемденген Ақ патша қазақтардан адалдыққа ант алған. Осы ант берген қазақтың игі жайсаңдарымен бірге Ергенекті уақтар атынан Серкебаймен бірге Сарғалдақ Өтешев антқа қол қойған. Одан кейін 1791 жылы шамасында тағы да Ергенекті Уақ болысының старшыны ретінде «Саргалдакхожа Утьяшев» деп қол қойғаны нақты жазылған. Қол қоюшылар ішінде Есенейдің әкесі Естемес Сейітов, Жылғара Байтоқин, Дәулеткерей сұлтан сияқты көптеген атақтылар болыпты. / Рус-Каз. Отнаш. ХҮ111-Х1Х в/ Сарғалдақ 4 әйел алған. Айғаным өзбек әйелінен туған. Сарғалдақ қожа – Әзірет Әлінің 43 ұрпағы. Әзірет Әлінің Мұхаммед-Ханафиясынан тараған түркі жұртын бейбіт жолмен ислам дініне кіргізген Ысқақ баб / Баба ата/, оның ұрпағы Қожа-Ахмет Яссауидің туған бауыры Садыр шайх, осы Садыр атаның 5 ұрпағы Камаладин шайх. Яғни Әзірет Әлінің 23 ұрпағы Камаладин шайхтан өрбіген қожаларды «Бақсайыстар» дейді. Бақсайыстың 20-ұрпағы – Сарғалдақ қожа, әкесі – Әбдіқожа, оның әкесі – Өтеш. Яғни Сарғалдақ жазбада Өтешов болып жазылған. Әбдіқожадан Сарғалдақ, Бердіқожа т.б. балалар туған. Бердіқожа – Әуез – Омархан – Мұхтар. Яғни ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың 3-атасы. Сарғалдақ қожаның 4 әйелінен 10 бала болған. Екінші өзбек әйелінен 3 бала Бегәлі / Пір-Әлі/, Мырзалы /Мырза-Әлі/ Айғаным туған. Абақ керейге Әбілпейіздің ұлы Көгедай төре болып барғанда, Сарғалдақ қожаның бәйбішесінен туған ұлы Жәмшіні кеңесші молда ретінде жіберген.

 

Уәли ханға қойған шарттары

Айғаным барлық қазақ қыздарына тән балиғат жасына толар-толмаста Орта жүздің ханы Абылай ханның үлкен ұлы Уәлиге тағдырдың жазуы бойынша тұрмысқа шықты. Айғаным ол кезде ханша болуды ойлады ма, жоқ па? Оны тек бір Алла біледі. Уәли кезекті бір ел дауын шешуге Есіл бойындағы... Сарғалдаққожаның ауылына келеді. Сол кезде толықсып жүрген Айғанымды көріп, қызға көңілі ауып, хандығын алға тартып құда түседі. Қазақ салты бойынша Абылай қожаға күйеу болғандықтан, Уәли жиен саналады. Жиендігін алға тартып, сүйек жаңғырту дегенді Сарғалдаққожаның есіне салады. Сарғалдаққожа ұрпақ тәрбиесіне әсіресе әйелдер, қыз-келіндерінің тәрбиесіне орасан зор мән беріп, мұсылмандық құндылықтарды бойына сіңірген. Қыздарын бөтен көзден таса, тәрбиелі ұстаған. Ұсынысты естіген әулие Сарғалдақ қызының ертеңін ойлап әрі-бері толғанады. Өрімдей қызын шалға беруге қимайды, бермейін десе, маңдайына жазылғаны осы болса, не шара және ел басқарған хан. Ханға қыз бермей ханды жерге қарату исламды берік ұстаған қожаға жат қылық болады. Толғана келе, шешімін Айғанымның өзіне қалдырады. Құдалыққа қарсы болмауды, Уәли бір елдің бетке ұстаған ханы дегенді тұспалдап жеткізеді. Ерке бұла өссе де, жастайынан оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу қыз алды-артын болжап, әкенің шарасыз хәлін түсініп, кесімін өзі айтады.

Уәли ханға: «Мені шынымен ұнатып әйелдікке алғыңыз келсе, мына шарттарымды орындайтын боласыз», – деп тілегін айтып, кесімін жеткізеді. Онда: «Алдыңғы әйелдеріңізден бөлек қоныс сайлайсыз. Қонысты менің төркіндеріме жақын маңнан сайлаңыз. Менен тараған ұрпақтар мұрагерлікке бірінші кезекте сайланатын болсын. Балаларға білім, ғылым үйретуіме кедергі келтірмейсіз», – деген шарт қояды. Хан Айғанымның шарттарын орындап, басқа әйел, балаларын Бурабайда қалдырып, жаңа қонысын Есілге таяу Сырымбетке көшіреді. Сарғалдақ қожа қызының жас, мұсылманша оқыған, өзгеден ерекше және көптің бірі емес, көп әйелдің бірі деп санамауды ханға ескертеді. Қызының 6 тіл меңгерген, озық ойлы, алғыр болып өскенін мемлекет ісіне араластырса, қателеспейтінін алға тартады. Айғанымды ұзатқанда қызына Бегәлінің Есен деген баласын ертіп жібереді...

Айғаным Уәлиден 9 құрсақ көтереді. Шыңғыс дүниеге келер күні Айғанымның ағасы Бегәлі (Пір-әлі) қожа келіп қонады. Осы кезде Айғаным толғатып жатса керек. Айғаным аман-есен босанып, дүниеге ұл келеді. Сүйікті әйелінен туған төртінші ұлына көңілі шалқып, қуанған Уәли аузы дуалы қожа қайнағасына балаға ат қоюды өтінеді. Бегәлі арғы-бергі тарихты саралай келе: «Жиенге жарты әлемді жаулаған ұлы қаған бабасының дүниеге таралған есімін қоюды жөн көрдім. Әкел баланы!» – деп, азан шақырып, қамат түсіріп, сенің есімің «Шыңғыс» деп, құлағына 3 рет дем салып, дауыстапты. Балаға ақ батасын беріп, ұзақ ғұмыр, барша мұсылманға, қазаққа береке-бірлік тілеп, батасын аяқтаған соң, көпшілікке былайша баяндапты.

– Бүгін әулие аталарым түсіме кірді. Атам: «Қарындасың аман-есен босанып ұл табады. Есімін Шыңғыс қой. Хан тұқымдарының басы да, соңы да Шыңғыс болады. Одан соң, ханнан тақ, қазақтан бақ таяды... алуан-алуан жол болады. Қазақтың көптен соң жолы болады. Бірыңғай жамандық бола бермес, келешекте Қазақ іргелі ел болады...» – деп қожекең өзімен-өзі күбірлеп кетіпті. Бұл – 1811 жылы. Уәли 1821 жылы қайтыс болып, Айғаным 38 жасында 9 баламен жесір қалады. Айғаным ұлдарының ішінен Шыңғысты ұлының бөлек жаратылысын байқаған ба, әлде ағасының жоғарғы сөзі түрткі болды ма, ерекше жақсы көріпті. Балаларының барлығы да осал болған жоқ. Бірақ ең танымалы – Шыңғыс және оның ұлы Шоқан. Айғаным озық ойы, білімінің арқасында заманның ағымын жете түсініп, орыстың өркенін аңдап, балаларын орысша оқытып, орыспен достық қатынаста болғанды жөн көрді. Жөн көрмесіне де амалы жоқ еді. Орыс күн сайын күш алып, Азияны жаулап келе жатты.

Айғаным Уәлиден 9 құрсақ көтереді. Шыңғыс дүниеге келер күні Айғанымның ағасы Бегәлі (Пір-әлі) қожа келіп қонады. Осы кезде Айғаным толғатып жатса керек. Айғаным аман-есен босанып, дүниеге ұл келеді. Сүйікті әйелінен туған төртінші ұлына көңілі шалқып, қуанған Уәли аузы дуалы қожа қайнағасына балаға ат қоюды өтінеді. Бегәлі арғы-бергі тарихты саралай келе: «Жиенге жарты әлемді жаулаған ұлы қаған бабасының дүниеге таралған есімін қоюды жөн көрдім. Әкел баланы!» – деп, азан шақырып, қамат түсіріп, сенің есімің «Шыңғыс» деп, құлағына 3 рет дем салып, дауыстапты.

 

Ел ісіне араласып, хан болуы

Ақылды, парасатты, алғыр, өжет Айғаным Уәли дүниеден өтпей тұрып ел билігіне араласады. Хан қайтыс болғаннан кейін елінің, халқының мүддесі үшін ел тізгінін ұстамасына болмады. Хан көзі тірісінде тақ туралы өсиет қалдырмаған. Осы себеп бар және ел алдындағы беделі, көзі ашық, сауаттылығы, ел тізгінін өзінен туған балаларына ұстатуға ханнан алған уәде, балаларының, әсіресе Шыңғыстың келешегі үшін ел басқаруға мәжбүр болады. Ресей Айғанымды хан деп таныды. Шыңғыс ол кезде небәрі 10 жаста. Айғаным 1822 жылы шыққан «Сібір қазақтары туралы ереже» деген қазақты бөліп ал да, бөлшектеп биле деген жымысқы саясатын іске асыратын бағдарлама бекітілгенге дейін хан болды. Бұл ереже шыққаннан кейін де Айғанымның дәрежесі төмендеген жоқ. Айғаным жылына 400 рубль жалақы алып тұрған. Сол кезде қой 6, жылқы 80 тиын екен. Керісінше Солтүстік өлкедегі маңызды оқиғалар Айғанымсыз өтпеген. Айғаным хандық құрған кезде бірінші Александр патша Омбыға келеді.

Омбының генерал-губернаторы А.А.Сотников Айғанымға хат жазып, қазақтың салтдәстүр, қолөнерін көрсетуді сұрайды. Осы жолы патша Сырымбетке арнайы келді деп те айтылады. Айғаным 1822 жылдың қараша айында Тобыл қаласындағы Батыс Сібір өлкесінің Бас басқармасына хат жазып, өзіне қарасты елдерге тиесілі жерлерді заңдастырып берумен қатар Сырымбетте жайлы қоныс салып беруді өтініп хат жазады. Өтінішті Батыс Сібірдің генерал-губернаторы, генерал-лейтенант П.М.Капцевич Санкт-Петербургтегі Сібір комитетіне жеткізеді. Өтінішпен танысқан Михайл Сперанский мен инженер-подполковник Гаврил Батеньков Айғаным ханшаның ниеті Ресеймен ынтымақта болу екенін байқайды. Ханшаның тілегін Александр патшаға жеткізіп, жақсы жағынан түсіндіреді. Патша 1824 жылы 28 қаңтарда жарлық шығарып, Сырымбеттен Есілге дейінгі алқапты Айғаным ханшаның иелігіне бекітеді. Қоныс салуға бес мың сом бөледі. Айғаным алғашында өзіне жайлы үй, мешіт-медресе, соңынан қонақ жай, монша, тіпті жел диірмен де салдырады. Тобыл қаласына барып, генерал-губернатордан егін егуді білмейтін қазақтарды егіншілікке баулу мақсатымен, диқаншылыққа қажет тұқым, құрал-сайман, егіншілікті үйрететін маман сұрайды. Өтініш бойынша қазынадан төрт соқа, 8 тырма, 40 пұт қара бидай бөліп, кәсіп үйретуге Антон Лыгачин деген маманды жібереді. Орыс-қазақ тілінде жазылған ресми хат, аударманың мәтіндерін өзі бақылап, қате болса түзеп отырған. Академик Ә. Марғұлан тауып, зерттеген Айғаным жазбаларының саны 100-ден асады екен. Н.П.Семенов-Тяншанский: «Шоқанның әжесі Уәлиханның жесірі Айғаным өз балаларымен бірге Россияға айнымас адал досы болып қалды. Александр 1 Айғанымға қырғыз сахарасында үй салдыруға әмір еткен. Ш. Уәлиханов сол үйде туған», – деп жазыпты. Ш.Уәлихановтың таңдамалы жинақтарында Айғанымның бейнесі өте анық берілген. Онда: «Ш.Уәлихановтың әжесі Айғаным (1783-1853) парасатты, терең ойлы әрі көреген, өзінің заманына қарай білімді болған әйел. Ол шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің азиялық департаментімен және Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазысып, байланыста болған. Жергілікті халықтың арасында өте беделді болған. Архив мәліметтеріне қарасақ, Айғанымның қоғамдағы орны, саяси көзқарасы, ойлаған ой мүдделері өте ауқымды болғанын аңғарамыз» деген қорытындыны оқимыз.

 

Келешекті ойлаған кемеңгерлігі

Өзі салдырған мешітке Құтмұхаммед Иманқұлов деген молданы алдырып, өзінің және ауыл балаларын оқытады. Негізі Қ.Иманқұловты патша шенеуніктері жіберген. Ол тұңғышы Шыңғысты ауылда мұсылманша хат танығаннан кейін 14 жасында 1827 жылы Омбыдағы Сібір казактарының линиялық әскери училищесі жанындағы Азиялық оқу орнына түсіреді. Шыңғысты оқуға түсіруге қаншама қиыншылық көргені жайлы деректер бар. Өзі жасында мұсылманша көп оқыған, араб, шағатай, парсы тілін және орыс тіліне де жетік болған. Осы жайға терең үңілген ханша, заманға сай оқусыз ілгері басу, әсіресе орысша оқымау бос әурешілік дегенді жақсы түсінеді. Айғаным тек өз балаларын ғана емес, оқуға құштар Мұқаметқали, Төрежан сияқты зерек балаларды оқуға түсіріп, көмектескен. Шыңғыстың оқуға деген құлшыныс, ынтасын арттырып, ел жайын, дүниетанымына бағыт-бағдар беріп, жан-жақты бақылап отырған. Осының нәтижесінде Шыңғыс 1834 жылы оқуын ойдағыдай бітіреді. Орыс тілінде еркін сөйлеп, жазатын болады. Анасының ізгі тәрбиесін, қамқорлығын, білім-біліктілігін жете түсініп, үлгі алған Шыңғыс жиырмаға толар-толмаста ақыл-парасаты толысқан азаматқа айналады. Шыңғыс оқу бітірген кезде Аманқарағай дуаны ашылады. Айғаным елдегі және Ресей патшалығының алдындағы беделінің мықтылығын көрсетіп, жиырма беске толмаған Шыңғысты аға сұлтандыққа ұсынады. Айғанымның ел басқарған тәжірибесі, хан болғанын ескерген Ресей ұлықтары, анасының көмегімен ел тізгінін ұстап кетеріне сеніп, Шыңғысты 1834 жылы күзде аға сұлтандыққа бекітеді. Халық ежелгі салт бойынша ақ кигізге сап хан ретінде ұлықтайды. Шыңғыс майор шенін алады. Есіл мен Тобыл арасындағы елдің жайын ойлаған Айғаным Аманқарағай дуанының ашылуына себепші болған... Шоқан 1835 жылы туған, азан шақырып қойған аты – Мұхаммед-Ханафия. Айғаным өзінің байырғы ата-бабасының атын тұңғыш немересіне қоюы тегін емесі түсінікті. Мұхаммед-Ханафия оның ұрпақтары түркі әлеміне ислам аша келген әлемге мәшһүр тарихи тұлғалар. Шоқан әкесі Шыңғыс сұлтан ашқан Құсмұрындағы алғашқы қазақ мектебін бітірген соң, 1847 жылы Омскідегі əскери оқу орны – Сібір кадет корпусына түседі. Шоқанның сана-сезімі ерте оянып, ақылойы тез жетілуі – әжесінің тәлім-тәрбиесінің нәтижесі. Ғалым Ә.Марғұлан: «Айғаным Шоқан үшін... халық даналығының сарқылмас бұлағы болды», – деп атаған.

 

Солтүстікті сақтап қалған

Айғаным білімі, озық ойының арқасында заманның ағымын жете түсініп, орыстың өркенін аңдап, орыспен достық қатынаста болғанда елі өркендеп, тыныштық болатынын ерте сезді. Өркенді орысқа сайын далада арқаны кеңге салып, бөлек-бөлек көшіп, өзді-өзі қырқысып жүрген қазақтың әлі келмейтінін сезіп білді. Осы жайды жете түсініп, орыс халқы және солардың зиялы қауымымен жақсы қарым-қатынас орнатты. Ол Кенесары хан көтерілісін іштей жақтаса да, ашық қолдауға болмайтынын біліп, кей жағдайда бейтарап болды. Бұны ұлы аға сұлтан Шыңғыстың әрекетінен көруге болады. Хандық заман қайтып келмесін орыстың іс-әрекетінен ана мен бала жете түсінді. Шыңғыс Кенесарының бірігуге шақырған жаушыларын қабылдамады. Бұл істі Шыңғыс анасымен ақылдасып шешкені белгілі. Ашуланған Кенесары Айғаным ауылын шаппаққа қамданғанда, қарындасы Бопай: «Еркек басыңызбен сіз барғаныңыз жөн емес, мен шабам!» – деп, Айғанымның Сырымбеттегі қонысын шауып, малын айдап кеткен. Осыдан кейін Шыңғыс түбегейлі патша жағына шыққан. Бірақ ана мен бала Кенесары ауып кеткенде, артында қалған оның туған-туыстарынан көмегін аямаған. Егер Айғаным мен Шыңғыс Кенесарымен бірігіп оңтүстікке ауып кеткенде... мына солтүстік өлкенің тағдыры не болар еді? Ал, Айғаным мен Шыңғыстың Кенесарыны жақтамағанын қазақтың игі жақсылары естіп, біліп отырды. Көзі ашық, көкірегі ояу Айғанымның елінің, жерінің ертеңін болжап біліп отырғанын ел түсінді. Айғанымның көрегендігінің арқасында солтүстіктегі қазақ жұрты орысқа бодан болып қалса да, ел мен жерін сақтап қалды.

 

Ханшаның шарапаты

Айғаным ханшаның шарапаты өз маңындағы елден асып атақты Құнанбайға да тиген екен. Бердіқожаның қызы Нұрғанымды Құнанбай тоқалдыққа алғаны «Абай жолы» романынан белгілі. Құнанбай аға сұлтандықтан кетіп Мұсақұл, Тоқпанбет төбелесі сияқты жер дауы ушығып, Құнанбай Омбыға айдалады. Осы кезде Құнанбайға жақын жүрген Бурахан Сырымбетке келіп, Айғанымға мән-жайды айтып көмек сұрайды. Айғаным Шыңғысты Омбыға жібереді. Шыңғыс ол кезде Дала генерал-губернаторының қазақ істері жөніндегі кеңесшісі. Шоқан генерал Госфорттың адьютанты екен. Сөйтіп Құнанбайды аман алып қалады. Айғанымның Құнанбайды құтқаруының сыры, Құнанбайдың тоқалы Нұрғаным Бердіқожаның қызы. Айғаным Сарғалдақ қожаның қызы. Ал, Сарғалдаққожа мен Бердіқожа аға-бауыр. Нұрғанымды тоқалдыққа сұрағанда Бердіқожа қатты қарсы болыпты. Көшіп кетуді де ойлаған. Ағайынның басындағы жайды Нұрғаным білмеді дейсің бе? Құнанбай да хан болмаса да бір елдің ардақтысы. Түсінген Нұрғаным әкесіне басу айтып, өзі мәмілеге келген дейді. Нұрғаным апайы саналатын Айғанымның тағдырын естіп, білмеді дейсің бе? Білді, шешімін өзі шығарады. Ағайынды Сарғалдаққожа мен Бердіқожаның қарым-қатынасын көріп жүрген Құнанбай қожа тұқымымен етене жақындасудың сыры, орыс ұлықтарының өктем тегеуріні, қатердің үлкені осылардан келетінін кемеңгер Құнанбай сезген болса керек. Және қатер болса орыспен араласып отырған, орысқа беделді Айғаным, Шыңғыс, Шоқандардың пайдасы, қандай бір жағдайда тиерін сезді, онысы нәтиже берді. Бұл деректен басқа да Айғанымның елге, жеке тұлғаларға тигізген шарапаттары тізбелесе жетерлік.

 

Айғаным қонысын жаңғыртудағы «Qazaqstan dauiri»-нің бастамалары

Сырымбеттегі Айғаным қонысы Бопай шабуылынан кейін 1930 жылы коммунистер шабуылына ұшырап, құрылыс түгелімен жойылады. Қыстақтың орнын 1980 жылдары тауып, сол орынға 1993 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимараттар қалпына келтіріледі. Тарихи орынның ашылу салтанатына экс-Президенттер Н. Ә. Назарбаев, И.Кәримов /Өзбекстан/ және А. Ақаев/Қырғызстан/ қатысады. Сырымбет ауылында Шоқанның мұражайы бар. Шоқан мұражайы жаңартылып, жөнделгенін көрдік. Айғаным қонысы жұпыны, жәдігерлері азайған, құрылыстар құлазыған кейіпте екен. Айыртау ауданынан Сырымбет ауылына баратын жол толық жөндеуден өтпесе, өте нашар және Айғаным қонысы жаздың бірнеше айынан басқа мезгілде баруға қолайсыз. Қыста қар басып жол болмайды. Қыстақта жылу жоқ. Тарихи орынды көруге баратындар үшін бүгінгі күні өте күрделі.

Айғаным Сырымбеттегі қонысында қайтыс болған. Ол жайлы Ш.Уәлиханов: «1853 жылы 19 қарашада, бейсенбі күні, екінті намаз кезінде қырғыз-қайсақ орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі Сарғалдақ қызы Айғаным 70 жасында дүние салды ...» – деп өз қолымен жазғаны архивте сақталған. Шоқан асыл әжесін жерлеуге қатысып, ислам рәсімімен топырақ салған. Жаназасын ағасы Пір-әлі қожа шығарады. Зираты қонысынан алыс емес. Осы зиратта Шыңғыс, Жақып, Мақының да бейіті бар. Айғаным ханшаның бейіті басына жеке тұлғалар жаңалап екі рет құлыптас қойыпты. «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызының бастама ұсынысына орай сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың тікелей қолдауымен 2015 жылы Айғаным Сарғалдаққожа қызының басына кесене тұрғызылды. Кесене зираттан шамалы алыс. Әттеген-айы, қабірінің басына күмбез орнатылмады.

Айғаным үш жүзге атағы жайылған, болашақты болжай білген кемеңгер, ормандай орысты мойындатқан ХVІІІ ғасырдағы қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері, ел басқарған хан, ұрпақ тәрбиелеген парасатты, тәлімі мол ана, әже ретінде тарихта аты қалған дара тұлға. Үш жүздің қазағына танылып, орта жүзді ақыл-парасатымен басқарып, жабырқағанға жағдай жасады, ұлты, халқы үшін аянбай еңбек етті. Айғанымның тәлім-тәрбиесін көрген немересі Шоқан Азия жұртының арасынан ерекше таланты, білімімен әлемге танылды. Өкініштісі Кеңес кезінде Айғаным аталмады, тәуелсіздік басталған 30 жылда Айғаным ескерілмеді, еңбегі бағаланбады.

Қазақтың дана қыздарының алдыңғы қатарынан ойып тұрып орын алатын, орта жүздің соңғы ханы Айғаным ханшаның туғанына 240, өмірден озғанына биыл 170 жыл толады. Осы орайда Қазақтың ұлы ханшасының даталы мерекесін республикалық деңгейде атап өтіп, қала, аудан орталығында көше беріліп, ескерткіш тұрғызылса, ел және аруақ риза болар еді. Бұл игі шараны ұйымдастыру, бастама көтеру Солтүстік Қазақстан облысы жұртына тиесілі дегенді баса айтқым келеді.  

ДАХАН ШӨКШИРҰЛЫ ЖӘМШІ
02.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 246
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 242
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 744
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 867
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 780

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8937
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8331
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11559
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9316
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10543