Ақтөбеде қазақылықты бойына сіңірген ерекше кәріс отбасы тұрады. Құдалыққа барып, қазақша той жасап жүрген отбасы мүшелері «kaz.nur.kz» тілшісіне арнайы сұхбат берді. Геннадий Югай жақында анасымен бірге кіші қажылыққа да барып келген. «Бізге Алла осындай сый жасады. Қасиетті жерде анаммен бірге қонақ қылды. Алған әсеріміз ерекше. Маған ең бірінші Нұрсұлтан Әбішұлының Меккеге баруы, қағбаға кіру оқиғасы қатты әсер етті. Кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы да қасиетті Қағбаға кірді. Қазақ егемендікке сабырлылығымен жетті деп ойлаймын. Содан кейін мен де дұға етіп жүрдім. Намазға келдім. Жыл басында кіші қажылыққа бардық. Мекке, Медина қаласын көрдік», – дейді Геннадий Югай. 40 жастан асқан кәріс жігітінің анасы – Надежда Ким, әкесі – Николай Югай. 1938 жылдардағы қуғын-сүргін уақытында Геннадийдің ата-әжесі Қазақстанға келген. Бүгінде 82 жастағы анасы төрт баладан жеті шөбере сүйіп отыр.
«Анам Қазақстанда дүниеге келді. Латын әрпімен жазылған құжаты әлі күнге дейін сақталған. Сол кезде әскерилер ауыл азаматтарын шошытып, аталарымызды «адам жегіштер» деп көрсеткен. Пойыздан түсіріп, 100 шақырым жерді жаяулатып, алыстағы ауылға апарғаны, жол бойы қаншама адам қаза болғаны айтылады. Аман қалғандары Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Бөгетсай ауылына қоныс тепті. Қазақы ауыл кәрістердің тілін түсінбесе де, әйелдер мен балаларды үйлеріне алып кеткен. Өздеріне тамақ жетпей жатса да, балаларының аузынан жырып, аталарымызға бөліп берді. Соның арқасында екі мыңдай кәріс азаматы аман қалды», – дейді ол.
Қазақы ауылға әбден сіңіскен кәріс отбасы алыстағы фермада шопандардың жұмысын ұйымдастырған. Мал өсімін көбейтіп, үздік шопандар санын арттырған. «Осы елде өніп-өстім. Балаларым білім алды, ержетті. Бір адамнан жамандық көрмедім. Шалым Бөгетсайдағы 4-ші фермада басқарушы болды. 40 үйі бар қазақ ауылында жалғыз кәріс отбасы болып тұрдық. Ол кезде Гена үш жаста. Мен есепші болып істедім. Баламды жетектеп, кез келген үйге кіргізіп жіберетінмін. Қазақтың көңілінің кеңдігі ғой. Баламның тамағын беріп, үйлеріне ұйықтататын. Жеті жасына дейін ферманың балаларымен бірге әркімнің үйінде өсті. Аудан әкімдері «кішкентай кәріс бала бар, қазақшаға судай» деп, баламды іздеп арнайы келетін», – дейді анасы. Айтуынша, сол фермадағы алғашқы Наурыз мерекесі кәріс отбасының ұйымдастыруымен өткен.
«1991 жылдары қазақы мерекелерді атап өту туралы бұйрық түсті. Әкем ауыл қарттарын аралап жүріп, елдің дәстүрін қағазға жазды. Фермада ең бірінші рет Наурыз мерекесі тойланды. Қазанға әр үйдің дәмі салынды. Наурыз көженің дәмін тата алмай жылағаным есімде. Соңғы қасығына дейін үміт үзбей көжені қатты ішкім келді. Барлық адамға бөліп беріп, маған құймаған әкеме қатты ренжігенмін. Содан бері Наурыз мерекесін отбасымызбен атап өтеміз», – дейді ол. Бүгінде құдалыққа барып, қазақша той жасап жүрген кәріс отбасы елге әбден сіңісіп кеткендерін айтады. «Орысша сөйлеу үшін қазақша ойлап, содан соң орысшаға аударамын. Қазақылық бойға сіңіп кеткен. Шыны керек, өзімнің өзге ұлт екенімді 10 жасымда білдім. Сабақтан келе жаттық. Тозығы жеткен машинаның ішінен шашы өсіп кеткен, қап-қара бір кісі шықты. Қасымдағы балалар «қарбыз егетін кәріс» деп таныстырды. Сол жерде кешкілік қарбыз ұрлауға баратын болып келістік. Бардық. Бір бала шылдырмаққа сүрініп, қашқанымыз бар. Кейін әкеме қарбыз егетін кәрістер туралы әңгіме айтып бердім. Әкем «өзіңнің кім екеніңді білесің бе?» – деп күліп жатыр. Сол оқиға маған қатты әсер етті. Жаман адам болмауға, қиянат жасамауға, адал болуға ұмтылдым», – дейді ол. Геннадий заңгерлік қызметпен қатар қазір жүк көлігімен Қазақстан қалаларын аралап жүр. «Қазақстанның түкпір-түкпіріне тапсырыспен жүк тасымалдаймын. Әр жерге барған кезде ұлы адамдардың, батырларының басына зиярат етіп, құран оқимын. Абай атамыздың ауылын, Түркістан жерлерін аралап шықтым. Мәшһүр Жүсіп мешітінде болдым», – дейді ол.