«Қазпоштаны» монополияға айналдырып отырған кім?

«Қазпоштаны»  монополияға  айналдырып  отырған кім?

Шындығын айту керек, бүгіндері тәуелсіз елдің мемлекеттік тілде шығатын, Ахаңша айтсақ, «тілі мен көзі һәм құлағы» газет пен журналдарының жағдайы қиын. Қиын деген жеңіл болар, өте ауыр! Себебі, таралуында проблема жетерлік. Ол жайлы «Qazaqstan dauiri» газеті жазудай-ақ жазды. Айтудай-ақ айтты. Алайда, сөз сүйектен өтпеді. Жоғары жақ мыңқ етпеді. Жарлының сөзі жарды ұрып, жарылқамады.

Үміт үзіліп, арман жоғала бастағанда, бұлт астынан шыққан күндей, Парламент төрінен қырандай саңқ еткен үн естілді. Селт еткізді кіл естіні. Қолында мәртебелі мандаты бар, депутат деген нән аты бар, халықтың атынан сөйлеуге құжаты бар Ермұрат Бапи сеңді қозғапты. Көп сөйлеп, мыжып, созбапты. «Ел газеттеріне БАНКРОТ БОЛУ қаупі төніп тұр», – деп нығыздапты. Көтермелеп айтсақ, бозторғайдай шырылдапты! Парламенттен сөйлегесін, Үкімет елітіп, шенеуніктер құлақ түріп, рахаттана тыңдапты. Бірақ ешқайсысы сынбапты!

Ал депутат Бапи: «Елдегі қағаз үлгісінде шығатын баспасөз құралдары «Қазпошта» ұлттық компаниясының монополиялық қызметі салдарынан өте қиын қаржылық жағдайға тап болуда», – деп еңсесін тіктеп, ашуға басып, шындапты!

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға «ханым» деп, ханға тіке қарағандай көзбен атыпты, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты сөз оғымен «домалатыпты», «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жакеевті қанжар тілімен «жаралапты».

Онымен тоқтамай, аттарын тасқа басқандай атап-атап, депутаттық сауал жолдап, айтқан сөзін саралапты! Ешкімнің бет-жүзіне қарамапты!

Сонда депутат Бапи бүй депті: «Сөзімді тыңда, ей!» – депті! Соңғы 2-3 күннен бері Қазақстанның біраз аймағынан менің атыма шұғыл және уақыт күттірмейтін мәселе көтерген бірнеше өтініш келіп түсті. Алматы, Семей, Түркістан, Шымкент және басқа да өңірлердің журналистік ұжымдары дабыл қаққан бұл мәселенің мән-жайы мынадай (қаз-қалпында) айтайын деп, ашудан тізесі дірілдепті. Парламенттің іші қайнаған оттай гүрілдепті!

«Соңғы уақытта «Қазпошта» АҚ тарапынан көрсетілетін қағаз газеттерге қатысты қызмет ақыларының бірнеше есе өсірілуі республикалық тәуелсіз басылымдармен қатар, аймақтық, облыстық және аудандық газет редакцияларының алаңдаушылығын туғызып, оларға банкрот болу қатерін төндіруде.

Атап айтқанда, биылғы жылдың шілде айында пошта арқылы мерзімді басылымдарды тарату қызметінің ақысы 1000 пайызға дейін артқан болатын. Бұл өзгеріс баспасөз ұжымдары үшін қатты соққы болып, өңірлік және аудандық газеттердің қаржылық жағдайына ауыр тиді.

Ал жуырда баспасөзге жазылу қызметі үшін бұрынғы 17 пайыздық мөлшерлеме бірден 41,76 пайызға дейін көтерілгені жөнінде хабарлама алдық. Бұл шешім редакциялар мен журналистер қауымы үшін күтпеген және ауыр соққы болып отыр», – деп кең тыныс алыпты Бапи мырза. Сөзіне болыпты халық риза!

Сауалын әрі қарай былай өрбітіпті. Депутаттың арқасына сол кезде жал бітіпті! «Салыстырмалы түрде айтайын: мысалы, апталық газеттің орта есеппен 8 мың теңгелік жазылу ақысының 3 мың 200 теңгесі «Қазпоштаның» тарату шығынына жұмсалады;

3 мың теңгеге жуығы қағаз бен баспахана шығынына кетеді;

1 мың теңгеге жуығы кеңсе жалдауға, көлік және байланыс (интернет) қажеттілігін өтейді;

Сонда қалған 1 мың теңге ғана редакция қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады. Бұл жағдайда қағаз үлгісінде шығатын газеттерді сақтап қалу мүмкін емес қой!» – деп қойып қалыпты. Сөйтіп, жауапты шенеуніктерді сойып салыпты.

Әрі қарай былай көсіліпті, самал желдей есіліпті:

«Осыған байланысты сіздерге төмендегі сұрақтарымызды жолдаймыз: 

1. Ақпарат құралдарымен жасалатын келісімшарттар неге тек бір тараптың – «Қазпоштаның» мүддесін қорғайды? Бұл «Қазпоштаның» мүддесін көздеген көпе-көрнеу монополиялық жағдай емес пе?

2. Қызмет ақысының көтерілуі туралы шешім неге алдын ала ескертілмейді және БАҚ өкілдерімен талқыланбайды?

3. Көптеген өңірлерде мерзімді басылымдар оқырманның қолына уақытылы жетпей жатады. Бұл үшін министрлік тарапынан «Қазпошта» компаниясының жауапкершілігін арттыру мақсатында неге талаптар қойылмайды?

4. Салалық министрліктің есіне салайық: редакциялар жазылудан түскен қаражатты бірден алу мүмкіндігінен айырылған. Ақша тоқсан сайын бөліп беріледі. Осы қаражат «Қазпоштаның» есепшотында жатқан кезеңде кімнің мүддесіне қызмет етеді?

Бұл сауалдар – бір ғана басылымның емес, бүкіл республикалық және өңірлік қағаз үлгісіндегі газеттер шығаратын бұқаралық ақпарат құралдарының ортақ мәселесі», – деп түйіндепті. «Артымызда Москва» дегендей, кейін қарай шегінбепті.

Айтпақшы, «Бұл мәселені мен Балаева бикенің өзіне жеке жолығып, журналистер қауымының арыз-арманы ретінде тікелей өзіне айтуыма болар еді. Бірақ жағдайдың күрделілігі сол – бұл проблеманы бір министрлік шеңберінде шешу мүмкін емес. Сондықтан «Қазпоштаның» баса-көктеген монополиялық қызметіне қатысты мәселе ел Премьер-министрі Олжас Бектенов мырзаның, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясының басшылығының құлағына жетсін деп, бұл депутаттық сауалды жария түрде жолдап отырмын», – деп ескертіпті. Бұл сөздің астарына үңілсек, «тастаңдар» деген ой байқалады «ескілікті».

Депутаттың түйінді сөзі атан түйеге жүк болғандай салмақты, Президентті еске салғанына қарағанда, тереңге тастағандай қармақты!

«Бәріміздің есімізде болуы керек және бірлесіп шешуіміз тиіс бір маңызды мәселе бар: Мәдениет және ақпарат министрлігі мен әр деңгейдегі әкімдіктер мемлекеттік ақпарат тапсырысына (госинформзаказ) жалпы жиыны миллиардтаған теңге қаржы жұмсайды. Бірақ осы миллиардтардың тең жартысына жуығын «Қазпошта» ұлттық компаниясы сыпырып алатын болса, бұл мемлекеттік саясаттың логикалық қисыны қандай болмақ? Тек «Қазпоштаны» қаржыландыру үшін ғана ма?

Ал ел Президенті мен мемлекеттің саясатын насихаттау мәселесі қайда қалмақ? Біз неге бір компанияның қаржылық жағдайы үшін ұлттық саясатты құрбан етуіміз керек?!

Сондықтан көтерілген мәселелерге түсініктеме беріп, БАҚ редакцияларына жария түрде және ақылға сыйымды жауап берулеріңізді сұраймын! Әйтпесе, әртүрлі деңгейде газеттер шығаратын редакциялар басшылығы Түркістан қаласына жиналып, ел Президенті атына ашық хат жолдауға дайындалып жатқанын сіздердің естеріңізге саламын!», – деп қатаң ескертумен аяқтапты. Қамшы-сауалымен шенеуніктерді «тон кигізіп», таяқтапты! 

 

Нағашыбай Қабылбек
07.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 779

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19692
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19508
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34634
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33207
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37024