88 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің қоғамдық өмірі мен білім, ғылым, жалпы оқу ағарту саласының қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінің куәгері. 1934 жылдың 15 қаңтарында құрылған университет – ұлағатты ұстаздардың даналығы мен жастардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын
бойына сіңірген, таусылмас білім ордасы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – мемлекеттің инновациялық даму саясатын іске асыру мақсатында әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу жолында құрылымдық жаңару мен жаңғыру үстінде.
Оқу орнының негізгі бағыты – ғылыми-зерттеу әлеуеті жоғары, заманауи инновациялық жобаларды батыл іске асыратын, халықаралық деңгейдегі өзіндік ұжымдық рухы бар интеллектуалды орта қалыптастыру.
Бүгінгі таңда университетте жоғары кәсіби білім беру көпсатылы жүйесі бойынша 25 000-нан астам студент білім алуда. Оларға 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 30-ға жуық Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары сабақ береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттарының шетелдік тағылымдамалары халықаралық ынтымақтастықтың маңызды нысаны болып табылады.
Суретте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 7M05209 - Геоэкология және табиғатты пайдалануды басқару білім бағдарламасының 2 курс магистранттары, Түркия еліндегі Стамбул қаласындағы, Босфор университетінде шетелдік ғылыми-зерттеу тағылымдамасында.
Осыған орай, 2022 жылдың наурыз айында Түркия мемлекетінің Стамбул қаласындағы беделді оқу орындарында география және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері шетелдік ғылыми тәжірибеден өткен болатын. Магистранттарды жаратылыстану ғылымдарына маманданған Стамбул қаласындағы ең танымал оқу орындарының бірі Босфор университетінің қоршаған орта туралы ғылымдар институты қабылдап, шетелдік ғылыми тәжірибені жүргізді. Профессорлардың дәрістері университеттің жаңа кампусында өткен болатын. Шетелдік тәжірибеде магистранттар бірнеше профессорлардан сабақ алып үлгерді.
Шетелдік ғылыми-зерттеу тағылымдамасының негізгі мақсаты әлемдік ғылымның жаңа жетістіктерін игеру, экология саласындағы ғылыми, кәсіби қызметтің практикалық дағдыларын қалыптастыру болып табылады.
Сабақ барысында қоршаған орта туралы ғылымдар саласындағы жобаларды әзірлеу кезінде гипотезалар мен зерттеу тұжырымдамаларын әзірлеу олардың жасалу жолдарына, әдістеріне, проекцияларына тоқталып өтті. Әлемдегі экологиялық мәселелер жайлы сөз қозғалып, университет қабырғасында орналасқан зертханаларын аралап, студенттер мен ғалымдардың жүзеге асырылған жобаларымен танысты.
Магистранттардың сұрауымен дәрістен соң профессорлар жариялаған ғылыми жұмыстарымен, жүргізіп жатқан жобаларымен, ашқан жаңалықтарымен таныстырып, жұмыс реттілігі, жасалу жолдары, ақпараттар алуға тиімді дереккөздер мен парақшалар жайлы мәліметтерімен бөлісіп отырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің
Тұрақты даму бойынша
ЮНЕСКО кафедрасының
2-курс магистранттары және жетекшілері
т.ғ.к. Құрбанова Л.С., т.ғ.к. Түсүпова Б.Х.