Қоғам қайраткері Әміржан Қосан: Ақпарат майданы сананы билеп алды

Қоғам қайраткері Әміржан Қосан:  Ақпарат  майданы  сананы  билеп алды

Сөз бостандығы – конституциялық құқымыз әрі құндылығымыз. Оған шек келтіруге не оны шектеуге жол жоқ! Әсіресе әлеуметтік ақпарат майданында бұрын-соңды болмаған еркіндікке даңғыл жол ашылды. Өз басым, қоғамдық маңызы бар кез келген оқиғаның, соның ішінде билікке қатысты сынның ешкімнің бет-жүзіне қарамай, ашық айтылып, жазылып, көрсетілуін қалаймын. Бірақ ашығын айтсақ, алуан түрлі ақпаратпен сусындаған сананы хайп пен лайк, хейт пен фейк, буллинг пен троллинг, боттар, тренд пен сленг билеп алғаны хақ. Хайптың орны бір төбе, ақпарат ауылында оның құйрығы қайқы. 

Бүгінде сол хайп талғам мен тереңдік, сабырлылық пен салиқалық деген құндылықтарды жұтып қойды. Онсыз лайықты лайк жинай алмайсың. Скандал мен сенсацияны, өсек пен төсекті, біреудің тырнағы астынан кір іздеп, жөнсіз қаралап, күйелеп, жеке басқа тиісуді басты мақсат еткен. Тақырыбы «менмұндалап» айқайлап тұрған видеолар сан мыңдаған лайк жинайды да, қоғамдағы күрделі оқиғаларға салиқалы да сарабдал баға берген түсірілімдердің көрермені олардың санына жете алмай жатады. Хайптың тағы бір «қасиеті» бар. Оны оқыған ел-жұрт дүрлігіп, рас-өтірігіне бас қатырмай, соңынан еріп, елтіп, еліріп кете береді. Сөйтіп бірнеше күн бойына ол жаңалық елдегі ең басты оқиғаға айналып, оған үн қоспаған пенде бір нәрседен айрылып қалған бейшарадай күй кешеді. Хайпқа «қайырлы» айтпасаң, қылмыскер сияқтысың. Мәселен елді билікке қатысты бір сыни пікір еліктіріп, әлеуметтік желіде наразылық пен қарсылық қаулап кетсе болды, сол сәтте жұрттың назарын мүлдем басқа жаққа бұрып әкететін бір жасанды хайп пайда болады да, көпшілік жаңа ғана майын тамыза талқылап отырған жайтты ұмытып, келесі тақырыпқа оп-оңай көше салады. Сөйтіп бұған дейінгі хайптың құйрығы бір-ақ тұтам боп шыға келеді. Тобырдың қоғамға айналуы – тұтас бір кезең, ал қоғамның бір бөлігінің тобырға айналуы – бір-ақ сәт екен! Айтпақшы, саяси хайп тағы бар. «Мен ғана нағыз оппозиция, қалғандардың бәрі – биліктің құйыршықтары!» – деген хайптарды да оқып жүрміз. Әсіресе өз сөзінде: «Құрысын! Кетсін! Өңшең ұры-қары!», – деп, өзін батыр көрсеткісі келетіндердің өз хайпы бар. Сын, әрине керек. Бірақ, дәлелді боп жатса, артықтық етпес еді. Хайптың адам шошырлық әрі жиіркенішті түрі – хейт, яғни бір адамға деген жеккөрініштен, қызғаныштан, көре алмаушылықтан туған, адамгершілікке мүлдем жат құбылыс. Хайуандық хейттен кейін кей адам шейіт боп жатады. 

Ақпарат майданында сөзсіз чемпион ол – фейк! Әртүрлі – қоғамдық, адами – себептерден туған оның бүгінде тасы өрге домалап, дәурені жүріп тұр. Фейктің ең қауіпті формасы – шындықпен жанасып жатқан өтірік! Мәселен «пәленше деген шенді ішіп-жеп қойыпты» деген сөзге ел бірден сенеді, өйткені бізде жемқорлық – түйені жүгімен, биені түгімен жұтқан шенеуніктердің дәлелді қажет етпейтін дәстүрі, өмір салты. «КОВИД-ті аспандағы ұшақтардан сеуіп жатыр екен» деген лақапты да жұрт жоққа шығара қоймайды, өйткені безбүйрек билік онсыз да халықты құртып жатқан өкімет оған да баруы әбден мүмкін деп ойлайды.

Фейк пен хейттің салтанат құруының, оның артында тұрған адамдардың емін-еркін есіруінің бір себебі – оның анонимдік сипаты. Яғни аты жасырын адам ойына келгенін істейді, жауапқа тартылмайтынын біледі, сөйтіп адамаралық заңды өрескел бұзады. Боттар деген бәле де содан шығады. Олардың аты мен хаты бар да, заты жоқ! Хейттің бір «туысы» – буллинг, яғни нақты адамның артына түсіп алып, жүйелі түрде қудалау, өмірден түңілдіріп жіберу. Кейде жеке өмірге қатысты деректер ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына жайылып кетіп жатады. Троллинг секілді «ізіне түскіш» ақпараттық шабуыл жанрының түрлі-түрлі тұрпаты бар, кейде ол күлкілі, әжуалы сипат алуы да мүмкін. Ал әгәрәки біреу нақты тапсырыс берсе, тілінің бізі бар адамның троллингі біреудің түбіне жетуі де әбден ықтимал. Ондай троллинг не бір мықты тұлғаның, не топтың топалаңын шығарып жібереді. Оған желіде екі адам айтысып қалса: «үрит соқ, соқ!» деп арандатып, сырттан бақылап, содан рахат тауып отыратын  топтарды  тағы  қосыңыз. 

Бейнелеп айтсақ, әлеуметтік желі әлімжеттік желіге айналып барады. Жұртқа жеткізбек жаңалығың жалпыға жағатын трендке сәйкес болмаса, жазғаның жарамай қалады. Трендте болсаң – озғаның, трендтен тыс  болсаң – тозғаның! Түгел сөздің түбі бір, түп атасы... тренд боп кеткелі қашан. Оның үстіне, таза қазақша жазып, сәнге айналған сленгті қоспасаң, ол да қызық болмай қалды. Бұрын орысша сөз қосқаныңыз «заманауи мәдениеттің» нышаны болса, қазір сөз арасына ағылшынша термин қоспасаңыз, өркениет көшіне ілесе алмай, жұртта қалып қойғандайсың. 

Сөз жоқ, халықаралық терминдер керек-ақ. Бірақ оларды оңды-солды, «тисе – тереке, тимесе – бұтаққа» деп қолдана беру де білімділіктің белгісі болмаса керек. Осы жайттар тек қана әлеуметтік желі мен мессенджерлерде болса бір сәрі, осы оғаштау ортаға ресми және бейресми БАҚ еніп кететінін қайтерсің. Біздің біраз БАҚ ағартушылық миссиясын ұмытып, бір күндік қызықтардың соңына түсіп, мың күндік мүдделерді тәрк еткелі қашан?! Осынау өрескел жайттардың жайлау себебі, әрине түсінікті: сөз еркіндігі болғасын, жанр мен форма еркіндігі де болуы заңды. Бірақ осынау жайттардың тым өрескелденіп, өршеленіп, құбыжықтанып, қоғамдық қатынастарға кері әсер етуінің де өзіндік себептері бар сияқты. Хайп пен оның қатарластарын қабылдау не қабылдамау қоғамның өзінің даму деңгейіне байланысты. Оның оқып-тоқымаған, қоғамдық-саяси сауаты төмен топтары осы құйтырқыларға аса сенгіш әрі құлағыш боп келеді. Өзіне, өзгенің сөзіне сыни көзбен қарайтын, кез келген фактіні ой елегінен өткізетін көзі ашық адам хайп пен фейкке беріле бермейді. Мессенджерлерді меңгеру мәдениеті де маңдымай тұр. «Түйенің танитыны – жапырақ», Кеңес дәуірінде газет пен телевизорға сеніп қалған аға буын осы күнге дейін: «Ватсаптан көрдім ғой, ол өтірік болуы мүмкін емес!», – деп шырылдап жатады. Несі бар, «Аңқау елге – арамза ақпарат» дейтін халге жеттік. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал», сондықтан өз басым осы құбылыстарды аса жаратпасам да, демократ ретінде қабылдауға, сөз бостандығының сөзсіз салдары ретінде санасуға мәжбүрмін. Бірақ мені екі нәрсе қатты мазалайды. Біріншіден, осы үрдістің соңында жүріп, біз қандай ұрпақ тәрбиелеп шығамыз? «Желіде не көрсе, ұшқанда соны ілетін» өскелең ұрпақтың жастайынан осы нәрсенің бәрін тұла бойы мен ойына сіңіріп жатқанын ойласам, ішім қыж-қыж қайнайды.

Сөйтіп олардың ойлау, жазу жүйесінің іргетасы осы тұрпайылық және одан туындаған қарабайырлықтан қаланады емес пе? Бірыңғай хайпшыл һәм фейкшіл сана ертең ел басына түсер, тереңнен ойлап, алыстан болжауды талап ететін сындарға төтеп бере ала ма? Екіншіден, иә, сөз бостандығы керек-ақ. Бірақ ертең сөз еркіндігінің осы формаларын бәз біреулер ұлтымызға, мемлекетімізге қарсы пайдаланса, не істейміз? Осынау ықпалды әрі тиімді ақпараттық мүмкіндіктер елімізге қарсы саяси технологиялардың әдіс-құралы болмасына кім кепіл? Мәселен, соңғы кездегі тіл мәселесіне қатысты ресейлік саяси күштер дәл осы тәсілдерді пайдаланып жатыр емес пе? Біз болсақ, «мұның бәрі ақпараттық ашықтықтың салдары» деп қол қусырып отыра береміз бе?

Бұл сұрақтарға жауап іздеп жүргеніме біраз болды. Сіз не ойлайсыз, оқырман?

Ермек САХАРИЕВ
02.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 81
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 603
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 720
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 632
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 642

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8779
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8179
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11408
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9162
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10393