ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Өткен аптаның сенбісінде ауданымызға жерлесіміз, қоғам қайраткері,  халықаралық «QAZAQSTAN DAUIRI» газетінің бас редакторы, «QAZAQSTAN DAUIRI» медиахолдингінің және республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының бас редакторы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы жұмыс сапарымен келіп, аудан ақсақалдары, билік өкілдері, бөлім басшылары және ауыл тұрғындарымен кеңейтілген кездесуге өткізді. Сапар барысында елдегі, әсіресе ауылдардағы өзекті мәселелер талқыланып, қоғамның рухани ахуалы, жастар тәрбиесі, білім беру, денсаулық сақтау және елдімекендердің болашағына қатысты көптеген ұсыныстар айтылды.

Сәуле Мешітбайқызы өз сөзінде ең алдымен қазіргі қоғамды алаңдатып отырған аса маңызды мәселе – смартфонның тәрбиелік зиянына тоқталды. Оның айтуынша, қазір байқалып отырған суицид, буллинг, атыс-шабысқа толы ойындарға әуестік, ерте жүктілік сияқты жағымсыз құбылыстардың басым бөлігі телефоннан келетін тәрбиесіз ақпаратпен тікелей байланысты. «Баланың телефонда не көріп, кіммен сөйлесіп жүргенін бақылау – ата-ананың міндеті. Бала тәрбиесін телефонға тапсыра салу – болашаққа қауіп төндіру», - деді қоғам қайраткері. Сонымен бірге ауыл халқының қалаға үдере көшуі, кейбір елді мекендердің босап қалу қаупі де алаңдататынын жеткізіп, ауылдарды сақтап қалу үшін нақты бағдарламалар мен ынталандыру тетіктерін жасаудың маңызын айтты.

Осыдан кейін пікір білдіруге аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сағынғали Аманов шығып, ауыл мектептерінің жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, аудандағы Ақбақай, Мирный, А.Назарбеков, Қиақты, Сарыөзек ауылдарындағы орта мектептер саны азайып, «орта мектеп» статусынан «негізгі мектеп» деңгейіне дейін төмендеген. «Егер сыныптық жинақ санын 81 баладан 71-ге төмендететін мүмкіндік қарастырылса, бұл мектептерді орта мектеп ретінде сақтап қалуға болар еді»,- деді ол.

Келесі сөз аудандық білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашевқа берілді. Ол қазіргі таңда жағдайы төмен, жабылу алдында тұрған Мирный ауылындағы В.Терешкова атындағы негізгі мектеп пен Қияқты ауылындағы Ағыбай батыр атындағы негізгі мектепті біріктіру мәселесі деңгейінде ойлар бар екенін, бірақ мұндай шешімге баруда бірқатар қиындықтардың барын жасырмай жеткізді. Сонымен қатар ол мектептерде отбасылық құндылықтарды нығайту, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру мақсатында «Қамқор әке» қоғамдық бірлестігін құрып, барлық білім ошақтарында осы бағытта кешенді іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Кездесуді жалғастырған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты Бағлан Жүнісбеков ауылдардағы кадр жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, кейбір ауылдарда мүлдем дәрігер жоқ, ал сырттан келіп жұмыс істеуге ниетті мамандар өте аз. Бір ауылдан ғана бір жыл ішінде денсаулық сақтау министрлігіне 9 шағым түскен. «Халықтың азаюы – кадр тапшылығының басты себебі. Ауылдан шыққан жастар жоғары немесе арнаулы білім алып, туған жеріне оралса, бұл мәселе шешілер еді. Бірақ халқы азайып жатқан ауылға қайтқысы келетін жастардың саны өте төмен»,- деді Бағлан Жүнісбеков. 

Сонымен бірге ауданда тартылып жатқан инвестицияларды тиімді пайдалану үшін жұмыс орындарына бірінші кезекте сол ауыл тұрғындарын қабылдап, оларды тұрақты тұруға міндеттеу қажет екенін айтты. Мәселен, Ақбақай кен орны мен Мирный маңында ашылғалы отырған «Тотал Энерджи» жобасына қабылданатын жұмысшыларға елді мекендерде тұру талабы қойылса, ауыл халқының саны айтарлықтай өсетінін жеткізді.

Жиында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев та өз пікірін білдірді. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында біршама шаруашылықтардың жағдайы жақсарғанымен, әлі шешімін таппаған мәселелер бар екенін атап өтті. «Мал басы көбейгенімен, тері мен жүнді қабылдайтын орындар жоқ. Бұл – несиені қайтаруды қиындататын негізгі фактор. Сонымен қатар ауданда экологиялық мәдениет әлі қалыптаса қойған жоқ. Кеше тазаланған жер ертең қайта қоқысқа толып жатады. Тұрмыстық қалдықтардың 70 пайызы қайта өңдеуге жарамды болса да, оны жүзеге асыратын жүйе жоқ. Полигон толып тұр, ал халық екіншісін сұрайды»,- деді ол. Манарбек Көшкімбаев Сәуле Мешітбайқызына ауданға арнайы келіп, халықпен бірге маңызды мәселелерді талқылағаны үшін алғыс білдірді.

Кездесу соңында Сәуле Мешітбайқызы қорытынды сөз сөйлеп, бүгін көтерілген мәселелердің барлығын жоғары органдарға жеткізу үшін ұсыныстар ретінде түйіп алатынын айтты. Сонымен қатар қазақ басылымдарын қолдаудың маңызын ерекше атап, газет пен телефонның тәрбиелік айырмашылығын түсіндіріп өтті. «Телефон уақытты құртады, ал газеттің миссиясы – сана қалыптастыру» дей келе, ұлттық баспасөзді қолдау – ұлт мүддесі екенін айтты.

Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ, 

«Мойынқұм таңы»

18.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21233
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21012
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36199
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34624
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38558