Қазақстандық танымал боксшылар Данияр Елеусінов (11-0, 6 КО) пен Иван Дычко (13-0, 12 КО) карьерасының ең маңызды кезеңдерінде белсенді болмай жүр. Данияр 2021 жылдың желтоқсанынан, Иван 2023 жылдың маусымынан бері рингке шықпады.
Prosports.kz тілшісі олардың ресми өкілі Зия Алиевке хабарласып, бірнеше сұрақ қойды.
– Зия, Иван мен Даниярға қатысты жаңалықтар бар ма?
– Жаңалықтар болады, әрине. Қазір келісімшарт жасастық, енді промоушен ресми хабарлағанын күтіп отырмыз. Иван бойынша нақты ақпаратым сол, Данияр бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
– Елеусінов сәуірде «IBA Чемпиондары түні» турнирінде өнер көрсетуі керек еді, бірақ рингке шықпады. Расымен жарақат алды ма?
– Иә, солай. Данияр спарринг кезінде қолын жарақаттап алды. Турнир шегеріле берген соң, Данияр Оралға кетіп, су тасқынынан зардап шеккен халыққа қолдау көрсеткен еді. Турнир 27 сәуірге белгіленгенде Данияр бірден оралып, дайындықты бастады. Спарринг кезінде қолын жарақаттап алды, соққысы шынтаққа тиген.
– Данияр енді толыққанды кәсіпқой жекпе-жек өткізе ме, әлде IBА кеші бола ма?
– IBA болмайды. Толыққанды промоутерлік келісімшарт болады.
– Елеусінов пен Дычконы рингте қашан көре аламыз?
– Маусымның аяғы не шілденің басында деп ойлаймын.