Қолдан «халық жауын» жасаудың қажеті қанша?

Қолдан «халық жауын» жасаудың қажеті қанша?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның назарына!

Қазіргідей аумалы-төкпелі алмағайып кезеңде ақпараттың дәурені жүріп-ақ тұр. Алайда көзді ашып-жұмғанша санаға салмақ, жүрекке жүк салып үлгеретін, сайтанның сапарындай құмда ізі, сайда саны жоқ сайттардағы ақпараттардың ақ-қарасын ажырататын таразы бар ма? Өкініштісі бүгінде тек «Батыраштың балтасын қайрауға» басымдық беріліп, ақиқаттың алдаспаны мен сол әділдіктің таразысы тозығы жеткен жәдігерге айналып бара жатқандай. Ал ол таразының екінші жағында шаң басқан шындық, талай тағдырлар жатқаны тағы бар... 

 

Жантүршігерлік оқиғаға нақты кінәлі кім?

Мұғалімдер оқушы қыздарды зорлап, ата-аналарынан ақша бопсалаған | “Адырна”  ұлттық порталыЕстеріңізде болса, осыдан төрт жыл бұрын, атап айтқанда, 2019 жылдың күзінде Тараз шәріндегі мектептердің бірінде оқушы қыздың зорланғаны туралы қаралы хабар қараша халықтың қабырғасын қайыстырып жіберген болатын. Мектеп ауласындағы әжетханада бұрын дәл осындай қылмыспен істі болған 38 жастағы ер адам кәмелет жасына жетпеген жеткіншекке білгенін істеп кеткені көптің наразылығын тудырды. Жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан бұл жағдайдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені тікелей өзі назарға алып, Президенттің тікелей тапсырмасымен Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылды. Қала басшылығына келгеніне енді ғана жарты жылға жуықтаған Қайрат Әскербекұлы осылайша зор ынтамен еңбек етемін деген тұста өзінің өтінішімен қызметпен қош айтысты. Енді жағдайға бір нүктеден ғана сығаламай, көзді кеңірек ашып қарасақ, мұндай келеңсіздіктер бір ғана лауазымды адамды қызметтен алып тастаумен шешілмейтіні айдай анық ақиқат екенін көресіз. Оқиға орын алған 2019 жылдың күзі тұрмақ, тым арыға бармай-ақ, ел тәуелсіздігін алған алғашқы сәттен бастап, кейінгі әрбір жылдың көктемі мен жазында да мектеп әжетханалары іште болған жоқ, аулада болды. Сабақ уақытында әжетханаға шыққан қаншама жеткіншек қаңғыбас иттерден де жапа шекті. Және тараздық экс-әкім лауазымнан кеткеннен кейін де бұл мәселе түбегейлі шешіліп кеткен жоқ. Бұл мәселе облыс орталығында әлі де бар. 

 

Арада бір жыл салып тура осындай жағдай Ақтөбеде де орын алды. Онда да  қаскөй мектептің ауласындағы әжетханада оқушыға арам ойын жүзеге асырған болатын. Дегенмен ол оқиғадан кейін қала басшысы тұрмақ, салаға жауаптылар да жылы орнынан жылжыған жоқ. Дәл сол секілді ел аумағында болып жатқан басқа да олқылықтар барысында жауаптылар арасында тура Тараздағыдай ешкім жаза арқалаған жоқ. Ал Тараздағы жағдай бойынша Қайрат Әскербекұлын қосқанда 13 адам жұмыстан кетті. Ең қызығы, Тараздағы мұндай олқылықтың алдын алуға барын салып жұмыс жасауы тиіс қала әкімінің идеология және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары өз орнында қалды. 

 

Талай адамның еңбек жолын «тар жол, тайға кешуге» айналдырып жіберген оқиға барысында дәл сол мәселеге жауапты әкім орынбасарының «сүттен ақ, судан таза» бола қалғаны да көптің көкейіне күмән ұялатқаны белгілі. Ал қызметіне енді кірісіп, талай жылдан бері білім саласындағы қордаланған мәселелермен толыққанды танысып, жан-жақты зерделеп, шынайы шешімін табуға талпынған Қайрат Әскербекұлы бәзбіреулер секілді «қызметте қалайда қаламын» деп орынтағын құшақтап отырмады. Жаға ұстатарлық жағдай жанына батқан ол, арызын жазып беріп, іс жүзінде лауазымнан азаматтық арын биіктен көрсете білді. Осылайша осы уақытқа дейін бұл мәселені шешпек тұрмақ танысып, тіпті көзінің қиығын салмағандардың салғырттығы үшін де қала басшылығына енді келген Қайрат Әскербекұлы кінәлі болып қала берді. Аз ғана уақыттың ішінде аталған мәселелерді шешу үшін қала қазынасының жоспары да бекітіліп үлгермеген еді. Тек осы жағдайдан кейін ғана аз да болса қаладағы мектеп әжетханаларына ден қойыла бастағаны жасырын емес. Бірақ, өкініштісі осы жағдайдан кейін де бас-аяғы жүзге де жетпейтін қала мектептерінің әрбірінде бұл мәселеге нақты әрі нәтижелі нүкте қойылмады. Ал ең қиыны ат үркіп, адам шошитын мұндай мәселелер әлі де атүсті қаралуда. Қала басшысын қызметтен алып тастау мәселенің басты шешімі емес. Дегенмен біз осындай түсініктен арыла алмай-ақ келеміз. Бұған дейін де еңбек жолында атқарған жұмыстары атан түйеге жүк боларлық Қайрат Әскербекұлының орнында басқа біреу болса, «қызметке кеше ғана келдім, әрбір мектептің әжетханасын жеке-жеке аралап шығуға уақытым жетпеді, сондықтан кінәлі емес едім ғой» деп іштей болса да қарсылық танытар ма еді. Алайда өз жауапкершілігін жан-тәнімен сезінген, өзі де қыз өсіріп отырған әке ретінде Қайрат Досаев Президенттің пәрменіне бірден бас иіп, мемлекеттік қызмет жолындағы алған жазасына мойынсұнды. Өкінішке орай, мұндай жантүршігерлік оқиғалар күні бүгінге дейін ел аумағында орын алып жатыр. Бірақ бұған дейін де орын алған жағдайларға қарағанда, Тараздағы жауаптыларға биліктің жазасы ауыр соққы болды. Әлеуметтік желілерде бір ғана қылмыскердің кесірінен оннан астам адамның жұмыссыз қалғанына наразылық танытқандар да көп болды. 

 

Әлеуметтік желі адам тағдырын шешпейді

«Ай ат айналғанша, жыл жылқы аунағанша» дегендей, арада бір ай  өткеннен кейін сол кездегі облыстың басшысы, іскерлігімен күні бүгінге дейін ел аузында жүрген атпал азамат Асқар Мырзахметов Қайрат Досаев секілді ұстанымы биік, ұлт үшін жанын беруге даяр мамандардың жолда шашылып жатпағанын көрегендікпен ескеріп, Жамбыл облыстық еңбек инспекциясы басқармасына басшы етіп тағайындады. 

«Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге  достығы  жоқ жандар  шығады» деп адамзаттың ішінде азаматтықтың  алгоритмін халықтың тілінде өнегемен өрнектеп кеткен хакім  Абай айтпақшы, іскер жандар осылайша әріптестік негізде, ел игілігін ортақ мақсат еткен ұстаныммен абыройлы жұмыс жасады. Әрине, Қайрат Әскербекұлын жауапты салаға басшы етіп тағайындай салу бір ғана Асқар Мырзахметовтың шешімімен шектелмейтіні соқырға таяқ ұстатқандай белгілі. Елордадағы Ақ үйде «жеті рет өлшеп, бір рет кесілетіні» әмбеге аян. Яғни Қайрат Досаевтың аталған салаға басшы болуы биліктің сұңғыла сүзгісінен өтіп, мақұлдауымен болғаны айдан анық. Ел үшін еңбек ететін білікті маманның халыққа әлі бергенінен берері көп екенін билік те түсінген сыңайлы. Дәл осы қызметте тура бір жыл сегіз ай еңбек етті. Саланың салмақты мәселелерін шешуге атсалысып, іскерлігімен танылды. Біліміне тәжірибесі сай майталман маманның еңбегін сол кездегі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев та ескерусіз қалдырмады. Нәтижесінде 2021 жылдың тамыз айында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы лауазымына ауыстырды. Себебі аталған салада да Қайрат Досаев секілді басшының қырағылығы қажет еді. 

Сапарбаев освободил от должности Досаева после выговора Президента |  Главные новости Казахстана – Новостной портал «Экспресс К»

Тура осы тұста рейтинг үшін ештеңеден тайынбайтын әлеуметтік желінің әумесерлері жерден жеті қоян тапқандай және оны жеті қат аспанға жарыса жеткізуді мақтан көретін сайттар «Тоқаев қызметінен босатқан Қайрат Досаев басқарма басшысы болды» деп жан-жақтан жамырай жөнелді. Ел арасындағы шынайы ауқымды мәселе көтергендей шулаған әлеуметтік желілер ел арасында қызу әңгіме туғызғаны да жасырын емес. Ақыры бұл іске қайтадан Мемлекет  басшысы  араласып,  Қайрат  Досаев қызметіне кіріскеніне бір күн болар-болмастан босатылды. 

Былайша айтқанда, аталған жағдай парадокс күйінде қалды. Себебі Қайрат Досаев өзінің қала басшылығындағы қызметіне қатысты жазасын алды. Және одан кейін жоғарыда атап өткеніміздей бір жыл сегіз ай жауапты қызметті абыроймен атқарды. Желіде жел тұрғызып, тақырып үшін әр мәселенің астарына бармай, тереңіне үңілмей, тек жағалауға от жағып үйренген ондай сайттар неге бір жыл сегіз ай бойы үнсіз отырды? Себебі оның жұмысынан мін таппады. «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнар» демекші, сол кездегі орын алған жағдайға орай жарыса жазғандары аз болды ма? Енді екінші басқармаға ауысқанда оның атқарған жұмысына емес, атын қаралауға басымдық бергендеріне жол болсын.  Екіншіден, Досаевтың бұл қызметіне тағайындалуына ел билігі рұқсат берді емес пе?  Бір басқармаға тағайындалуын мақұл көріп, ол салада сүбелі еңбек етіп, екінші басқармаға ауысқанда қызметтен шеттеткені санаға сыймайтын іс болды. Хош, «ер мойнында қыл арқан шірімейді» деген ұлттың перзенті ретінде бұл жолы да Қайрат Әскербекұлы «ешкімнің аузына қақпақ» болған жоқ. Білікті маманға жұмыс жасауға мүмкіндік берген сол кездегі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев та сөгіс алды. Ортақ мәселеге оң көзбен қарап, жұдырық болып жұмыла шешуді емес, жұдырық деген сөзді тура мағынасында түсінетін әлеуметтік желінің әулиесымақтарына да кінә артпады. Осы күнге дейін талай жауапты қызметті абыроймен атқарып, елдегі мемлекеттік қызметке деген ел сенімін сетінеткен базбір шенеуніктер секілді бірде-бір рет жемқорлықпен аты шықпай, я болмаса өзіне артылған жауапкершілікті тиісті деңгейде атқара алмай әбігерге түскен жоқ, қайта елдің батасын алып жүрген азамат Мемлекет басшысына ашық хат жазды. 

Уволен Кайрат Досаев - новости Kapital.kz     «Құрметті     Қасым-Жомарт Кемелұлы! 2021 жылдың 3 тамызында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалып, Сіздің тапсырмаңыз бойынша бұл қызметтен босатылдым. Қалай болғанда да, ел Президентінің құзыры мен облыс әкімінің саяси шешіміне айтар дауым жоқ. Алайда, өмірімнің үлкен бөлігін мемлекеттік қызметте өткізген мен үшін бұл өте ауыр болды. Отбасыма да ауыр тиіп отыр. Қоғамға адалдығым, мемлекет билігіне зор сенімім және азаматтық намысым үшін кеңпейілдік күтемін», – деп жазды Қайрат Досаев Мемлекет басшысына жолдаған хатында. 

Алайда маңдай терін сарқып төгіп, саналы ғұмырын ел дамуына, ұлттың келешегіне арнап келе жатқан оған билік тарапынан кеңпейілдік бола қоймады. Осылайша Қайрат Әскербекұлы бір жыл жұмыссыз жүрді. 

 

Үш бірдей жаза арқалау әділетсіздік емес пе?

Тағы бір айта кетерлік жайт, Қайрат Досаев ел Президентіне әлеуметтік желі арқылы жазған Үндеуіне былтыр мамыр айында  «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі» мемлекеттік мекемесінен «Сіз басқарма басшысы қызметінен өз өтінішіңіз бойынша босағансыз. Бос вакансиялық конкурстарға қатысуға құқыңыз бар» деген жауап хат келген. Ал биліктің екінші бір тармағы «Сізді заңсыз тағайындаған» деп қызметінен босатады. Қанша жерден бір қазанда қайнаса да, екі жауаптың сорпасы үш қайнатсаң да қосылмайтыны көзге ұрып тұр. 

Осылайша Досаевтың еңбек жолы мемлекеттік қызметпен екі айырылды. Әу бастан кең кресло мен лауазым, басшылық қызметті емес, елге шынайы жаны ашып, мемлекеттің мүмкіндіктерін  бұра тартпай бұқараға жеткізуді ойлаған ол ілгеріге жылжуды емес, ілмек іздеуді мақсат еткендердің көзіне түспейтін болды. Ең алғаш еңбек жолын Алматыда инженер болып бастаған Қайрат Әскербекұлы сол салаға қайта оралды. Бұл жолы «ҚазАвтоЖол» ЖШС-ның Жамбыл облыстық филиалының бас инженері болып жұмысқа тұрды. Тағы да астын сызып айтып өту керек, басшы емес, бас инженер болды. Өз мамандығы болған соң серіктестіктің жұмысын жандандырып, жарты жыл еселі еңбек етті. Ептілігімен осы жұмысты әлі де иіріп жүре берер ма еді, өкінішке орай, тағы да тауы шағылды. Таяуда тағы да сол сайттарда «Президенттің пәрменімен қызметінен босатылған Досаев тағы қызметке барды» деген қауесет тарады. Бір сөзбен айтқанда, отандық сайттардың дені мемлекеттік қызметкерлер туралы елдегі жайттардың бәрінде Қайрат Досаевтың атын қоспаса, ақпарат тарата алмайтындай күйге жетті-мыс. Шайнай-шайнай дәмі кеткен қазының исі мұрнына бармайтын интернет жазғышбектерінің шығармашылық кризис кезінде муза іздеп, мұң шаққысы келген сайын Досаевты айналып өте алмайтыны да көңілге күмән ұялатады. Жыл тұрмақ, Құдайдың құтты күнінде елдің қазынасына қол сұғып, құтын қашырып жүрген шенеуніктер емес, нақты осы  Досаев туралы дезинформация таратуға аңсары ауып қалғаны да астарлы күмән туғызады. Ақыры Қайрат Әскербекұлы мемлекеттік емес, жекеменшік серіктестіктегі жұмысынан да кетуге мәжбүр болды. 

Бір іс бойынша үш рет жазаға тартылып, үшінші мәрте қызметінен босаған білікті маманның бұл жайына қарап, біз өз ісін «беске» білетін мемлекеттік қызметшіні де, шаруаны ширататын білікті инженерді де керек етпеген қоғам болдық па деген ойда қаласың еріксіз. 

Жеке мекеме – «ҚазАвтоЖолда» да жолы болмауына қандай ауыр себеп бар? Болған кемшілікке болаттай төзіп, бір кісідей жауап берді. Айдың-күннің аманында бабалардың аманаты тұрмақ, халықты көзбе-көз алдап жүргендердің де бұлай тауы шағылғанын көрген жоқпыз. Бәлкім Мемлекет басшысы жағдайды жеке назарына алып, алтын уақытын бөліп жіті зерделесе, ақты ақ, қараны қара деп түсінер ма еді. Мемлекет басшысына дұрыс ақпаратты жеткізбейтіндердің қашанғы дәурені жүре береді? Дәл осы тұста алаш жұртының ала жібін аттамай, еңбек жолында елдің алғысын алып келген азаматтың нағыз халыққа қалтқысыз қызмет етер шағында шеттетіліп қалуы жағдайды шынайы білетін қарапайым елдің шымбайына батып жүруі де орынды. Тірісінде Абайды да алалағандардың қашанғы абалағаны ақ, қаралағаны қарғыс бола беруі керек? Шынтуайтында, қазақтың ертеңі үшін жан аямай, уақытпен санаспай еңбек етуді перзенттік парыз, азаматтық серт санайтын Қайрат Досаевты қолдан халық жауына айналдыру кімге қажет болып отыр? 

 

Бұрынғы таудай еңбегі неге ескерілмеді?

«Шаш ал десе, бас алып» үйренген биліктегілер қашан осы мәселені Мемлекет басшысына тура айтып, төрге төл сөзбен жеткізеді? Досаевтың жеке мекемеде жүрген жерінен ізін аңдығандардың өздері қашан ел ізгілігі үшін жұмыс жасауға бет бұрады? Ертең Қайрат Әскербекұлы күзетші болып жұмысқа орналасса да тынышын алудан тайынбайтын айлалылар қашан айылын жияды? Әйтпегенде екі мың жылдың  салмағын арқалаған Тараз шаһарының халқы Досаевтың еңбегіне қанық. Ол араласқан іс тұралап қалған жоқ, керісінше іргесі нықталып, ілгері жылжыды. Оның нәтижесіне жамбылдықтардың өзі куә, еңбек жолындағы көрсеткіштері дәлел. Қайрат Әскербекұлының соңғы үміті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта. 

Экс-аким Тараза, уволенный после резонансного ЧП, получил пост в регионе -  02.08.2021, Sputnik Казахстан

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен де әкемін, мен де қыз тәрбиелеп отырмын. Сондықтан мектеп әжетханасында болған сұмдық оқиға мен үшін де үлкен трагедияға айналды. Өкінішке қарай, Сізге жалған ақпараттар берілді. Сол жалған ақпараттардың нәтижесінде мен Сіздің пәрменіңізбен үш мәрте қызметімнен босатылдым. Әйтпесе, мектептегі жағдайға байланысты мені атқарып отырған жұмысымнан босата отырып, қызметімді төмендетіп, басқармаға жіберген болатын. Кейін одан да босатылдым. Дәл қазір менің жұмысымды, тәжірибемді оң бағаласа да, ешқандай мекеме мені жұмысқа алғысы келмейді. Мен мемлекеттік мүдде жолында бар ақыл-ойымды, ерік-жігерімді, тәжірибемді, білімімді адалдықпен сарқа пайдаланатыныма жеке басыңызды сендіргім келеді», – дейді «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысы Қаратал ауданының Құрметті азаматы Қайрат Досаев.

Жаңа Қазақстанның шаңырағын көтеріп, Мәңгілік елдің іргетасын мықтап қалауды мақсат еткен еліміздің тарихында осыдан алты ғасыр бұрын ұлттық мұраттың мекенжайы деп Жерұйықты іздеген дала абызы Асан Қайғының «Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса, ақылдының белгісі – өткен істі қумаса» деген өнегелі сөзі бар. Бұл сөздің астары дәл қазіргідей «Батыраштың балтасына ие болып отырған» «аузы қисық болса да, блогерсымақтар сөйлесін» деген уақытта құнсыз болып көрінуі мүмкін. Бірақ асылы соқырға да аян. Сондықтан халықтың үмітін, Мемлекеттің сенімін арқалаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атын жамылған жоғарыдағылар емес,  еңбек жолы елден ажырап қалған Қайрат Әскербекұлының мәселесін Президент тікелей өзі назарына    алса,    бәлкім   ақиқаттың ай мүйізі көрініп қалар ма еді, шіркін! Мемлекет басшысы бұл мәселені майшаммен қараса, оның атына кір келтіріп, жалған ақпарат таратып жүрген жандайшаптардың, түйіндеп айтқанда, оқиғаның артында кімнің тұрғаны көрінер еді!..

 

САЙКЕЗ САУЫТБЕК,  Жамбыл облысы  

"Qazaqstan Dauiri" халықаралық, қоғамдық-саяси газетінің №7 (1437) саны, 16 ақпан, 4 бетке жарияланды
16.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 208
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 204
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 709
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 832
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 746

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8903
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8297
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11525
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9281
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10509