ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында РФ Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сергей Левинмен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы АӨК саласындағы тауар айналымы мәселелерін талқылады. Биылғы жылдың жеті айында Қазақстан мен Ресей арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы $1,4 млрд-тан асты, бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға артық. Келіссөздер барысында А.Сапаров Ресеймен шекарада жүктерді тексеру процесін жеделдетуді ұсынып: «Бұл бізге АӨК өнімдерінің қазақстандық экспортын ұлғайту бөлігінде тауар айналымын өсіруге мүмкіндік береді. Аталған шараны жүзеге асыру үшін өзара тығыз іс-қимыл жасау және жүктерді тасымалдау кезінде туындайтын проблемаларға жедел әрекет ету қажет», - деді. Ресей тарапы өз кезегінде, шекарадан өту кезінде проблемалар туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін экспорттаушы-кәсіпорындардың тізілімімен алмасуды ұсынды. Кездесу 2021 жылдың 5-8 қазан аралығында «Алтын күз-2021» ресейлік агроөнеркәсіптік көрмесін аралау аясында өтті. ҚР АШМ өкілдері ұсынылған әзірлемелермен, Ресейдің өңірлерінің бірқатар павильондарының өнімдерімен танысып, Ресей Федерациясы аумағындағы әлемдік АӨК өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілер қатарына жататын әлеуетті инвесторлармен кездесулер өткізді. Бұдан басқа, «Алтын күз - 2021» агроөнеркәсіптік көрмесін аралау шеңберінде Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Сапаров РФ Ауыл шаруашылығы министрі Д.Патрушевтің, сондай-ақ «Мираторг» холдингі сияқты агробизнес өкілдерінің және т.б. қатысуымен екінші халықаралық агроөнеркәсіптік форумға қатысты. «Алтын күз» – бұл сала мамандары үшін ауқымды іскерлік бағдарламаны қамтитын, ресейлік ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жетістіктерінің ауқымды көрмесі. Биылғы жылы көрменің тақырыптық бағыттары аграрлық сектордың, ғылым мен инновацияның өзекті тақырыптары болды. Көрмеге Ресейдің өңірлері мен таяу шетелдерден көптеген экспоненттер қатысты.