Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – денсаулық, күш-жігер, шыдамдылық және сергектіктің мерекесі.
Сарысу өңірі өзінің спорттық тарихымен де және оның тамаша дәстүрлерімен мақтанады.
Сарысу өңірінде даңқы боксшы Серік Өмірбеков, атақты самбошы Евгения Богунова, дзюдошы Гүлзат Оралбаева, футболшылар Константин Горовенко, Серік Жаманқұлов, каратэ-дошы Бағлан Шубаев, грек-рим күресінің шебері Марат Гарипов, Дастан Өскенбеков, ережесіз жекпе-жекте ел абыройын асқақтатып жүрген Асу Алмабаев сияқты көптеген чемпиондар мен жүлдегерлердің тұтас тобы тәрбиеленген.
Бүгінде осы спортшыларымыздың жеңісті жолын жалғастырып, Сарысудың спорттық айбынын лайықты түрде қорғап келе жатқан халықаралық, әлемдік додалардың, Европа, Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері дзюдошылар Нұрдос Досберген, Дильназ Досберген, самбошылар Асылжан Орынбасарова, Аяулым Балғабаева, қазақ күресінің шебері Аманшүкір Нұр, боксшы Ғалымжан Ермекбаев, каратэші Сабина Қали сияқты жастарымыз біздің мақтаныштарымыз.
Елімізде, сондай-ақ, біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән берілген.
Ауданымызда 5 спорт мектебі жұмыс істейді, оларда 80 жаттықтырушы 3 мыңға тарта баланы 19 спорт түрінен баулиды. Спорт мектептерінің жылдан-жылға материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Ауданда 257 спорт нысаны тұрғындарға қолжетімді. Аудан тұрғындарының 40,3 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады.
Мектептер мен спорт үйірмелерінде денешынықтырумен шұғылданушылар саны көбейіп келеді.
Спортшылардың шеберлігі мен кәсіби деңгейін жоғарлату мақсатында аудан спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық, біріншіліктерге тұрақты қатысуда.
Жыл басынан спортшыларымыз халықаралық, республикалық және облыстық турнирлерден 123 алтын, 131 күміс, 180 қола медальдар иеленді. Аудан спортының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан спортшыларымыз бен жаттықтырушыларға алғысымды білдіремін.
Биыл 7 ауылдық округте, атап айтқанда, Байқадам, Жайылма, Түркістан, Жаңаталап, Жаңаарық, Досбол, Қамқалы ауылдық округтерінде 77,0 млн. теңгеге волейбол және стритворкаут алаңшаларын орнату, футбол алаңшаларының жабындысын ауыстыру сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мұның барлығы түптеп келгенде дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың қатарын көбейтетіндігіне сенім мол.
Бұқаралық спорт әрбір адамның өміріне серік болады және Сіздер келешекте де аудан намысын биікке көтереді деп сенемін.
Құрметті спортшылар мен спорт мамандары!
Баршаңызды Спорт күні мерекесімен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!
Байрақты жарыстарда туымыз биік, жеңісті күндеріміз көп болсын!
Мереке құтты болсын!
Ізгі ниетпен, Сәкен Үмбетұлы!