Аудан басшысы Сәкен Арубаев Балуан Шолақ және Дулат ауылдық округтерінде болып, «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдірудің 2-ші фазасы» жобасы аясында қолға алынған жұмыстардың барысын көрді.
Аталған жоба бойынша күрделі жөндеуден өтіп жатқан су шаруашылығы нысандарына қатысты шешімін күткен мәселелермен толық танысып шықты.
Жалпы, ауылдағы жөндеуден өтіп жатқан каналдардың алды 1942 жылы пайдалануға берілген екен. Олардың әбден тозығы жетуіне байланысты су жеткізуге арналған жүйелердің басым бөлігі жарамсыз күйге түскен. Соның салдарынан аудан орталығынан шалғайда орналасқан Балуан Шолақ және Дулат ауылдық округінің тұрғындары егін егуден қағылып келіпті. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ирандық "Туннель Садд Ариана" мердігер компаниясы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Мердігер келесі жылдың соңына дейін ұзындығы 94,9 шақырымды құрайтын 12 канал мен 2 коллекторды жөндеуі тиіс. Алайда, мұндағы жұмыстармен танысу барысында аудан әкімі Сәкен Қаланұлы жұмыстың тым баяу әрі сылбыр жүріп жатқанын сын тезіне алды. Сонымен бірге, жауапты мердігерге құрылыстың сапалы болуын және мерзімінде орындалуын тапсырды.