Бүгінде қоғамдық ұйымдардың саны көп, ал жұмысының сапасы көңіл көншіте бермейді. Тіпті, совет кезеңінде құрылып, әзірге дейін құр сүлдесін қанағатсыз сүйреп жүргендері бар. Ал қоғамдық ұйым қоғамның бел ортасынан немесе алдыңғы шебінен табылуға міндетті. Жылдар өтті, заман өзгерді. Осыны ескеріп құрылған, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған “Қара шаңырақ” республикалық қоғамдық бірлестігі көптеген игі іс-шараларға ұйтқы болуда. Оған көз жеткізу қиын емес. Бірлестік басшысы, ұлт жанашыры, өз ісіне берілген Тұрар Сәттарқызының Тұрар Сәттарқызы Шәкен әлеуметтік желілердегі тарихын парақтасаңыз болады.
Елімізде ұрпақ тәрбиесіне қатысты әңгімелер аз айтылмайды. Ал қоғамда үлгі-өнегесі бар нақты іске сұраныс мол. Сондықтан, мектептен бастап әр түрлі орталарда арнайы бағдарламалар түзіп, пайдалы іс атқаруды мойынға алған “Қара шаңыраққа” Астана әкімдігі де көңіл бөліп, жұмыс жүргізу үшін кеңселік жай бөлгенін жақсы нышанға балаймыз.
Астанадағы Ақселеу СЕЙДІМБЕК атындағы 54-мектепте өткен “Ұлттық құндылықтар - ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі” жиыны бірқатар қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, мәслихат депутаттарының, оқу-ағарту, мәдениет пен өнер саласы қызметкерлері мен елге танымал тұлғалардың басын қосты. Онда “Қара шаңырақ” бірлестігінің атқарған істері мен алдағы жұмыс жоспары талқыланып, Ақылдастар кеңесі құрылды.
“Abai TV” телеарнасы директоры, білікті журналшы Азамат Кеңесұлы жүргізген жиында жыр алыбы - Жамбыл бабамыздан, батыр атамыз - Бауыржан Момышұлынан бата алған айтыскер ақын, аңыз адам Надежда Андреевна Лушникова, “Qazaqstan dauiri” халықаралық саяси-қоғамдық, танымдық газетінің, “Мөлдір бұлақ”балақандар журналының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, дипломатия қызметінің қайраткері, мемлекеттік тіл жанашыры Сайлау БАТЫРША-ҰЛЫ, ұлт пен рухқа еңбек сіңіріп жүрген өзге де азаматтар тағылымды әңгімелерін ортаға салды.
Бүкіл түркі жұртының қара шаңырағы саналатын еліміздің ішінде аталмыш ұғымның киесі де жоғары болуға тиіс.
Өйткені, ол - ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық құндылықтардың қорғаны, әр ұжымдағы, мекемедегі, әр әулеттегі, отбасыдағы тәрбие ошағы.
Сондықтан, жүрегінде отансүйер сезімі, намыс оты бар қандасымыз, өзінің шаңырағына ие бола білген әрбір азамат “Қара шаңырақтың” дамуына мүдделі әрі өз үлесін қосуға тиіс деп санаймыз.