Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай 2026 жылдың 9 мамырында көрермен назарына көрнекті жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі негізінде сахналанған «АНА – ЖЕР АНА» трагедиясын ұсынады. Қойылым режиссері – Дина Жұмабаева, суретшісі – Юлия Чернова, хормейстері – Ғалымжан Берекешов, балетмейстері – Гүлжан Дәулетқұлова.

Бұл спектакльдің ең ерекше көркемдік шешімі – Айтматов әлеміндегі кейіпкерлердің барлығы қуыршақ бейнесінде сахнаға шықса, тек басты кейіпкер Толғанай ғана тірі планда ойнайды. Осы тәсіл арқылы режиссер адам мен тағдыр, тірі жан мен символ арасындағы рухани шекараны айқындап, трагедияның эмоционалдық салмағын күшейтеді. Сахнада үш Толғанай қатар өмір сүреді. Бұл режиссерлік шешім кейіпкердің ішкі жан дүниесін үш қырынан ашуға мүмкіндік береді. Театрдың талантты актрисалары – Марал Тәуекелова, Гүлім Рахимова және Толқын Тлеулиева – бір бейнені үш түрлі психологиялық деңгейде сомдап, аналық қайғы мен рухани төзімділіктің көпқабатты бейнесін жасайды.

Шыңғыс Айтматов шығармашылығына тән кең тынысты философиялық ой, соғыстың адам тағдырына салған жарасы, ананың қайсарлығы мен сабыры спектакльде көркем символизм арқылы өріледі. Бір отбасының тағдыры арқылы тұтас халықтың басына түскен зұлмат суреттеліп, тылдағы еңбек пен майдан шындығы сахналық кеңістікте әсерлі бейнеленеді. «Ана» – бұл қойылымда тек кейіпкер емес, ол – Жердің, ұлттың және адамзаттың мәңгілік символы.
Айтматовтың «Ана – Жер ана» трагедиясы бұрын да көптеген театрларда сахналанып, классикалық интерпретацияға айналған болатын. Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссерлік қолтаңбасымен қойылған нұсқасы мемлекеттік марапатқа ие болып, қазақ театры тарихында ерекше із қалдырған. Бүгінде Дина Жұмабаева бұл туындыға жаңа сахналық тыныс беріп, қуыршақ театрының көркемдік мүмкіндігін тереңнен танытып отыр. Спектакльдің музыкасы, хорлық сүйемелдеуі мен пластикалық шешімдері біртұтас көркем жүйе құрап, көрерменді соғыс жылдарының ауыр атмосферасына жетелейді. Қуыршақ пен тірі актердің қатар өмір сүруі сахнада ерекше поэтикалық кеңістік тудырып, трагедияның әсерін күшейтеді.
Аталмыш қойылым халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. 2018 жылы Қырғызстан Республикасы, Бішкек қаласында өткен «Айтматов және Театр» халықаралық фестивалінде «Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне» ие болса, 2019 жылы Ресей Федерациясы, Челябинск қаласында өткен «CHELoBEK ТЕАТРА» VII халықаралық фестивалінде сарапшылардың оң бағасын алып, кәсіби қауым тарапынан мойындалды.
Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры өнер сүйер қауымды Айтматов әлемінің терең философиясына бойлауға, аналық махаббат пен адамдық төзімділіктің мәңгілік тақырыбын бірге сезінуге шақырады.
Гүлім Көпбайқызы














