Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің құқықтық жүйесі үшін мүлде жаңа институттар бар. Мемлекеттік қызметшілердің жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да қымбат дүниелер сатып алуы қатаң бақылауға алынады. Сонымен қатар шенеуніктердің адалдығын тексеруге арналған «Integrity check» әдісін атап өтуге болады. Әрине, бұл ұсынысты әлі де жан-жақты пысықтау қажет. Дегенмен халықаралық тәжірибеде мұндай тексерістер жақсы нәтиже көрсетуде. Менің тапсырмам бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы әзірленді. Құжатта сыбайлас жемқорлықпен күресуге арналған ауқымды шаралар қарастырылған. Жақында тұжырымдама жобасын бекітемін. Алайда жұмыстың тиімділігін нақты нәтиже бойынша бағалаймын. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заңнамалық шаралар қабылдауға тиіспіз. Сол себепті жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтау және ашу жұмыстарын күшейту қажет», — деді.