Қымызмұрындық – салт - дәстүрді дамытады

   Қымызмұрындық – салт  - дәстүрді дамытады

 

   Қымызмұрындық – ұлтымыздың ежелден келе жатқан тамаша жоралғысы. Ел мен жұрттың басын қосуға, ынтымақ пен бірлікке үндеген өміршең дәстүр. Жаз жайлауға шыққанда биенің алғашқы сүті жинақталып, қорланып, балдай тәтті қымызға айналғанда көрші –қоланды, ақ баталы қарияларды , ақ самайлы әжелерді шақырып, ақ дастархан басынан дәм татқызатын ұлағатты дүние. Әрине мұндай дастархан басында ел мен жер туралы, өткен- кеткеніміз, қазыналы шежіреміз туралы әңгімелер ортаға салынған. Бір сөзбен айтқанда, жайлауға қоныстанған ағайынның бір- біріне деген адал көңілдерін, ақ пейілдерін, сүттей ұйыған бірлігін, жақсы қарым – қатынасын паш етіп тұрар жоралғымыз болған.

   Бабамыздан келе жатқан осындай ұлттық құндылығымызды Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен  Талас ауданының әкімдігі «Жұрындысай» балалар сауықтыру лагерінде «Қымызмұрындық- 2022» этнофестивалін облыс ардагерлерінің есінде ұзақ сақталатындай етіп өткізді. Бұл қымызмұрындық жорылғысына 200- ге жуық ардагерлер қатысты.

    Ең алдымен тігілген киіз үйлер алдында күбі пісіп тұрған келіншектер келген қонақтарға қымызмұрындықтың басталуы, қымыздан «Ауыз тию» рәсімін жүргізді. Қымызды алдымен жасы үлкен әжелер мен аналар бастап ауыз тиді.

    Этнофестивальдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас редакторы Сәуле Мешітбаева алдымен жиналған жұртты бүгінгі айтулы мерекемен құттықтады. Одан кейін ардақты ұстаз өз сөзінде ата – дәстүрдің мән – маңызына тоқталып, қазақта жаңа сауылған қымызды саумал десе, алты ай бойы сақталған сусынды хан қымыз, екі күн, екі түн тұрған қымызды құнан қымыз деп атайтынын. Ал, осы құнан қымыз бен саумалдың қосындысын түнемелі қымыз деп атайтынын. Бұлардың әрқайсысы әртүрлі дертке шипа екенін, ата – бабамыздың ұлттық сусынға үлкен жауапкершілікпен, әрі ұқыптылықпен қарағанын аңғаруға болатынын тілге тиек етті.

     «Қымызмұрындық -2022» этнофестивалі биебаудың басынан жалғасын тапты. Ауылдың қариясы биебаудың басында жиналған жұртқа ақ батасына берді. Ал, ардақты Ана алғашқы бие байлағандағы жөн – жоралғыларды көз алдына келтіріп, биебаудың басына ақ шүберек байлап жатты. Қымызмұрындық рәсіміне ауданның ауылдық округтері, мекемелері жақсы дайындықпен келіпті. Қаз – қатар тігілген бірнеше киіз үйлердің іші  де, сырты да ұлт жауһарларына толы. Көздің жауын алар көрмелерін алға тартыпты. Келі - келсаппен дән түйген, бірлесіп емен –жарқын әңгімелерін айта жүн түткен ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтірді. Ат әбзелдері, қолөнер туындылары да ұшырасты. Шеберлер қымызды ашытып, әзірлейтін ағаштан жасалған күбінің бірнеше түрін жайнатып қойыпты. Осы күні жиналған дүйім елдің түрлі іске, игілікке жол ашар жөн – жоралғыларымызға деген, қымбатты қолөнерімізге деген қызығушылығымен қатар құрмет сезімінің арта түскені анық . Бұл, әсіресе, жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жүрегінде жатталып қалары даусыз. Халықтық сипаттағы қымызмұрындық жоралғысын өткізудің де түпкі мақсаты – жастарға өнеге, тағылым ету.

      Қымызмұрындыққа жиналған көпшілікті облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтап, жүрек жарды тілегін жеткізді. Ғасырдан- ғасырға, ұрпақтан – ұрпаққа мирас болып қалар қымызмұрындық рәсімі алтын арқауын үзбей, қонақжай, бауырмал халқымыздың жақсылығына жол аша берсін айтты.

        Жадыраған осындай кезеңде қымызмұрындық секілді тамаша салтымызға тең келер ештеңе жоғын алға тартқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев ұйымдастырып, бар жүгін көтеріп отырған Талас ауданының әкімі Мәдібек Қанатбек Қайшыбекұлына және ел көшін бастап жүрген азаматтарға алғысын жеткізді.

       Ауыл қариялары мен ақ жаулықты аналар облыс әкімі болып қызметін жақында бастаған Нұржан Молдиярұлына қазақы этноауылды аралап, салт – дәстүрді қадір тұтқан өңірге ат басын бұрғанына ризашылықтарын білдірді.

     Мерекелік іс – шара өтіп жатқан «Жұрындысай» өңірінің аспаны арасында ақ моншақтарын да төгілтіп тұрды.  Таудың мінезі осындай, бұл жерде жаңбыр жиі жауып тұрады. Осылайша қымызмұрындық күні аспаннан нұр төгіліп , дала сахнасынан әсем ән қатар өріліп жатты.

      Қаз – қатар тігілген киіз үйлердің тұсынан көк түтін шұбатылып жатса, қазақтың сүт тағамдарына толы ақ дастархандары қонақтан босаған жоқ. Ел – жұрт бие байлайтын ағайынның шаңырақтарынан табылатын бесті қымыз,  дөнен қымыз секілді көптеген атпен ерекшеленер түрлі қымыздан дәм татты. Қонақжай шаңырақтардан қымыз иісі аңқып, ән мен жырға да кезек берілді. Қара домбырамыздың майда қоңыр үні түңліктерді желпінтіп тұрды. Сөйтіп, осындай шуақты күнінде ұлттық өнеріміздің мейманасы тасыды. Осындай ұмытылмас есте қалар әдемі шақта тәуелсіз Отанымызға деген, ұлтымызға деген, ауылға деген ыстық сезім бойды баурап, жүректі керней түсті.

 

Облыстық ардагерлер кеңесі
24.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8775
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8175
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11404
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9158
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10389