Марқұм Мұхтар Мағауиннің соңғы жарияланған шығармасы бойынша пікір алмасу мен сұхбат басталды. Ал жазушының әлемдік Шыңғыс хан академиясына мүше болуы өз алдына тағы бір шығармашылық рух қуатын көрсетіп отыр.
Қазір халыққа аты-жөнін айтып, атақ-даңқын тізбелеп таныстырудың қажеті жоқ жазушы, қазақ әдебиетінің бірегей марғасқа тұлғасы Мұхтар Мағауин кезінде атақты «Қобыз сарыны» кітабымен төңкеріс жасаған қаламгер. Кеңестік кезде хандық дәуірдің жыраулық әдебиетін жарыққа шығарып, зерттеу-әлқиссасын Шыңғыс хан мен ұлы жырау Кет-Бұғадан бастағаны белгілі. Отыз жасқа жетпей орда бұзған Мұхаңның бұл кітабы қолға түспейтін құнды еңбек болып бағаланды. Қазтуған, Асан Қайғы және Ақтамберді сияқты ұлы жыраулардың рухы тіріліп, жырлары мен толғаулары батыл зерттеуші арқылы түнекті жарып шықты. Киелі ақын-жыраулардың есімін ел білді, «аруақ-рухы» аунады. Бір сөзбен айтқанда, әдебиетке түбегейлі өзгеріс әкелген «Қобыз сарыны» құбылыс болды. Өйткені хандық дәуір мен билердің заманы, жыраулардың жыры сол кездің саясаты бойынша кертартпа өмірді көксеген идеологиялық дерт еді.
Арада біраз уақыт өткенде әдебиет әлемінде әйгіленіп, зерттеулерімен қатар көркем шығармалары да оқырмандарды оқыс өзіне тартқан қарымды қаламгер ең «көп оқылатын» жазушыға айналды. «Тазының өлімі», «Қара қыз», «Бір атаның балалары» атты әңгіме хикаялары мол таралыммен шығып, оқырманды баурап алды. Атақты «Қобыз сарынынан» кейін Мұхаң ежелгі ақын-жыраулардың құнды мұралары толықтырылып, жинақталған «Алдаспан» антологиясын (1970 ж.) жарыққа шығарды. Әдебиет әлемінде тағы да сілкініс, тосын бұлқыныс жасаған. «Алдаспан» шықпай жатып, «дүрбелең», «шу» шығарды. Кітапқа идеологиялық айып тағылып, «Алдаспанның» жолы кесіліп, жазаға ілікті. Халыққа енді тарай бастаған кітаптың жаңа нұсқасы жиналып алынып, баспада «бауыздалды». Қысқарып, қиқаланды. Әрине, бұл авторға оңай соққан жоқ. Сондықтан Мұхаң өмірінің біраз жылдарын арнаған «Алдаспанға» жасалған қиянатты көпке дейін ұмыта алмады. Бұл сойқан оқиға ойына түссе, қаны Алаш қазақ, жаны Мұхаң қазірге дейін ашынады. Өйткені тарихын талақ етіп, ұлтын мәңгүрт қылған партия көсемдерін Мұхаң сол кездің өзінде жақсы көрген жоқ. «Алдаспан» шыққанда Олжас Сүлейменовтың «шу» шығарған кітабы «Азия» әлі жазылмаған еді. Партияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта кеңестік идеология, саясатқа жат еңбек осы «Алдаспан» еді. Кейін заман өзгере бастағанда «Алдаспан» «Бес ғасырға» ұласып, халықтың ұлы рухани мұрасына айналды.
Бұдан екі-үш жыл бұрын 13 томдық шығармалар жинағы шыққан, оның ішінде Мемлекеттік сыйлық алған атақты «Аласапыран» романы бар Мұхаңның еңбектері шын мәнінде өте құнды рухани қазына. Оны қаузап, дәлелдеп айтып жату артық болар.
Осы қабырғалы қаламгер қазір де оқырманды елең еткізіп, тағы да таңқалдыратын дүниелер жазып, көш бастап келеді. Соңғы кездері жазған «Шыңғыс ханның шапағаты» эссе-хикаясы мен «Одағай әңгімелері» және басқа тың туындылары санада сілкініс, әдебиетте өзгеріс жасады. Биыл ғана «Жұлдыз» журналында жарияланған «Қыпшақ аруы» әңгімесі оқырман тарапынан және әдебиетші, зерттеушілер жағынан ерекше назарға ілініп, бұл бойынша сұхбат, пікір алмасу басталды. Осы жаңаша, соны үрдіс-тәсілмен, өзгеше шеберлікпен жазылған шығарма туралы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында жазушы, зерттеушілердің басқосуы өтті. Шығарма туралы кезінде белгілі әдебиетшілер А.Смақова, Қ.Раев, А.Егеубаев, жазушылар Қ.Мұхаметқалиев, Д.Досжанов және жас қалам Ақеділ Тойшанұлы аталған еңбекті қазіргі қазақ әдебиетіндегі бірегей құнды дүние деп бағалады. Өйткені шығарма кейіпкерлері тылсым дүние арқылы байланысып, ерекше ойға батырады, әрі қатты қызықтырады. Пәлен мың жылғы тарих рухпен үндесіп, қазіргі өмірмен жалғасады. Кезінде дүниенің тең жартысын билеген көне Қыпшақ рухы, Тәңір наным сенімі, Ару-сұлудың (Айсұлу) таңғажайып бейне-бітімі шығармада белгілі тәсілмен емес, басқаша бейнеленеді. Түйіп айтқанда «Қыпшақ аруы» Айсұлу қазіргі әдебиеттегі тылсым тұлға, бейне-құбылыс.
Мұхаңның аталған шығармасы талданған күннің ертеңінде алыстан тағы бір шығармашылық жақсылық ақ жолтай хабар жетті. Моңғолиядағы Әлемдік Шыңғыс хан академиясынан «сүйінші хат» келді.
Онда Тәңір деңгейіне көтерілген ұлы патша Шыңғыс хан жайында бірегей еңбектер жазып, оны жариялағаны үшін және адамзат тарихындағы белгілі тұлғаны жамандаудан қорғағаны үшін Әлемдік Шыңғыс хан академиясына Мұхтар Мағауиннің мүше болғаны жөнінде хабарланған. Атақ құжат-белгісін қайда, қашан алу жайы Мұхаңның өзінің еркіне берілген. Сайыпқыран Мұхаңа «Шыңғыс ханның шапағаты» тағы жақсылық әкеліп, Аруақ құдіреті сезілді. Бұл жайында белгілі басылымдар хабар беріп, жаңалықты жаһанға жеткізуде. Мұхтар Мағауин бұрын Қыпшақ, кейін Қазақ аталған жұрттың рухы мен тұлға-бітімі. Өйткені бұл кісінің жаны да тәні де, тіпті жейтін тамағына дейін ұлт (қазақ) иісі аңқыған, Тәңір күші тасыған, далалық дарқандық асып төгілген, тылсым дүние сезілген, бір әулие бейне адам. Өйткені көп адам аңғара бермейтін шығармашылық сәуегейлігі бар. «Қобыз сарыны» кітабының түбінде құбылыс болатынын өзі ерте сезген. Ал басында сағы сынған «Алдаспанның» кейін жұлдызы жанып, жолы болатынын да білген. Өйткені қасиетті «алдаспан» деген сөзді алғаш тілдік айналысқа, сөздік қорға кіргізген Мұхаң еді. Бірде белгілі жазушы Ілияс Есенберлин реті келгенде пайдалану үшін «Мұхтар «Алдаспанды» маған берші» деп қалап, қолқа салады.
«Шыңғыс ханның шапағаты» жарияланғанда Мұхаңа небір ауыр, тіпті намысына тиетін дөрекі сөздер айтылды. Мұхаң Шыңғыс хан туралы ұстанымынан қайтқан жоқ. Қарсыластарына күйрете жауап берді. Әдебиеттегі сайыпқыран тағы жеңіп шықты. АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан сияқты ұлы мемлекеттердің белгілі қоғам қайраткерлері мүше болған Әлемдік Шыңғыс хан академиясының ғылыми кеңесіне мүше болған Мұхаңды топ жарғаны үшін еріксіз пір тұтасыз. Жалпы Мұхаң әлемдік атақтарға құмар емес. Өздері беріп жатса, одан қалай бас тартады. «Түрік дүниесіне қызметі» халықаралық сыйлығы Кеңестік дәуір кезінде ежелгі ұлттық жыраулық әдебиетті тірілткені үшін берілді.
Бұдан қырық жыл бұрын жылаулар мен хандар арқылы ұлттық сананы оятып, ұлтшылдықты ұрпақ бойына сіңірген Мұхаң өз ұстанымын әлі тоқтатпай жалғастырып келеді. Еркіндік алған алмағайып заманда ұлттық рухты тұншықтырып жатқан қазіргі дүлей қара күштерді, ақша үшін бәрін сататын азғындық әрекеттерді Мұхаң өзгелерден терең біледі. Міне сондықтан былтыр «Ұлтсыздану ұраны» атты толғау-эссе жазды. Мұны бірнеше басылым көшіріп басып, белгілі баспа тез арада кітап етіп шығарды. Бұл еңбек қазір билік басындағылардың назарына ілініп, ал халық болса онда айтылғандарды қатты қолдап отыр.
Мұхаң үшін қазақ ұлтынан басқа Құдай жаратқан жер бетінде ерекше қауым жоқ. Ұлтының рухы, ұлтының тілі мен ділі, салты мен ғұрпы бәрінен қымбат. Оның өз еліндегі атағы да әлемдік даңқы да «Ұлтын сүю» үрдіс-ұранынан, осы жолдағы рух күресінен, ғаламат қаламгерлік қуат-шабытынан тұрады. Мұхаңның жатқан жері жайлы, иманы саламат, жаны жаннатта болғай!
Ораз ҚАУҒАБАЙ