ҚЫРАН ҚАНАТЫНДА

 ҚЫРАН  ҚАНАТЫНДА

Халық қаһарманы Сағадат  Нұрмағамбетовтың туғанына – 100 жыл

 

Шексіз де шетсіз, түпсіз де терең мұхит айдындары... телегей теңіздер адамзат тағдырының әйдік зерде сандығындай. Ол халық қаһарманы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлының да  өмірінің тарыдай болса да сырын ішіне бүгеді.

 

Майдандастар 

арасында

 

Титімдей ғана. 

Боп-боз. 

Сол көзінің қиығына қонақтағалы қашан. Алғаш қалай байқағаны батырдың есінде жоқ. Көзі үйренген соң да, көңілінен таса  болғалы қашан. Кейін айнаға зер сала қарағанында ғана назарына ілігетін. Ол да әуелде ғана. Сосын тағы да ұмыт болған еді. 

Бұл жолы Сағадат Қожахметұлы айна алдында ұзағырақ кідірді. Әдеттегіден өзгеше. Оның да жөні бар. Бүгін шынында да өзгеше күн. Айрықша мереке. Қадірін ұққанға, бағасын білгенге, әрине. Заманың түлкі боп, тазының кебін кимесең. Ол әсілі біртұтас «сомдалған» тұлға. Қоғам өзгерісіне қарай жамалып, жасқалып, қырналып, қысқарып, шалқайып, бүгіліп мың  құбылу оған мүлде жат. 

Жаратылысы өзгеше. 

Біртуар.

Мұндай тұлғалар саусақпен санарлықтай аз. Олар біреуге жалтақтап, жалбақтамайды. Ал, белгілі бір шаруаның ел мүддесі үшін пайдалы екенін көрсе, уақытша келісім табуы мүмкін. Бірақ, өздерінің өмірлік ұстанымынан ешқашан айнымақ емес. 

Қолынан келмейді. 

Маңдайына жазған тағдырынан кім теріс айнала алмақ?! Еңсегей бойлы, қапсағай иықты азамат тура жүріп, тура айтуға үйренген. Икемге көнбейді, иілуге келмейді. Алла Тағала өзгеше жаратқан. 

Сағадат ағаның Конституция күнінің салтанатына жиналған беті еді. Көзінің қиығындағы ескі түйіршік ойда жоқта назарын аударды. Баяғы сол бүріскен қалпы... қызыл империя кезіндегі заңды белінен басқан сұрқай тірліктің сарқыншағы дерсің.

Титімдей ғана.

Боп-боз. 

Өседі деуші еді. Өйтпеді. Сол қалпында қала берді. Тарыдай. Сырт көзге шалына да қоймайды. Жаңа, ойда жоқта жанарын «сүріндірді». Оған да мынау мереке себеп: Алтын Заң шапағаты...

Шапшаң жиналды. 

Шақырған жерге ешқашан кешігіп көрмепті. Бұл жолы да әдеттегідей ертерек келді. Қашаннан қанына сіңген қасиеті. Өзі секілді ардагерлер шоғыры көп-көрім екен. Бәрінің Тәуелсіздік монументіне жиналған беттері. 

Осы бір орта батырдың жанына жағымды-ақ. Әлбетте, әр жердің өз әдебі бар. Кей жерде «мұнда қайдан тап келдім» деп жабығар еді. Сосын ондай басқосулардан аулақ жүруге тырысады. 

Әлгі шіркіндердің «иіскемейтін қоқыстары, сүйкенбейтін бұрыштары»  жоқ. Еріксіз сүйкімдері қашады. Анық-қанығын білмеген «қоламтаны қоздатып, аңдамай шоқ басу» әуелден табиғатына жат. 

Ал, ардагерлер болса, олар жалпы талайды көріп,  егемендіктің бағасын білетін және не айтса да таразылап алып қана сөйлейтіндер. Тәубесін ұмытпай, жақсылыққа қуанатындар. Ақсақалдықтың көп «сыбағасының» бірі де осы шығар. 

Соған орай жиын-тойға шақыратындар да баршылық. Бәрі де сыйлап, өзгеше құрақ ұшады. Аты аңызға айналған батыр дейді. Төл армиямызды сапқа қойған қолбасшы дейді. Жастық шағы жалындап өткен, сол жігері «базардан қайтқанда» да мұқалмаған сүйегі асыл азамат дейді. 

Рас, бұ дүниеге келген соң, отша жана тұрып та өртенбей, суша буырқана тұрып та асып, таспай, еңбектен тиянақ тауып,  сабырды серік еткенге не жетсін! 

Бұл да болса, бір басына жетерліктей өмір мектебінің арқасы. Сағадат ағаны туған ел-жұрты, сондай-ақ  мынау жүйрік тірліктің тұнығын шайқалтпаған, яки жалын мен жігер, парыз бен парасат иесі ретінде ерекше қастер тұтады. 

 

Отты әуен

 

Мерекеге жиналған ақсақалдар бір-бірімен қуана қауышып, өткен-кеткенді еске алысады. Көзіне ыстық, жүрегіне жақын «қаруластар» ортасының кең пейілі жанын жадыратады.  Жақсы орта мен жағымды ойда да жасампаз от-жалын бар-ау! Ол көңілді шуағына орап, жүрегіңді елжіретеді.   

Батыр аға ой тұңғиығына тартылып барады екен, қалықтай жөнелген сиқырлы саз оны ардагерлер ортасына қайта оралтты. Аспан төсіне «Менің Қазақстаным» Әнұраны самғай көтерілді. 

«Ежелден ер деген даңқымыз шықты ғой...» Жеңіс қырандары да сүйікті әуенге сүйсіне қосылды. 

Ғажап ән, өршіл әуен! 

Жүйке жүйкеңе жайылып, ерекше сезімге бөлейді. Өзіңді бүкіл елмен тағдырлас сезінесің. Бір сәтке болса да туған халқыңның арман-мақсатымен біте қайнасып, бірге тыныстайсың.

Кеудеңді мақтаныш кернеп, бойыңды намыс буады: «Намысын бермеген қазағым мықты ғой...». Әсем әуен мен сырлы сезімнің үйлесімі ғажап-ақ! Сұлу саз бен сұңғыла сөз перзенттік адал сезіммен үндесіп жатыр. 

Ерекше тебіреністі сәт. 

Аса құдіретті сезім... «Менің Қазақстаным!» – жүрек толқытарлық әсерге бөлеп, бойға жасампаз жігер құяды. Іштей өткенге салауат айтып, ел келешегіне сенім артасың.

Ғажайып әсер! 

Тіршілік толқынында тербелген әуен. Әлбетте, ән де тірліктің тынысындай сан-алуан. Бірақ, соның бәрінің де алтын арқауы – өмір, тірліктің сан тарау тынысы. Баршасы соған тәуелді. Мұнсыз ән мен әуен дегенің құр айқай-шу болады да қояды. 

Ондай даңғаза жүйкеңді жеп, құтылғанша әбден зәрезап етеді. «Құр айқай бақырған / Құлаққа ән бе екен?» немесе «Әннің де естісі бар, есері бар, / Тыңдаушының құлағын кесері бар» (Абай).

Музыканың адам жанына, тіпті  суға әрқилы, яғни жағымды, бейтарап және жағымсыз әсерін, жан жары Лира Сабирқызының айтуынша, ғалымдар баяғыда-ақ дәлелдеген. Әдемі әуеннен судың молекулалық құрылымы ерекше мөп-мөлдір құрылым түзеді екен. 

Ал, жары айтса, жанының алақанын білген соң ғана жаяды. Ол арнайы оқып, тоқыған су маманы емес пе?! Кәсібіне қатыстының бәріне қызыға «сүңгіп», өз «құпиясын» екеуара ғана бөлісер еді.  Мәселен, рок музыка судың құрылымын быт-шыт етіп, қиратады. Демек, адам тәні 75-90 пайыз судан тұратын болса, біздің жанымызға отты әуеннің немесе саз сәулесінің әсер күші қаншалықты екені өз-өзінен түсінікті. 

Олай болса, мынау өршіл өлең мен қанатты ән  көңіл пернесін, тірлік тебіренісін тап басады. Табиғатпен, оның тыныс-тіршілігімен үндес әуен адамның жанын да, тәнін де баурайды. Сезімнен өріліп, ақылмен безбенделсе солай, әлбетте! 

Әуен, ол – лапылдаған От пен тасыған Судың сапырылысы. Дарын өз жүрегінен туған сырлы сазды сезім отында ширатып, сабырмен суарып, тірлік тебіренісімен толқытады. Осылайша хас шебердің көкірегінен тұтанған ұшқын ән көрігін одан әрі маздатады дерсің. 

Өмірдің өзі де – ән, әрине, сәулелі сезім үшін солай. Ол, бірақ әркімге бұйыра бермейді... көктен төгілген Күн сәулесінің, көз алдыңда көшкен қазбауыр бұлттардың, аспаннан төгілген жауынның, бұрала аққан бұлақ пен буырқанған теңіздің әрқайсысының дербес үні бар. 

Зеңгір жұлдыз бен асқақ арманның, жарқылдаған найзағай мен  жалын жігердің, тіпті білте шам мен үміт сәулесінің, ошақтағы от пен жан шуағының, сондай-ақ шатырдан сырт-сырт тамған және жанардан мөлт-мөлт үзілген тамшының да өз әні бар. 

Жүректегі сезімнің де өз сыры мен өзгеше сазы болады. Балбұлақтың ерке былдырын, қамыстың құпия күбірін, самалдың сүйкімді сыбырын айтсаңызшы! 

Сол саналуан дыбыс пен сазды елін сүйген Шәмші дарынының сұңқар қанатынан суылдай төгілген әуен мәпелей құндақтап, үкілеп  ұшырады. Жаныңа жігер құйып, намысқа қайрап салады. Ол бірде отқа орап,  тұла бойыңды буып, күйдіре-жандыра көкке шарықтатса, енді бірде үстіңнен мұздай су құйып жібергендей селт еткізіп, салқын сабыр тереңіне сүңгітеді. 

 

Көңіл толқынысы

 

Сағадат Қожахметұлының көңіл толқынысы басылар емес. «Апырым-ау, бұған не болды?». От пен судан талай өтті, жаны мұрнының ұшына келген кезі де аз емес. Алайда, сол бір бала жетім көктемінен соң көзіне жас алып көрмепті... бірақ, қазір қалайша толқымассың?! 

Бұл – асқақ күй. Туған ел мен жерге деген жүрек тебіренісі мен көңіл қуанышынан туған ерекше хәл! Аспанда көк тумен бірге «самғаған» қыран-қазақтың қанаты бұл!

Жан толқытарлық! 

Қазақ енді ешкімге де, ештеңеге де кіріптар болмақ емес. Иықтан басқан бодандық бұғауына ерегісе еңсесін тіктеп, өксігі көп өткенге салауат айтады.

Әнұран аспан төріне байланып қалғандай. Асқақ та айбынды. 

Ержеткен ағасы айтушы еді: «Абылай ханның әскері Тарбағатайдың баурайында жоңғарлармен соғыс үстінде қатты қалжырайды. Сонда он салт атты қыр үстінен ұлттық саз аспаптарымен халық әуендерін шалқытады. Сарбаздардың бойына тың күш құйылып, найзаларын ойнатып, болдырған аттар қайта шиыршық атыпты». Ұлттың арман-мақсаты мен уайым-қайғысы тұнған халық музыкасында осындай тылсым күш бар. 

Әнұран барған сайын әуелеп барады... «Ежелден ер деген» даңқты халықтың намысын Шәмшінің дарыны төрткүл дүниеге паш етеді. Алты алаш енді алған бетінен айнымақ емес.   

Тастүйін. 

Морт сынуға бар, бірақ иілмейді. Ешқашан, ешкімнің де алдында. Солқылдақтық жат оған. Бос мәймөңкеңді білмейді. Жүрегің «елім» деп елжірейді.  Ешкімге де жалтақ емессің. 

Еркіндік пен бостандық.

Ерекше асқақ күй!

Әнұран шырқау биікке шалқи самғайды. Осы бір қас қағым сәтте бүкіл елдің арманы бір-ақ арнаға тоғысып, астасып кеткендей. Біте қайнасып, қабыса үндесіп, бойға қуат құйып, мәртебеңді өсіреді. Қазағының бақытты ертеңіне тілектес қауымды терең ойға батырып, асқақ  арман қанат қағады. 

Ерекше үйлесім. 

От пен Су бір арнаға құйылады.

Жігер мен Сабыр жарасады. 

Жасампаз сезім!

Жетімдік... жастық шағын жалмаған соғыс. Бодан заманның белден басқан әділетсіздігі. Адам табиғатына жат тоталитарлық тажал тірліктің барша ызғары Сағадаттың жүрегін ерте суытқан. Жанары баяғыда-ақ құрғап, ащы жастың сығындысындай, титімдей түйіршік қана көзінің қиығында бұғып қалған еді. 

Титімдей ғана.

Боп-боз.

Әнұран аяқтала бергенде Сағадат аға еркінен тыс тебіреніп кетті. Салқар сезімі бір демде асыр-тұсыр сарқылдай тасыған. Бұл да бір тоспада талай уақыт тосылып, тауаны шағылып, одан сәл саңылау тапқанда сарқырай жөнелген асау ағын секілді... кіл жүйрік ойпаңға қарай жалдары жайыла лақылдай кеп ақтарылар еді.   

Жаужүрек жанының тапталған намыстан өртеніп, өне-бойын қысқалы қаншама жыл. Отанға деген перзенттік сүйіспеншілік сезімі жұлын-жүйкесіне сел-сел тарап, торыққан жанында талай жыл тұншыққан өртке лақ ете құйылды. Ардагердің көзінің қиығындағы ыстық пен суықтың, қуаныш пен қиындықтың сығындысындай, тарыдай түйіршік күлдіреп салды. 

Ол дүр сілкінді. 

Өне-бойы мұздап қоя берген. Кеудесі қысып, тынысы тарылғандай. Көйлегінің түймелерін ағытып, галстугін босатыңқырап қойды. Көктемнің Алатаудан ескен саумал самалына жүзін тосты. Бақыттан жан толқығанымен, жүрек қысылмайды екен. Бір демде астан-кестен болған көңілі тез орнына түсті.

Аспан түстес Ту көк жүзінде Күн сәулесімен шағылыса жарқырай барып, көкпеңбек шаңырақ төсіне бояуша сіңіп жүре берді. Бодандық оты қанатын шарпып, қыстыға күн кеше жүріп, еркіндікке әбден сусаған қыран-қазақ шексіз де шетсіз, түпсіз де терең кең-байтақ өлкенің үстімен  баяу қалықтайды. 

Ол ел амандығының қырағы күзетінде тұрғандай. Бейбіт өмірдің күзетінде... алтыннан өрілген ою-өрнектер келді көз алдына. Оларда да сәулелі сезімге ғана ашылғандай терең сыр бар. Қазағының өнерпаз да сұлу табиғаты мен қайыспас, қайсар тағдыры сайрап жатыр.

Сағадат Қожахметұлы, қазір ойлап қараса, егемендікті жариялаған сәтте оның қандай бақыт екенін көпшілік жете сезіне қоймапты. Тіпті, Тәуелсіздік заңын қабылдаған 12-ші сайланған Жоғарғы Кеңестің өзі сияқты депутаттары да шаттық құшағында тұрып, оның салмағын жан-жақты саралай алмағаны анық. Оған да уақыт керек болатын. 

Қаһарман жаңағы бір тебіреністі сәтте жанарын соншама уақыт күзеткен ескі түйіршіктің қалай үзіліп түскенін де байқамады. Ол талай жыл іште маздап, сыртқа шыға алмай тұншыққан орасан от-намыс ұшқынының бір ғана түйіршігі еді. Сырттағы «ызғардан» әбден суып, сүйелге айналғалы қашан! Басынан кешкен «аптап ыстық пен сараяз суықтың»  нашар елесі іспетті еді. 

Көзінің қиығынан үзілген ескі түйіршік жермен жосылған жаңбырдың суына қосылуы мұң, жанарын жасқанта жарқ еткен. Намыстың наркескеніндей, бойында талай жыл қайнап, теміртүйнекке айналған ол кеудедегі азаттық алауы бұрқ ете түсіп, вулканша лақылдай атылғанда қайта балқып кеткендей. Кәдімгідей жанып, көз қарықтыра сәуле шашады. 

Су тұтқынында шыр көбелек айналып, заулаған күйі қашан зәулім ғимарат тасалағанша көзіне оттай басылып бара жатты. Қалтарысты айнала бере жанарын жасқай тағы бір жарқ еткен. Жаңағы ұшқыннан бейне бір жер мен көкті жалғаған өрт көтерілгендей  болды... шығыстан жоғары өрлеген алып Күн нұры айналаны шалқар шуағына орап келе жатыр екен. 

Сағадат батыр Әнұран қанатында тебірене тұрып, тірлік көшінде Тәуелсіздік таңын қарсы алған тағдырына разы көңілмен шүкіршілік етті. 

 БОЛАТ ЖҮНІСБЕКОВ,          жазушы

 

26.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 40
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 33
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 49
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 41
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 111
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 308
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 302
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 924

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8997
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8392
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11617
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9375
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10601