«Қырқатыны несі екен өрімдейді?..» немесе 43 жасында дүниеден озған Нұрлан Мәукенұлы туралы сыр

«Қырқатыны несі екен өрімдейді?..» немесе 43 жасында дүниеден озған Нұрлан Мәукенұлы туралы сыр

Нұрлан... Нұраш туралы естелік жазам-ау деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Кірсе, кеше ғана өткеннің өзін демде ұмыттыратын мынау ғапыл заманда, онымен кездескен әрбір сәтімді жадыма түйіп, тым болмаса күнделігіме түртіп қояр едім ғой. Өйтпеппін. Сондықтан шама-шарқым жеткенше жадымда қалғандарды жаңғыртып көрейін... Нұрашпен шамамен 1995-96 жылдары Қазақстан Жазушылар одағындағы бір кеште, дұрысы кештен кейінгі тап-тар бөлмедегі басқосуда таныстым. Жасы бар, жасамысы бар ақын атаулы бас қосқан гу-гу әңгіме. Қазақтың мүйізі қарағайдай екі-үш ақыны қатар отыр екен. Ортасындағы, ең төрдегісі – үстіне тоқыма кеудеше киген, бурыл шашты кісі. Сұрастыра келсем, ол әйгілі ақын Қуандық Шаңғытбаев болып шықты. Сол кісінің аудармасындағы Омар һайямның рубайларын қызыға оқып, кейбірі жадымда жатталып қалған еді. Содан ба, Қуандық ағам өз туысымдай жылы ұшырап кетті. Сәлден соң ақындар бір-бірінен іліп әкетіп, өлең оқыды. Бірінен-бірі асып түскісі келетіндей, бірі тоқтай сала екіншісі эстафетаның таяғындай іліп әкетіп, заулата жөнеледі. Мен тек тыңдаушымын.

Сәл ғана толқынды қара шашын қос жарма етіп артқа қайырған, қыр мұрынды, жазық маңдайлы, сұлу өңді, аққұба жігіт бастаған жастар жағы үлкендерге қызмет көрсетіп жүрді. Ол кезде әдеби ортада «Аспан ақын» (бір мүшәйрада «Аспан» деген өлеңі үшін жүлде алған ғой) немесе жәй ғана Әбіш аталып кеткен Әбубәкір досым әлгі жылы жүзді, көркем жігітті Нұрлан Берғазиев (бірақ өлеңдерін Нұрлан Мәукенұлы болып жариялап жүрді), ақын деп таныстырды. Сөйтсем, Нұрашымыз көркем өңді ғана емес, көркем мінезді жігіт екен. Баяғыдан, бала кезден таныс адамдардай салған жерден әңгімеміз жараса кетті. Кейінірек байқадым, мінезіміз де ұқсас екен. Екеуміз де кісіге міндет артып, салмақ салғанды ұнатпаймыз. Екеуміз де таза жүргенді, қатаң тәртіпті, сыпайылықты ұнатамыз. Сыпайылық жағынан Нұраш менен асып түседі... Онымен қоймай екеуміз Алматының бір жағында, бір көшенің бойында тұратын болып шықтық. Ол Жандосов пен Саинның арғы бетіндегі Таугүлдегі жер үйде, мен бергі бетіндегі көпқабатты үйде. Кешкісін Жандосовтың бойымен серуендеп, әңгіме соғамыз. Жүзбе-жүз көрісіп, жеке танысқанға дейін Нұраштың өлеңдерін «Жас қазақ» пен басқа басылымдардан анда-санда оқып қоятынбыз. «Жас қазақты» көбінесе «Жас қазақтың» жалынды жауынгерлері, өмірден тым ерте кеткен жазушы Есжан марқұм мен Алматыны келе сала шулатқан жас ақын Маралтайдың қолынан көретінбіз. Нұраш сонда бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Жазушылар одағына жақын жүргеннен кейін ол жақтағы жаңалықтың көбін Әбубәкір мен Нұрланнан естимін. Әрине, қолыңның «қышымасы» болған соң, Одақ жаққа құлақ түріп, елеңдеп жүресің, басқа ақын-жазушылармен де кездесіп, кейбіреулері үйге де келіп-кетіп тұрады ғой. Бірақ этнологтардың тілімен айтқанда, негізгі «ақпарат берушілерім» – Әбіш пен Нұраш. 1998 жылы менің балалар мен жасөспірімдерге арналған «Нартай» атты тұңғыш кітабым шықты. Ол Қазақстан Жазушылар одағының 1999 жылғы әдеби жыл қорытындысында марқұм Сұлтан Қалиевтің баяндамасында «1998 жылдың табысы» деп аталып өтті. Міне, осы кезде Нұраш дереу құжаттарымды жинап, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне ұсынуға кеңес берді, оның жолдарын көрсетті. Құжаттарымды ұсынып қойып, күтіп жүре бердім. Сөйтсем, аса бір жанашырың не жанкүйерің болмаса, сенің тапсырған құжаттарың көп папкінің астында бастырылып қала береді екен ғой. Ал Жазушылар одағына айына, жылына бір баратын мына пақырыңыз жаңа мүшелерді қабылдап тастағанын бір-ақ естиміз. Қойшы, кейін сәті түскенде әйтеуір бір өттік қой, бірақ шын жанашырлық танытып, білгенін жасырмай, жол көрсеткені үшін де Нұрашқа Алла разы болсын айтып, «рухы пейіште шалқысын» деп, дұға тілейміз.

Сыпайылық дегеннен шығады, бірде Жазушылар одағындағы жыл қорытындысынан кейін төрт кісі кафеге отырдық. Арасында Нұраш досым да бар. Отырыстың соңына қарай бір ақын ағамыз шаршап қалды. Шаршай бастағанын байқап, күні бұрын тұрағын нақтылап сұрағанмын. «Ой, мені пәленше деген жерге апарсаң, ары қарай өзім тауып барамын» деп, қанша сұрасам да үй, пәтер нөмірін нақты айтпай қойған. Ақыры не керек, айтқан жеріне апарған соң әлгі ақын ағамыз бізді үйіне барып алады деп қауіптенді ме, әлде шынымен тарс есінен шығып қалған ба, үй, пәтер нөмірін сұрасақ, түк болмағандай бетімізге мағынасыз меңірейеді. Сұрақты қайталаймыз, ешқандай реакция жоқ. Орысша айтқанда, «өшіп қалған». Жаңбыр құйып тұр. Тек Нұрашта ғана қолшатыр бар екен... Ол аз десеңіз, «жіберіңдер, ұстамаңдар» деп айқайлап жүріп босап алды да шылқылдаған көгалға шалқасынан түсіп жата кетті. Құдды әкесінің үйінде жатқандай. Тұрғызайық десек, қолымызды қағып, қарсыласады. Бетіне тиген жаңбыр да ес жиғызбады. Амалсыз жалғыз қолшатырды ағамыздың бетіне тостық. Ерсілі-қарсылы өткендер бізге ажырая қарап, сөгіп кетеді. «Өй, өңшең алқаштар!» – деді бір әйел... Тастап кету – ерге сын. Алып кетейік десек, тоқтаған такси әлгі ағамызды көргенде газды өкірте басып, безе жөнеледі. Қойшы, әйтеуір ес кетті, жан шықты дегенде бір таксиске екі есе құнын төлеп, біздің үйге әкелдік. Бізде жеделсаты жоқ, үшеулеп жүріп, өлген өгіздей болған ағамызды 6-қабатқа көтеріп шығардық! Дереу ваннаға кіргізіп, су киімдерін сыпырып, Нұраш екеуміз жуындырдық. Онда да ес жияр емес, менің бір қабат киімімді кигізіп, салулы төсекке жатқызып тастадық. Мен дүкенге барып келгенше, әлгі ағамызды көтеріскенде былғанған жерін тазалап үлгерген Нұрлан ешкіммен қоштаспай, кетіп барады екен. Қоштасса, жата кеп жабысып, жібермей қоятынын біледі. Мені көре сала: «Үндеме! Бәрінен бұрын Нұргүлден (біздің үйдің отанасын айтып тұр) ұят болды. Бетімнің оты шықты. Қалмады деп өзің де ренжіме! Мынандайдан кейін қайтіп жайбарақат отырасың!» – деп, жедел басып жөнеле берді. «Мә, таксимен бар» деп ақша ұсынып едім, «Жо-жоқ, өзімде бар» деп, азар-безер болды. Оның орнында басқа біреу болса, «масайған мен емес, ана кісі. Мен несіне ұяламын?» деп, өзіне шаң жуытпай, ақтап алар еді. Ал Нұраш болса, осындай кісімен бірге жүргенім үшін де мен ұяттымын дегендей, бетінің оты шығып жүр. Қасындағы кісі үшін ұялу – көп жігіттің қаперіне кіре бермес, екінің бірінің басына бұйыра бермес бақ. Осыған ұқсас тағы бір оқиға ойыма оралып отыр. Бірде дүкенге кеткен әйелім: «Сонадайдан Нұрлан ағаны көрдім. Амандасайын деп қарсы жүріп едім, бөтен жаққа шұғыл бұрылып кетті. Қасында екі-үш жігіт бар. Көзіне қара көзілдірік киіп алыпты. Сен ренжіткен жоқ па едің?» – деп сұрайды. Басқа біреумен шатастырмағаны анық. Өйткені көзілдірік тақсам да, алыстағыны айқын көрмейтіндіктен: «Мына келе жатқан қай автобус? Анау не сурет?» дегендей сауалдармен оның көзін ортақ пайдаланатыным бар. Сондықтан: «Бәлкім, мен емес, шәйіңді дұрыстап құймай, сен ренжіткен шығарсың?! Өйткені менен емес, сенен қашып жүр ғой ағаң», – деп әзілге бұрып жібердім. Себебін жолыққанда сұрамай-ақ Нұраштың өзі айтты. Ол есік алдына жаздық үй салып жатыр еді. Құрдастары келіп, соған көмектесіпті. Солар үйдегі бар дәмді місе тұтпай: «Адамға ұқсап кафеге барып отырайықшы» деп қоймай қойған. Солардың көңілін қимай, біз жақтағы бір кафеде армансыз шер тарқатып, үйге қарай енді қайтып бара жатса, алдынан біздің үйдегі келіні шыға келіпті. «Қасымдағы бір жігіт теңселе бастап еді, содан ұялғаннан шұғыл бұрылып, үйлердің арасына кіріп кеттік» дейді. Байқайсыз ба, тағы да біреу үшін ұялу. Өйткені ол өзі ұрттап қойғанның өзінде ешқашан, еш жерде артық сөз айтып, ұнамсыз қылық көрсеткен емес. Жан баласымен жаға жыртысу былай тұрсын, сөзге де келмейтін. Біреулер ажылдап-гүжілдеп, берекені ала бастаса, дереу есебін тауып әлгі жерден тайып тұратын. Сол мінезін байқаған соң, қазірде қабырғалы қаламгер, әйгілі жазушы досымыз «осы Нұрлан екеуіңнің бір мас болғандарыңды көрмей арманда кететін болдым ғой» деп қалжыңдайтын. Уай, Нұрашым-ай, қыздан бетер сынық мінезді сыпайы жігіт еді ғой. Көңілге кірбің түсірер сәл нәрсеге қысылып, бет моншағы үзіліп тұрушы еді-ау!..

Нұраш тұратын «Таугүл» жаңа мөлтекаудан болған соң, коммуникация мәселесі шешілмей, жиі-жиі жарық сөніп, телефон жүйесі де тартылмай тұрды. Содан жан-жаққа телефон соғу үшін үйге келеді. Нұргүл шәй қояды. Үшеуміз отырып шәй ішеміз, әңгімелесеміз. Оның өзі сыйлаған «Бойтұмары» үйде бар еді. Содан Хакім Абайдың «Көңілде алаң басылса»... сөзін эпиграфқа алып, «Көңілде алаң басылса» деп басталатын жырын оқытамын. «Күлдір-күлдір кісінетіптегі» Ақтамбердінің арманын есіңе салады ма, қалай?! Тек Ақтамберді бабам көшпелі қазақтың жорық жырауының арман-аңсарын жырласа, Нұрлан досымыз бүгінгі қазақ ақынының қиялы мен көшпелі қазақтың арман-мұңын астастырып жібергендей. Жинақтың кез келген жерін ашсаң, Нұрлан Мәукенұлының ғана емес, қалың қазақтың көкірегіндегі күрсіністі естір едің. Кітаптың беташар өлеңіндегі: Қоғам кедей, Мен де кедей, Сен кедей. Жүріп жатқан жай-күйді бір жөндемей, Өгіз өлмей, арба сынбай ақырын – Өлі ұйқылы пәруайсыз пендедей... – деп келетін жолдардан бастап, соңына дейін кітаптың тұла бойы қазақтың мұңы мен мүддесі, арманы мен аңсары, назы мен наласы емес пе?! Ақын бірде Шалкиізбен сырласса, енді бірде Махамбетпен мұңдасады. Ал туған жері Зайсанда жер сілкінгенде халықпен бірге болып, жадау көңіл жұртты жұбатуға тырысты. Елдің мұң-мүддесін, өтініші мен талабын жоғарыға жыр тілімен жеткізуге әрекеттенді. Енді бір өлеңі: «Құйрықты жұлдыз өтті ағып, Мен де өтетін шығармын...» деп аяқталады. Жүрегім зу ете түсті. Кейінгі өлеңдерінде өлім туралы жиі айтып кеткендей көрінді. Ал меніңше, қырықтың қырқасына да шықпаған бізге ажалмен аңдысып, өліммен достасуға әлі ерте сияқты. Соны айтып, пәлсапа соқтым. Нұрекең үнсіз ғана жымиды. Ештеңе айтқан жоқ. «Бәлкім, сен өлімге қимағанмен Құдай қоя ма» дегенді ішінде бүгіп қалған шығар. Сол пәлсапамды «Күнделігіме» түртіп қойған едім. Сәл кейінірек жазылған «Ақынның ажалы» деген әңгімемнің «Ақын күнделігіндегі жазбалардан» бөлімінде пайдаландым. Тақырыпқа тікелей қатысты болған соң, толығырақ келтіре кетейін: «Өлім туралы жиі ойлаймын... Байқап отырсам, кейінгі бір жылдың ішінде жазылған өлеңдерімнің тең жартысынан астамында өлімге бір соқпай кетпейді екенмін. Бұл не? Білмеймін... Бір білетінім – ертең өле қалсам, аңғал жандардың мені «ойпыр-ай, әулие екен, ылғи өлім туралы өлең жазғаны – көп ұзамай талқанының таусылатынын сезгені ғой» деп, қолдан әулие жасауға тырысатыны. Далбаса... Ақын күні бұрын бұ дүниеден үміт үзіп, о дүниені көбірек ойласа, сол туралы өлең жазбай қайтеді? Ал күні-түні өлім туралы ойлай берсең, өлмегенде қайда барасың!? Ендеше өлім туралы албасты ойларды аласта, үміт жібін үзбеуге тырыс!.. «Үмітсіз шайтан» болма...». Әйгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың бір өлеңі есіме түсіп отыр. Ғалым, Нұрлан және Талғат үшеуі Жидебайға барып, жыр патшасы Абайдың басына зиярат етеді ғой. Үшеуі соңында енді мұнда жыл сайын келіп тұрайық деп уағдаласады. «Құдайдың ішек-сілесін қатырғың келсе, жоспарыңды жайып сал» депті ғой бір данышпан, соны еске салды. Ғалекең содан соң Нұрланды қағынған ажалдың қағып кеткенін айта келіп, өлеңін былай аяқтайды:

Қимаса да бұл тағдыр Төрін мейлі,

Қырқатыны несі екен өрімдейді.

Шыңғыстауға содан соң барғаным жоқ

Кеңесбаев Талғат та көрінбейді.

Иә, Нұрашымыз дәл 43 жасында бұ дүниедегі сапарын тамамдады. Нұрашты қойып, осыдан төрт-бес жыл бұрын жалғыз ұлы Наздан да о дүниеге аттанды. Әйтеуір көңілге медеу тұтарымыз – соңында тұяғы қалды. Жандары жәннатта болып, рухтары пейіштің төрінде шалқысын! Ақынның жары Гүлмираш пен қыздары Гүлден, Гүлреңге және күйеу балаларына, келініне, немерелері мен жиендеріне Алла Тағала ұзақ та мағыналы ғұмыр берсін! 

Әбділдабек САЛЫҚБАЙ, жазушы, «Қазақ тарихы» журналының бас редакторы
26.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 29
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 51
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 19
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 24
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 30
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 26
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 54
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 51
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 258
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 255
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 877

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8952
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8346
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11572
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9330
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10556