2 тамыз күні өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі ауызсу мен тұрғын үй мәселесін шешетін ұлттық жобаны таныстырды. Бұл елдің көптен күткен жаңалығы еді. «Ғұмыр жасы» ұзақтау болғай!
Ұлттық жобамен таныса келе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасын іске асыру үшін 1,8 трлн теңге, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат – 709 млрд теңге қарастырылғанын білдік. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та біздің ойымызды қуаттағандай болды.
«Тұрғындардың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды әрі көлік байланысын жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы іске асырылып жатыр», – деді Әлібек Қуантыров. Министрдің сөзінен тағы бір ұққанымыз, Ұлттық жоба 2 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр, олар: «Базалық қызметтерге тең қолжетімділік» және «Көліктік байланысты қамтамасыз ету».
«4 міндет, 20 көрсеткіш және 96 іс-шара айқындалды. Ұлттық жобаның 2021 жылға арналған іс-шараларын қаржыландырудың жалпы көлемі 1,5 трлн теңге құрады, оның ішінде РБ – 1,1 трлн теңге. Осы соманың 1,4 трлн теңгесі немесе 93%-і игерілді, – деді ведомства басшысы.