Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы министрі Е.Ш.Қарашөкеевтің назарына!
Биылғы халыққа Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ауылшаруашылығының әлеуеті орасан зор екенін атап өтіп, «бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес» екендігіне тоқталды. Бұл түйткілдердің бірқатары саланы басқару мен ұйымдастыру мәселелеріне қатысты. Өйткені елді есеңгіреткен биылғы ахуал мемлекеттің экономика салаларын, соның ішінде ауылшаруашылығын басқаруды тікелей өз қолына алуы қажеттігін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Біздің пікірімізше, Кеңес заманындағыдай тауарлы өнім өндіретін, әлеуметтік нысандары-мектептері, ауруханалары, клубтары мен кітапханалары бар ұжымшарлар тәжірибесіне қайта оралар кез жетті. Әлем елдері биылғы қиын-қыстау кезеңде өз аграршыларына қаржылай қолдау көрсетіп, негізгі шығындарды өз мойнына алып жатыр. Қазақстан да осы үрдіске оралуы, мемлекеттік қолдауға бөлінетін қаржыны «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кететіндей емес, әрбір жеке шаруаға тура жеткізілетіндей жағдай жасауы қажет.
Нарықтық экономикаға балама жоқтығы әмбеге аян. Дегенмен, Кеңес кезіндегі шаруашылық тәжірибесі орталықтандырылған басқарудың әсіресе мал шаруашылығында, атап айтқанда қой, жылқы, түйе сынды континенталды табиғат жағдайларына төзімді түлікті ауыспалы жайылым жағдайында өсіруде анағұрлым тиімді болғаны айғақ. Аталған салаларда көшіп-қонуға қолайлы әдіс қолданылады. Ал жекешелендіру кезінде ары кетсе оншақты тұяқтан аспайтын азын-аулақ мал шағын қожалықтарға таратылып берген соң күні кеше ғана қойнау-қолаты мыңғырған мал өрісі болған сайын даланың бүгінгі жүдеу көрінісі көңілге кірбің ұялататыны рас. Қазақ жері кең-байтақ, ауыл-аймақ бір-біріне тиіп тұрған қара топырақсыз жер емес, оны игеру үшін адам күші мен техниканы бір орталықтан басқарып отыру керек. Мәселен, солтүстік өңірдегі бидай себілетін миллион гектарлық егістіктерді ұсақ шаруашылықтардың игере алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүргені белгілі. Кезінде Бейімбет жырға қосқан «Гүлденсе ауыл-гүлденеміз бәріміз!» ұраны әлі де күн тәртібінде. Осы орайда қазіргі ауыл-аймақтардағы өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық түйіндерді тарқата алатын, бұрынғы кеңшар үлгісіндегі агроқалашықтар ұйымдастыру қажеттігіне көзіміз жетіп келеді.
Тәуелсіздік кезеңіндегі орда бұзарлық отыз жыл ішінде ауылшаруашылық саласын дамытып, ауыл-аймақтарды көркейтуге бағытталған тоғыз мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Осынау маңызды құжаттар сапынан «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» да ойып орын алуға тиісті. Төрт жылға негізделген бағдарламада ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділігінің 2015 жылдың деңгейіне қарағанда нақты мәнде 38 пайызға артуын, ауылшаруашылығы жалпы өнімінің 2015 жылдың деңгейіне қарағанда нақты мәнде 30 пайызға өсуін, азық-түлік тауарлары экспорты көлемінің 600 млн АҚШ долларына өсуін, азық-түлік тауарлары импорты көлемінің 400 млн АҚШ долларына төмендеуін, азық-түлік тауарлары көтерме саудасының 2015 жылдың деңгейіне қарағанда 29 пайызға өсуін, суармалы алаңның 1 гектарына арналған суаратын су шығысының 2015 жылдың деңгейіне қарағанда 20 пайызға төмендеуін, қосымша жерүсті су ресурстарының 2015 жылдың деңгейіне қарағанда 1,9 км3-ге ұлғаюын қамтамасыз етуге бақытталған. 2020 жылы барлығы – 745,6 млрд теңге; республикалық бюджеттен – 468,4 млрд теңге; жергілікті бюджеттен – 200,6 млрд теңге; басқа көздерден– 76,5 млрд теңге; 2021 жылы барлығы – 866,8 млрд теңге; республикалық бюджеттен – 576,0 млрд теңге; жергілікті бюджеттен – 202,1 млрд теңге; басқа көздерден– 88,6 млрд теңге бөлінеді. Бұл аграрлық саланы материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңа деңгейге көтеруге, ғылым жетістіктерін өндіріске жаппай енгізуге жол ашатын қаржы.
Ендігі әңгіме осы қаржының қалай пайдаланылып жатқаны хақында. Мақсатқа орай жұмсаған жағдайда, бұл сомалар мал төлдету мен қыстауға құлату, егін егу, күзгі жиын-терін мен шөп шабу сынды шаруақор жұртты байыз таптырмайтын науқандарды ойдағыда өткізуге де, оның сыртында ауылдық аумақтарды дамытуға да жетіп артылар еді. Осы орайда мемлекет көмегі, түрлі субсидиялар мақсатқа сай, орнымен пайдаланылды ма, деген сауал туындайды. Мәселен, статистика деректері тілге тиек етіліп отырған кезеңде, яғни 1991 жылы Қазақстанда 35 миллион бас, ал 2020 жылы 20 миллион бас қой-ешкі болғанына айғақ. Өсімтал түлік санының бақандай 15 миллионға кему себептері әлі ой елегінен өткізілген жоқ. Үкімет жәрдемі құмға сіңген судың кебін киюде. Бұл ретте Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға бөлінген 1 млрд теңгеге жуық субсидияның ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ сән салоны, фармацевтика компаниялары, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автокөлік жөндеу кәсіпорындары сияқты 279 кәсіпкерлік субъектісіне берілгені жөніндегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасалған Қазақпарат хабары назар аударуға тұрарлық. Бұдан «қазанға қақпақ керектігі» жөніндегі жарықтық Шерағаң, Шерхан Мұртазаның ескертуі әлі де өз маңызын жоймағанын көріп отырмыз. «Батыр бір оқтық, бай бір жұттық» дегендей, күйзелістің қыр астында екенін биылғы жаз байқатып өтті. Қаржы үйлестірушілер мен субсидия таратушылардың жауапкершілігін көтермесе, ең бастысы құқық қорғау орындарының бақылауын қатаңдатпаса, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қала ма деген қауіп бар.
Жуырда жемшөппен қамтамасыз ету жөніндегі республикалық жедел штабтың кезекті отырысы өткені белгілі. Сол жиында келтірілген деректерге сәйкес қазіргі таңда 20,8 млн тонна шөп дайындалған, бұл жоспардың 88 пайызы. Пішендеме дайындау жоспардың 76 пайызын, сүрлем дайындау 8 пайызын құрайды. Маңғыстау және Қызылорда облыстарына үкімет резервінен қаражат бөлінген. Маңғыстау облысында жоспарланған шөптің 48 пайызы дайындалған. Жедел штаб отырысында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнату мәселесі көтерілді. Осы уәдеге орай «Qazaqstan dauiri» ақпараттық-талдау қызметі тәуелсіздік жылдары «Ауыл – ел бесігі», «Ауыз су», «Дипломмен – ауылға», «100 мектеп, «100 аурухана» бағдарламаларының сала экономикасын, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға қосқан үлесі жайлы білгісі келеді. Әлем елдері, соның ішінде Қазақстан да климаттың күрт жылынуының зардаптарын тарта бастады. Осы орайда отандық ауылшаруашылығын экстремалдық жағдайға икемдеу қажеттігі туындайды. Оқушыларымыздың бұл бағытта қандай шаралар қабылдау көзделіп отырғанынан хабардар болғанын қалаймыз. Сондай-ақ биылғы қуаңшылық жемшөптің жеткілікті қорын жасаудың маңыздылығын көрсетті. Шаруашылықтардың мал қыстатуға сақадай әзірленуі қажет. Егін орағы да жақындап қалды. Науқанды қаржылық және материалдық-техникалық қолдау жөніндегі көмектің қайтарымына қатысты сауалдар көп...
Қыс қыр астында...