Бізге сұхбат беруші – «АҚПАН» басқарма тобының төрағасы Азамат Байтлеуұлы Душекенов ағамыз. Астрахан облысында дүниеге келген екен.
Негізгі мамандығы су шаруашылығына қатысты болғандықтан, ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облысы гидрогеологиялық су ресурстарын зерттеу басқармасының басшысы болып қызмет жасаған. Батыс Қазақстан облысындағы НАРЫН құмындағы жер асты тұщы суларды реттейтін басқармада да жұмыс істепті. 1983 жылдан бастап, Ақтөбе облысындағы жер асты тұщы су қоймаларын іздеп табу және реттеу басқармасының бастығы болып келеді. (Водозабор) Өзінің айтуы бойынша, соңғы жылдары ешқандай тілші-журналистерге сұхбат бермейді екен. Сөздерімді бұрмалап, мені «халық жауы» етіп көрсеткісі келетіндеріне не айтуға болады дейді.
Ақтөбе облысындағы барлық су қоймаларының тарихын жақсы білетін зерек екеніне әңгіме барысында көзіміз әбден жетті. Жаны жайсаң ағамыздың әңгімелерінің тұщымдылығы сонда, облыс аумағындағы жер асты су қорларын тізіп айтып берді.
– Ақтөбе облысына келгеніме 43 жыл болды. Су қорларының барлығын білемін деп айта алмаймын. 95 пайызын білемін. Мысалы, Ақтөбе қаласы суды Алға ауданының территориясында орналасқан Құндақтықыр (40 шақырым), Сарбұлақ (60 шақырым), Моисеевкадан алып отыр. Құндақтықыр 40 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Сарбұлақ пен Моисеевка да жаңа жобаны бітіргендеріне 1-2 жыл. Облыстан қаржы күтіп отыр. 2026 жылдан жұмыс басталады деп ойлаймын. Бұлардан басқа қалаға су беретін Елек және Қарғалы үлкен су қорлары бар. Олардан басқа 10 шақты шағын су қорлары да бар. Олар 3000, 5000, 10000 текше метр су береді. Ақтөбенің айналасында Қурайлы, Нокин, Ақжар т.б. шағын қалалар бой түзеп келеді ғой. Оларды да сумен қамтамасыз етуге тиіспіз. Олардың бәрінде сумен жабдықтайтын қондырғылар бар. (Водозаборлар) Бұл аталған елді мекендерге суды тауып берген біздің мекеме. Геологтардың бір қорқатыны, мысалы, Алға қаласының төменгі жағындағы жер асты суларының құрамында бор қышқылы табылды. Барлық жерінде емес. Ұзақ жылдар бойы Алға қаласындағы Ақтөбе химия зауытының лас суларын Елек өзенінің жағасындағы «лиман» деп аталатын қолдан жасалған көлшікке жіберіп келген еді. Жер асты суларына бор қышқылының араласып кетуі осы немқұрайлылықтың, жауапсыздықтың салдарынан деп нақты айтуға болады. 10-15 жыл бойы бор қышқылы болмайтын. Кейін қайта шығып тұр.
Біздер әуелден айтып келеміз. Бор қышқылы сумен келіп, су сақтау қоймасының түбіне тұнып (иль), лай-балшық болып тұрады. Бор қышқылы судың түбінде тұнған соң оны зерттеу керек. Ол мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінуі тиіс еді. Бюджетте қаржы жоқ дейді. Болса... қазір заман солай болып кетті ғой. Жұмысты білсін, білмесін, тендер арқылы кім көрінген алып кетіп жатыр емес пе? Ақтөбе қаласындағы ферросплав зауытының қасындағы судың құрамында 6 валентті хром бар. Ол да ластанған «мина замедленного действия» деп біздер айтамыз... Суда сондай-ақ 14 шақырым шаршы аймақта 6 валентті хром және бар. Ақтөбенің айналасында екі жерде бор мен хром қышқылы сулардың құрамында бар. Қалған жерлері, Құдайға шүкір, таза барлығы. Мен су жағын айтып отырмын. Ауа жағына біздің қатысымыз жоқ. Ақтөбеде жағдай солай... Барлық жағынан дұрыс болса, су жетеді.
Енді Бестамақтан бастап, Алға маңында тұщы сулардың қорлары Елек өзенінің жағасында бар. Алғаның айналасындағы сулар ластанған соң, біз суды жоғары жерлерден іздейміз. Алғадан төмен жатқан су жағасынан іздеуге болмайды. Әзірге Алғада су жеткілікті. Бізде қазір толық ақпараттар жоқ қой.
Су қалай кетіп, қалай пайдаланып жатыр? Әр қалада өздерінің су жүретін арналары болады. Мысалы, Қандыағашта өзінің жеке су алатын жер асты қоймасы, құбыры бар. (Водозабор) Жемде өзінің су қоймасы бар. Шалқарда Ұлы Борсық құмында да солай нақты ақпаратты суға жауапты, суды бөлетін мекемелер біледі.
Судың мәселелері пайдалануға байланысты. Мысалы, біздер су қорының қаншалықты ауқымды алып жатқанына ұсыныс береміз. Мысалы, 10 бұрғыланған скважиналардан алынатын тұщы судың мөлшерін – 10 мың текше метрден артық алуға болмайды. Егер де артық алынса, айналасындағы ащы су араласып кетеді. Қазір біздің берген ақпараттарды тыңдап, қарап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан да қол қысқа болып тұр. Не болып жатқанын суды пайдаланып, қажеттеріне жаратып жатқандар біледі. Мониторинг қызметі, суды қоршаған ортаны қорғау деген... Ол да Үкіметтің жұмысы болғандықтан... 10-15 жылдықта шашылып қалды. Тендерлерді сырттан келіп алып кетеді. Мысалы, фирмалар Алматыдан, Астанадан келіп алады. Олардың қалай жұмыс жасап жатқандарын ешкім білмейді. Кеңес өкіметі кезінен бері жұмыс жасап келе жатырмын. Әр шаршыда облыстық атқару комитетіне зерттеулердің нәтижелерін көрсетіп хат жазатын едік. Мысалы, 6 валентті бор былай болып жатыр, хром қосылыстары былай болып жатыр деп... ақпарат беріп тұратын едік. Ол қазір жоқ. Қайдағы бір мекеме келеді. Үш-ақ адам жұмыс жасайды. Бюджеттің қаражаттарын қалталарына басады да, жұмыс жүргізген кейіп танытады. Оларға судың нақты жағдайлары қызықты емес. Білсеңіздер, тендерде 45 пайыз девинг жасап алады да, алып кетеді. Мысалы, ондай ақшаға жұмыс жасау мүмкіндігі өте төмен. Өйткені сынамалардың (анализ) да бағалары қымбаттап кетті. Қысқасы, осындай қиын жағдай.
Ақтөбе облысында сақтап жүрген екі үлкен тұщы су қоймалары бар ғой. Көкжиде де қанша су қоры бары жан-жақты зерттелген. Мойындалған. Атырау мен Ақтауға су Көкжидеден тартылады деген әңгімелер шыққан еді. Атырау облысында әкім болған Нұрлан Асқарұлы Ноғаев та және сенаторлар да су керек деп кіріспекші болып, қолдау білдіріп еді. Арты сиырқұйымшақтанып кетті.
Екінші үлкен жер асты тұщы су қоймасы Шалқар ауданында, Ұлы Борсық құмында, Айшуақта бар. Оған жасалған барлау жұмыстарына 50 жылдай болып қалды. Оның мөлшерін қайта зерттеу керек. Ал Көкжидеде бәрі дайын тұр. Айшуақ су қоры, Құдайға шүкір, әзірге дін аман.
Ал Көкжиде аумағында 5-6 үлкен мұнай компаниялары жұмыс жасап жатыр. Оларға не істей аламыз? Шынын айтқанда, мен шаршап жүрмін. Мені «халық жауы» қылмақшы. Тіпті суға байланысты жиындар өткізіп жатады. Бізді «гидрогеологтардың тұжырымдамалары дұрыс емес» деп шақырмайтын болды. Алдында 5-6 жыл бұрын нақты дәлелдермен айтып, жазып қорғағанда, 2026-27 жылдары құмдағы скважиналарды тоқтатамыз деген. Қазір лицензияларын 2035 жылға дейін ұзартып алды дейді. Біз қолдан келетін жұмыстарымызды адал атқардық деп ойлаймыз. Айтсақ, олардың уәждері: мұнай компанияларында 500 адам жұмыс істейді ме, білмеймін... бір мыңнан астам адам жұмыс жасайтын да шығар. Олардың бәрін су керек деп тоқтатып қойса, жұмыссыз қалады. Облыс салықсыз қалады. Осындай да уәждері айтылып жатады. Біздің зерттеулерімізді тыңдап жатады. Бірақ нақты жұмыс жасалып жатқан жоқ.
Астанада гидрогеологтар жиынында мен де сөз сөйледім. Барлық мәселелерді айттым. Бізге қазір мұнай компаниялары жұмыс бермейді. Олар үшін мен «халық жауы» сияқтымын. Келсе, бірдеңе тауып алады ма деп... Бізден сақтанады. Көкжидеде ластану бар, әрине. Көкжидеге мықты бір қожайын керек.
Егер суды алса, суға байланысты заңдар бар. Қоршаған айналаны қорғау – 1-санитарлық белдеу, 2-санитарлық белдеу деген сияқты. Егер де суға иелік етілсе, онда мұнайшылар ешнәрсе істей алмайды. Ал қазір мұнай компаниялары бізді Көкжиде айлағына кіргізбек түгілі жақындатпайды да. Кіру үшін бір ай бойы прокурорға барып, рұқсат қағазын сұрап жүресің, контрактный айлақ деп кіргізбейді. Шлагбаум, күзет қойып алған. Экологияға қарайтындар нені қарай алады? Көп болса, жерге тамған майларды айтады. Ластану бетінен емес, астынан жүріп жатыр. 200-300 метр жер астында. Скважиналардан. Осындай жағдайлар болып жатыр.
Бір компаниялар келіп жатыр дейді. Қытайдан ба, суды алғылары келеді екен. Астанаға барғанда жігіттерден естіп жатамыз. Алса, су тарту қондырғыларын жасап, Атырауға, Маңғыстауға тартады деп... яғни суды сатып, кәсіп жасағасы келеді. Біреулері айтуы мүмкін, неге қытайлар деп... Мен мұны дұрыс шешім шығар деп ойлаймын... Бір компания келіп, сол судың қожайыны болып алса, халыққа да пайдасы тиетін еді. Өйткені ертең 20-30 жыл өткен соң ол су болмайды. Ластанып кетеді. Біз енді қазақпыз, осында қалатын жергілікті халықпыз ғой... Балаларымызды, немерелерімізді, тіпті шөберелерімізді ойлап жатамыз. Мен өз басым ойлаймын, одан түк те шықпайды. Осылай ластана берсе, шөбере түгілі немереге де жетпей қалады. Енді белгілі ғой, кімдерде ақша болса, солар қожайын болады емес пе? Біз жұмыс сұрап жүрген мекемелерміз. Бірақ біліп отырған соң, айтатынымызды айтамыз. Оның үстіне намысымыз да бар. Біздің мамандарға «Басқалар жұмыс алып істеп жатыр. Сендерге ғана керек пе...» деп айтатын көрінеді. Тағы да айтамын, суымызға өзіміздің иелік еткеніміз дұрыс...»
Азамат Байтлеуұлы ағамыздың жанайқайына құлақ түрер – еліне тілдерімен емес, істерімен, жүректерімен адал қызмет ететін азаматтардың құлақтарына шалынады деген ҮМІТ басым, әрине. Мұнай да керек. Ал сусыз өмір де болмайтынын ескерсек – бірінші орынға, әрине, су шығары сөзсіз! Мысалы, 92 маркалы бензин бағасының 1 литрі 222 теңге болса, 1 литр судың бағасы дүкендерде 450-500 теңге тұрады емес пе? Судың тапшылығынан Араб, Израиль елдері теңіздің, мұхиттың ащы, тұзды суларын озық технологияларды пайдалана отырып, шөлді аймақтарды гүлдендіріп, әлемге үлгі болып отыр емес пе? Осылардың барлығын көре отырып, біз неге Құдайдың берген байлығын ысырап қылмай пайдаланбай отырмыз?
Қазақ жерінде шығатын мұнайдың құрамында аз мөлшерде болса да молибден, ванадий, никель де бар дейді химиктер. Әр кен орындарында әртүрлі мөлшерде екен.
Көкжидеден сынама алынып еді. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық университетінің жанындағы ғылыми зерттеу институты мен Испания мемлекетінен келген бір компания. Желтоқсан-қаңтар айларында қорытынды шығарулары керек деген...
Біздер де осы мәселелерді көтеріп жүргендіктен, асыға күтіп отырмыз! Сағыздай соза бермей. Нүктесін қоятын кез келген сияқты.
Алла істерімізге береке берсін!
Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ,
Ақтөбе облысы













