Қазіргі таңда ұялы телефон мен интернет күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Біз телефонмен сөйлесеміз, хабарлама жібереміз, бейнеқоңырау жасаймыз, интернет қолданамыз. Осы байланысты қамтамасыз ету үшін қалаларда ұялы байланыс базалық станциялары мен антенналар орнатылады. Бірақ тұрғындар арасында антенналарға байланысты алаңдаушылық жиі кездеседі. Әсіресе көпқабатты үйдің төбесінде немесе тұрғын үйге жақын жерде байланыс антеннасы орнатылғанын көргенде: «Бұл адам денсаулығына зиян келтірмей ме?», «Үйіміздің жанында антенна тұр, балаларға қауіпті емес пе?», «Ол тәулік бойы сәуле тарата ма?» деген сұрақтар туындайды.
Осындай жағдайда қорқыныштың нақты ғылыми және санитариялық негізін ажырата білу маңызды. Радиофобия дегеніміз не? Радиофобия – радиациядан, электромагниттік сәулеленуден немесе радиотехникалық құрылғылардан шамадан тыс қорқу және олардың әсерін қауіп ретінде қабылдау. Мұндай қорқыныш көбіне «радиация» деген сөздің мағынасын дұрыс түсінбеуден пайда болады. Өйткені электромагниттік сәулеленудің барлық түрі бірдей емес. Мысалы, рентген сәулелер иондаушы сәулеленуге жатады. Ал ұялы байланыс, радио және телехабар тарату жүйелерінде қолданылатын радиожиілікті электромагниттік өрістер иондаушы сәулеленуге жатпайды. Сондықтан ұялы байланыс антеннасын рентген аппаратымен немесе радиоактивті затпен теңестіру дұрыс емес.
Антенна қалай жұмыс істейді? Антенна радиосигналды белгілі бір бағытта таратады және телефоннан келген сигналды қабылдайды. Яғни антеннаның негізгі міндеті — байланысты қамтамасыз ету. Санитариялық қағидаларында ұялы байланыстың стационарлық базалық станциялары радиотехникалық объектілер қатарына енгізілген. Бұл объектілердің жұмысы кезінде пайда болатын радиожиілікті электромагниттік өрістер санитариялық бақылауға жатады.
«Антенна тұрса — міндетті түрде зиян» деген дұрыс па?
Қауіпсіздікті бағалау үшін оның техникалық параметрлері, орналасуы, сәуле тарату бағыты және ең бастысы — қоршаған аумақтағы электромагниттік өріс деңгейі ескеріледі. Радиотехникалық объектілерді орналастыру кезінде электромагниттік өрістің рұқсат етілген деңгейлері сақталуы тиіс. Санитариялық қағидаларда тұрғын аумақта, демалыс орындарында және тұрғын, қоғамдық ғимараттардың ішінде электромагниттік өрістің шекті рұқсат етілген деңгейлері белгіленген. Сондықтан антеннаға қарап «қауіпті» немесе «қауіпсіз» деп қорытынды жасауға болмайды.
Антенна үйдің төбесінде орналасса ше?
Бұл сұрақ тұрғындарды жиі алаңдатады. Қолданыстағы санитариялық талаптар белгілі бір жағдайларда базалық станция антенналарын ғимараттардың шатырларында орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте электромагниттік өрістің белгіленген шекті деңгейлері қамтамасыз етілуі қажет. Базалық станцияларды орналастыру кезінде санитариялық-қорғаныш аймақтары мен құрылыс салуды шектеу аймақтары есептеледі, сондай-ақ электромагниттік өрістің деңгейі бағаланады. Яғни мәселе тек «үйге жақын» немесе «алыс» орналасуында емес. Нақты жағдай санитариялық есептер мен өлшеу нәтижелері бойынша бағаланады.
Антенна тәулік бойы сәуле тарата ма?
Базалық станция жұмыс істеп тұрған кезде радиосигналдар беріледі. Бірақ оның сәуле шығару қуаты тұрақты бір деңгейде болады деп түсіну дұрыс емес. Мысалы, ұялы байланыс желісіндегі жүктемеге байланысты базалық станцияның жұмыс параметрлері өзгеруі мүмкін. Сондықтан «антенна 24 сағат бойы максималды қуатпен сәуле таратып тұр» деген түсінік дұрыс емес.
Қауіпсіздік қалай анықталады? Бұл жерде ең маңыздысы – өлшеу. Электромагниттік өрістің деңгейі арнайы өлшеу құралдарының көмегімен анықталады. Алынған көрсеткіштер қолданыстағы санитариялық нормативтермен салыстырылады. Мысалы, қолданыстағы санитариялық қағидаларында 0,3–300 ГГц диапазоны үшін тұрғын аумақтарда және тұрғын, қоғамдық және өндірістік ғимараттардың ішінде тығыздық ағынының рұқсат етілген деңгейі 10 мкВт/см² ретінде көрсетілген; айналмалы және сканерлеуші антенналар үшін ескертпеде 25 мкВт/см² мәні көрсетіледі. Сондықтан тұрғындардың «антеннадан сәуле шығып тұр» деген күдігі нақты өлшеу арқылы тексерілуі мүмкін.
Радиотехникалық объектілерді орналастыру кезінде санитариялық талаптардың сақталуы маңызды. Жобалық құжаттамада электромагниттік сәулеленудің есептері, санитариялық-қорғаныш аймағы, құрылыс салуды шектеу аймағы және басқа да қажетті көрсеткіштер қарастырылады. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары радиотехникалық объектілерге мониторинг жүргізіп, электромагниттік өріс деңгейлерін өлшей алады. Бұл талаптардың мақсаты — халықтың денсаулығын қорғау және электромагниттік фактордың қауіпсіз деңгейде болуын қамтамасыз ету.
Тұрғындар неге алаңдайды?
Адам белгісіз нәрседен жиі қорқады. Үйдің жанында биік мұнара немесе шатырда бірнеше үлкен антенна тұрғанын көрген тұрғын оның қалай жұмыс істейтінін білмеуі мүмкін. Әлеуметтік желілердегі «антенна қатерлі ісік тудырады», «балаларға өте қауіпті», «үйге жақын болса міндетті түрде сәулелену жоғары» деген сияқты ақпараттар да алаңдаушылықты күшейтеді. Алайда мұндай пікірлерді қабылдамас бұрын олардың нақты ғылыми және санитариялық негізі бар-жоғын анықтау қажет. Қорқынышты ақпарат емес, нақты өлшеу нәтижесі жеңеді.
Егер тұрғын күмәнданса, не істеуі керек? Егер тұрғын белгілі бір антеннаның қауіпсіздігіне күмәнданса, ең алдымен эмоцияға берілмей, нақты ақпарат сұрағаны жөн. Егер нақты санитариялық мәселе туындаса, тұрғындар белгіленген тәртіппен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына жүгініп, жағдайды тексеруді сұрай алады.
Қорытынды: антенна — қазіргі заманғы байланыс жүйесінің қажетті элементі. Оның болуының өзі адам денсаулығына қауіп бар дегенді білдірмейді. Сонымен қатар кез келген радиотехникалық объект санитариялық талаптарға сәйкес орналастырылып, пайдаланылуы және электромагниттік өрістің белгіленген шекті деңгейлері сақталуы тиіс.
Сондықтан радиофобияны жеңудің ең дұрыс жолы — қорқынышты жоққа шығару емес, оны нақты біліммен алмастыру. Антеннаның биіктігіне немесе сыртқы түріне қарап қауіп туралы қорытынды жасауға болмайды. Нақты бағалау санитариялық талаптар, техникалық есептер және аспаптық өлшеулер негізінде жүргізіледі.
Алматы қаласы Наурызбай ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бас дәрігері В.Конеева
Алматы қаласы Наурызбай ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бас маманы Ш.Умиркулова















