Раушанбек Абсаттаров: Қызметтің бәрі өткінші, ал ғылым – өмір бойғы қазынаң

Раушанбек Абсаттаров: Қызметтің бәрі  өткінші,  ал ғылым – өмір бойғы қазынаң

Ғалымның шәкірті көп болуының сыры неде?

Шүкір, Раушанбек Абсаттаровтың абырой-беделі бір басына жетеді. Ол кісі ештеңеден тәуелді емес, өз жолын өзі қалыптастырған азамат, Абай атамыз айтқандай, ғылымға көңіл бөлген, дүниеде кетігін тауып қаланған тұлға. Шәкірттері көп: өзі қызмет істейтін университеттің айналасында, өзге де аймақтарда, шетелдерде. Алайда, бойындағы туабітті ұстаздық қасиеті Раушанбек Абсаттаровқа ешуақытта тыным бермейтінін байқауға болады. Араласқан адамының, өмір айдынындағы інілерінің бойынан ғылымға деген бір ұшқынды байқаса, отты сезсе, соны әрі қарай лаулатуға, жандандыруға Раушанбек ағайымыз ешуақытта аянып қалмайды. Жақсы қасиет пе? Жақсы қасиет. Атап айтуға, өмір бойы айтып жүруге тұрарлық қасиет. Қазақтың «Жақсыдан – шарапат» деген сөзі осындайда айтылса керек-ті. Ғылым саласы Раушанбек ағайға қаншалықты абырой-бедел сыйласа, Раушанбек ағай да ғылым мен білім алдындағы өзінің парызын жете сезіне білгеніне қалай риза болмайсың. Раушанбек ағай бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, ғылым докторы. Ғылым мен білімнің барлық жетістігіне жетіп, барлық сатыларынан абыроймен өтіп, азаматтық сипатына, қайраткерлік болмысына дақ түсірмеген тұлға. «Осының өзі маған жетеді» деп отыра берсе де, ешкім де мін таға алмас еді. 

Бірақ, Раушанбек ағай өз өмірінің мұратын «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қазақтың даналығымен байланыстыруға жастайынан-ақ бел буған сияқты. Раушанбек ағай бұлақты көре біледі және аша да біледі. Көре біліп, аша білмесеңіз, ол дағы бір бітпей қалған іс болар еді. Ал көре біліп, әрі қарай оны аша біліп, діттеген жолға бағыттап жіберу, міне, бұл нағыз ұстаздарға ғана тән қасиет. Және бұл жерде жалаң ақыл, құрғақ кеңес жүрмейді. Ең алдымен адамның жүрегіне жол таба білу. Болашақ шәкіртіңнің жан дүниесін жете түсіне білу. Оның рухани кеңістігін сезе білу, дарынын, талантын тани білу. Бойындағы жақсы қасиеттерін бағамдай білу тәрізді толып жатқан міндеттер бар. 

 

Раушанбек ағаның әлеміндегі жарық сәуле

Раушанбек ағайдың ұстаздық өнегесінде осы айтылған қасиеттердің барлығы да бар. Ол кісінің ғибратқа толы өмірі, сол өмірінен риясыз сыр шертуі, ештеңені жасырып қалмай, ағынан ақтарылуы да бір ғанибеттігі дер едім. Раушанбек ағайдың кемеңгерлігі де осындай ғой, шіркін! Өзінің өмірімен, жетістік сырларымен риясыз бөлісе отырып, еңбек етсе, қажыр-қайрат көрсетсе, адамның қолынан келмейтін ештеңе жоқ екен-ау деген ойға жетелеп, бір ерекше шабыт сыйлап, көңіліңнің кілтін ашып, жүрегіңе жол таба біледі. Барын бар, жоғын жоқ деп айтады. Ғылымда ештеңе де табанды ізденіссіз, қажырлы еңбексіз келмейтінін жеткізеді. Сөзін нақты мысалдармен тұжырымдап отырады. Раушанбек ағайды тыңдап отырып, екі-үш сағаттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қаласыз. Себебі әңгімесі әрлі. Өзім қоғамдық-cаяси, әлеуметтік тақырыптарға қызығатын болған соң, тіпті де елти түсіп, Раушанбек ағайдың әлеміне еніп, сол әлемнен шыққым келмей қалады. Алдыңда отырған ағаңның ақылын сағаттап тыңдай бергің келеді. Бірақ, уақыт шіркін оған ырық берер ме. Раушанбек ағай ғылымдағы, саясаттағы, қоғамдағы бір құбылыстарды түсіндірсе бәрі де жеңіл, ұғынықты сияқты сезіледі. «Еее, осылай екен ғой» деп санаңыз бір сергіп қалады. Күрделі сұрақтардың түйінін қарапайым қылып тарқатқанына риза боласыз. Раушанбек ағайдың өмірі мен еңбек жолы, қызметі, кәсіби мансабы, ғылыми шығармашылығы, жазған мақалалары мен кітаптары, баспасөзге берген сұхбаттары, атқарған сан-салалы жұмыстары...осылардың барлығын ойға алғанда, ағайдың еңбек өнімділігіне қайран қаламын. Ол шын мәнінде өте өнімді жұмыс істейтін ғалым. Монографиялары да бар, оқулықтары да бар, ғылыми мақалалары да көп. Барлығына қалай үлгереді деп таң қаламын. 

Асылы, адамның қабілеті, дарыны, таланты оны әрдайым ұштап отырмаса, сарқылып қала ма деймін. Ал талантты еңбектің көрігімен қыздырса, ол одан сайын ашылып, саф алтындай жарқырап, әрі қарай кемелдене бермек. Сонда Раушанбек ағайдың жетістік формуласы да қарапайым: талант және еңбек. Бірінің бірінсіз күні жоқ. Екеуі бір-бірін толықтырып, алға бастайды. Бірақ, ең бір ескеретін дүние, талант та, еңбек те адамның туабітті мінезінен, болмысынан нәр алып, жаңа бір кеңістікті қалыптастырса керек-ті. Раушанбек ағайда өзіне ғана жарасатын даралық бар. Ол даралығы сырт көзге бірден-ақ байқалып тұрады. Ағайдың осы даралығы туралы ойлағанда, еліміздің ғылымдағы еңсерген жетістіктері осындай тау тұлға ғалымдарымыздың еңбегінің арқасында мүмкін болған деген ойға келесің.  Уақыт ағымы, заман өзгерісі бір қалыпты тұрмайды. Бірақ, көнермейтін, ескірмейтін, уақытпен бірге мәңгі жасайтын дүние бар. Ол – ғылым. Ал сол ғылымға құштарлықты ояту, ынтаңды арттыру жол көрсеткен ұлағатты ұстазыңа байланысты. Өмірде тәлім берген, алыстағы жарық сәулеге бағыт сілтеген ұстаздың қадірі күн өткен сайын арта береді. Өйткені, сол бір жарық сәуле алыстан жарқырап көрініп, биік жетістіктерге бастайды. Соның негізі, әрине, еңбек. 

 

Мен әлеуметтану ғылымына қалай келдім?

Бір күні Жұмабек Омарұлы Раушанбек ағайдың халықаралық дәрежедегі марапат алуына байланысты мені ол кісіге арнайы сұхбат алуға жіберді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Саясаттану және әлеуметтану ғылымдары кафедрасын бетке алып, жолға шықтым. Раушанбек ағайды бұрын сыртынан ғана танығаным болмаса, жеке кездесіп, әңгімелескен емеспін. Сұхбатым қалай шығар екен, ағай қалай қабылдар екен деп іштей толқып келемін. Қоятын сұрақтарымды жұптап, дайындап алғанмын. Университетке кірген соң, Раушанбек ағайдың кабинетін сұрастырып, оңай тауып алдым. Раушанбек ағай өзім сияқты сұңғақ бойлы екен, жылы шырай танытып, қарсы алды. Марапатына байланысты дайындалып келген сұхбат сұрақтарым қоғамның өзекті мәселелеріне ойысып, өзі жетік зерттеп жүрген ұлтаралық қарым-қатынастар тақырыбына ауысып, бір салиқалы әңгіме өрбіді. Раушанбек ағай барлығына тиянақты жауап беріп, өзі де бір керемет көңіл-күйде отырды. Бір сағаттан астам уақыт әңгімелескен соң, редакцияға келіп, жедел түрде газетке материал дайындадым. Негізгі тақырып Раушанбек ағайдың шетелден алған марапатына байланысты болған соң, сұхбаттың өзегі осы мәселеге арналды да, кездесуде қамтылған саяси-қоғамдық сұрақтар ол материалға енбей қалды. Себебі онда қамтылған сұрақтардың дені менің жеке қызығушылығымның әсерінен қойылған еді. Алайда, сол сұхбатта қойған сұрақтарыма Раушанбек ағай дән риза болып, менің сұрақтарымнан әлеуметтану ғылымына жақындығымды байқапты. Бұл жөнінде кейінгі кездесулерінде айтып, біраз ақыл-кеңесін берді. Раушанбек ағайдың сол жылы сөздерінен кейін, мен әлеуметтану ғылымына қызығушылық танытып, шын мәнінде, бойымда сондай қабілет барына көз жеткізіп, оны әрі қарай дамытуға, шыңдауға назар аудара бастадым. Бұған негіз болғаны Раушанбек ағайдың сол жолғы тарту еткен «Саясаттану» атты екі томдық еңбегі. Сол еңбекті оқып шығып, ағайдың сауаттылығына, тереңдігіне, жазу стилі мен тіліне, ой өрбіту, мәселені тарқату шеберлігіне көңіл бөле бастадым. Осы бір кіші қадамдар арналы жолға бастап, өзіме деген сенімділік арта берді. 

Уақыт өте келе Жұмабек Омарұлының жұмыстағы кітапханасынан Раушанбек ағай сыйлаған «Әлеуметтану» атты екі томдық еңбекті көзім шалып, оны да мұқият оқып шықтым. Осы дайындығым, осы даярлығым Раушанбек ағайдың өзі айтқан «сенің бойыңда әлеуметтану ғылымына деген қабілет» бар деген сөзіне иланып, құлақ асып, әлеуметтану ғылымымен егжей-тегжейлі танысып, журналистік еңбек жолымда екеуін бірге алып жүруге бел будым. Мұнда да Раушанбек ағайдың ақыл-кеңестері маңызды рөл атқарды. Себебі ағайдың түсіндіруі бойынша, журналистика мен әлеуметтану ғылымының ұқсас жерлері өте көп. 

Ал енді мұндай жағдайда, журналистика да, әлеуметтану да бір-біріне ұқсас болса, бір-бірін толықтырып, құнарландырып тұратын болса, неліктен екі саланы қатар алып жүрмеске деген ойды Раушанбек ағайдан естіп, осынау ұлағатты пікірге иланып, табан тіредім. Оның үстіне, Раушанбек ағаймен кездесулердегі жиі айтатын сөзі – ғылым, ғылым және ғылым. Қызметтің бәрі өткінші. Ал ғылым – өмір бойғы қазынаң. Әрине, Раушанбек ағайды өзімізге үлгі еткенімізбен, ол кісінің еңбегіндей еңбек жасай аламыз ба, жасай алмаймыз ба деген үлкен сұрақты өзіме жиі қойып келемін. Бірақ, Раушанбек ағайдың сөздері менің бойымдағы ғылымға деген сүйіспеншілігімді оятты. Журналистік кәсібіме дейін ғылыми мекемеде жұмыс жасап, аспирантурада оқығаным бар еді. Алайда ғылымға түбегейлі бет бұрып, бұл салада жүрмеген соң, одан алыстап кеткенім бар еді. Бірақ, ондағы сала да бөлек болатын. Ал әлеуметтану ғылымына деген құштарлығымды арттырып, осы салаға бейімделуіме түрткі болған, жол салған Раушанбек ағайдың еңбегі екенін нық сеніммен және мақтанышпен айта аламын. Раушанбек ағай саясаттануға да, әлеуметтануға да жүйрік. Алайда, әлеуметтану ғылымы біздің елімізде енді-енді өркен жайып келе жатқанын, бұл ғылымның болашақтағы перспективасы өте жоғары екенін де түсіндіріп берген соң, осы саланы таңдап, докторантураға түстім. Докторантураға түсемін деген ойым болған жоқ. Оған да түрткі болған Раушанбек ағай болды. Сөйтіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторантурасына оқуға түстім. Раушанбек ағай саясаттану және әлеуметтану кафедрасын басқарған жылдары Корей елінің ғалымдарымен қаншалықты тығыз байланыс жасағанын, сөйтіп, дамыған мемлекетпен тәжірибе алмасу тетіктері сәтті іске қосылғанын қалай атап өтпеске. 

Бір күні жұмыста отырсам, Раушанбек ағай мені арнайы іздеп келіпті. Әңгімелесіп отырып, ғылымның маңыздылығы жөнінде ұмытылмастай жақсы әңгіме қозғады. Біраз ақыл-кеңестерін айтты. Сөзінің тоқетері – өзіңнің жаныңа жақын ғылым саласынан диссертация қорғауың керек дегенге сайды. Сөйтіп, сол күнгі кездесуіміздің нәтижесінде мен ғылымға қадам жасадым. Маған ғылыммен айналысудың маңызын түсіндірді. Ағамыз жазған мақалаларымды сырттай оқып жүреді екен. «Сен публицистикалық және ғылыми тілде де жаза аласың» деді. Ағайдың осындай жоғары баға бергеніне дән риза болып, кәдімгідей шабыттанып қалдым. 

Тәжірибе жинадық, шыңдалдық дегендей. Бірақ, Раушанбек ағайдың сөзінен кейін, ғылыммен шұғылданудың да көп артықшылықтары бар екенін түсіндім. Ойың өседі, рухани кемелденесің, ғылым мен білімнің көптеген жетістіктерін меңгересің. Раушанбек ағайдың жақсы қасиеттерінің бірі – нақты әрі пайдалы кеңестер бере білетіндігі. «Өйт, бүйт» деп құрғақ ақыл айтпайды. Қандай ақыл айтса да, өмірлік, қоғамдық құбылыстармен байланыстырып отырып айтады. Алға тартатын мысалдары да көп. Әңгімелері қызықты. Жастайынан ғылымға ден қойып, осы салаға саналы түрде қадам басқан. Қиындықтарға төзген. Ауыртпалықтарын көтерген. Асу-асу белдерден өткен. Билікте, саясатта да жұмыс істеп көрген. Бірақ, жүрегі ғылымды қалаған. Өмірінің мәнін ғылымнан тапқан. Айтар әңгімелерінің өзегі – ғылым. Мақала, кітап, оқулық, монография жазу. Бірде маған өте құнды кеңес айтты. «Сенің жазған мақалаларыңды оқып жүрмін. Бірақ сен өз мақалаларыңды ғылыми әдебиеттерден сілтемелер келтіріп жаз. Соңына пайдаланған әдебиеттер тізімін бер. Ертең ол мақалаларың ғылыми монографияларға айналады» деді. Ағайдың осы құнды кеңесін мен шама-шарқымша қолданып келемін. Жүз пайызға жеткізбесем де, ыңғайы келген мақалаларымда осы тәсілді қолданамын. Бұл мен үшін өмірлік маңызы бар, пайдалы кеңес болғанын айта аламын. Ғалымға тән әдеттерді, ғалымға тән мәдениетті болашағыңа іргетас етіп қалап беру Раушанбек ағайдың басты ұстанымдарының бірі екені сөзсіз. Құнды кеңес, пайдалы пікір, оңтайлы ақыл, сенім, болашағыңа деген қамқорлық – осының барлығы да адамға күш-жігер беретін дүниелер. 

 

Ол – кәсіби саясаттанушы, әлеуметтанушы, замана философы

Раушанбек ағайдың тамаша бір қасиеті – ол кәсіби саясаттанушы, әлеуметтанушы, замана философы ретінде қоғамда болып жатқан барлық құбылыстардың мәнін жақсы сезінеді, терең талдайды. Аристотель айтқандай, ештеңені назарсыз қалдырмайды. Бәріне байыппен, биік парасатпен зер салады. Қоғамдық құбылыстардың бағасын бергенде мәселені тамыршыдай тап басып айтады. Кейде ойлаймын, Раушанбек ағайға Алланың өзі «ғалым бол, ғалым бол да, алда бол» деп ұйғарған сияқты. Иә, ғалымдар шын мәнінде осы өмірдің көшбасшылары. Ғалымдардың қасиетін, қадірін саналы, ойлы адамдар жақсы сезінеді, түсінеді, тереңнен парықтай алады. Ғалымдарға қарап қоғам бой түзейді. Ғалымдарға қарап ел жетіледі, өседі, өркендейді. Мысалы, мен Раушанбек ағайдың ақыл-кеңесімен әлеуметтану ғылымын таңдап, осы ғылымның әлемдегі беделді өкілдерінің еңбектерін оқып, әлеуметтану ғылымының барша заңдылықтарын білуге, игеруге, білмегенімді үйренуге күш салып жүрмін. Әлеуметтану ғылымының негізін салушы француз әлеуметтанушысы Эмиль Дюркгеймнің, осы орайда өзге де әлеуметтанушылардың кітаптары  (П.Фоконне, М.Мосс, Г.Тард, т.б.) осы ғылымды игеруге қадам жасағандардың барлығына да азық деп ойлаймын. Раушанбек ағайдың еңбектерін оқып отырсаң, жазған жазбаларының ішінде осындай атақты ғалымдардың кітаптарына берілген сілтемелерді көріп, ағай осылардың барлығын қалай оқып шыққан деп таңқаласыз. Яғни, Раушанбек ағайдың оқымыстылығы ғалымдығының негізі болған деген тұжырым жасауға болатын шығар. Оқымысты болмай, ғылымды игеру жоқтың қасы. Оқымысты болмай, ғалым атану да жоқтың қасы. Көп оқуға, көп білуге ерінген адамнан ешуақытта ғалым шықпайды. Ғалымның деңгейі, біліктілігі оның қаншалықты оқымысты екенінде жатады. Осы тұрғыдан келгенде Раушанбек ағайдың оқымыстылығы, шексіз көп оқығандығына қайран қаламын. «Жас кезімде ғылыммен 16-18 сағат шұғылданатынмын» деген сөзі көкейімнен кетпейді. Міне, әрбір ғалым болам деген адамға осындай өлшеммен еңбек етудің бір үлгісі. Мұның артында таңдаған салаңа деген төзімділік, жанкешті еңбекқорлық, қажыр-қайрат жатқаны анық. Бірақ, ең маңыздысы таңдаған салаңда бір нәтижеге жету, ғылыми еңбек жазу, ғылыми жаңалық ашу. Раушанбек ағайдың ғылымға қаншалықты олжа салғаны белгілі. Осының барлығы да еңбегімен келген. Бір сөзінде ертеректе жазылған бір монографиясы жайында әңгіме қозғады. Ұлтаралық қарым-қатынастар мәселесіне арналған монография.  «Национальные процессы: особенности и проблемы» (Алматы: Гылым, 1995. – 248 c.) деп аталады екен. Сол кітабын қолына ала отырып, бірталай мәселені айтты. 

«Бір жақсы монография жазсаң, ол сенің атыңды танымал етеді» деген сөзіне мынадай мысал келтірді. Америкалық бір зерттеуші Раушанбек ағайдың бұл монографиясын оқып, өзін арнайы іздеп келіп, әңгімелесіпті. Бір мүдденің, бір ойдың, бір идеяның жетегінде жүрген ғалымдар бір-бірін іздеп табады, іздеп таппаса да, бір-бірінің еңбектерін оқып, сырттай танып, ол жақсы еңбек болса, риза болып, оң бағасын береді, теорияларынан пайдаланады, сөйтіп, өзінің ойын ұштайды, мәселенің байыбына тереңдейді. Раушанбек ағайдың ұлттар мәселесіне арналған монографиясы бүгінде қанша уақыт өтіп, мұқабасы, беттері сарғайып қалса да, кітап өзінің құндылығын жоймаған. Әлі де сұранысқа ие. Осындай еңбекті дүниеге әкелген Раушанбек ағай үшін ғана емес, бұл монографиялық еңбекті жалпы қазақ саясаттану, әлеуметтану ғылымының зор табысы деп бағаладым. 

Өйткені ұлттық мәселелер қашанда өзекті. Ұлт – біздің өзегіміз. Ал ұлттық тақырып – жалынан сипатуы қиын тақырыптың бірі. Оған биік өре, терең талдау жасай алатын қарым-қабілет керек. Мейлі қаншама заман ауысып, қоғам өзгерсе де, әрбір халықтың, әрбір мемлекеттің алдынан ұлттық мәселелер шыға беретіні заңдылық. Өйткені, ұлт пен ұлыстар, этностар бар жерде олардың жеке де, ортақ та мәселелерінің болуы заңдылық. Ол өзара коммуникацияға қатысты, түсінісуге, толеранттылыққа, үйлесімді өмір сүруге, т.б. маңызды мәселелерге қатысты. Раушанбек ағай бұл күрделі тақырыпқа бара отырып, қоғам үшін, ел үшін өте пайдалы жұмыс атқарған. 

Раушанбек ағаның оң жамбасына келетін бірден бір тақырыбы – осы саяси-қоғамдық аядағы ұлттық мәселелер деп ойлаймын. Себебі, осы тақырыпты тереңінен қозғай жазады. Жанашырлықпен жазады. Кейбіреулер сияқты жазу керек болған соң жазбайды. Таңдаған тақырыбына жаны ауырып жазатыны әрбір сөйлемінен, пікір-пайымдарынан байқалып тұрады. Иә, ұлттық мәселелерді қазір жазып жүргендер көп. Әрқилы талдайды, әр деңгейде сараптайды. Ал Раушанбек ағайлардың заманында бұл тақырыптарға монография тұрмақ, мақала жазудың өзі оңай емес еді. Себебі ұлттық мәселелерді жазу ұстараның жүзінде жүргенмен пара-пар еді. Мұнда салқын ақыл, ізгілікті жүрек керек. Оларсыз тақырыптың шынайы шығуы, өзекті болуы, қанша уақыт өтсе де ғылыми қауымдастықтың сұранысынан түспеуі қиынға соғады. Жалпы, Раушанбек ағай бұл еңбегінде ұлттар мәселесін кең тұрғыда әрі объективті талдаған. Ғалымның тұжырымды ойлары теориялық сипатта негізделіп, тақырыптың ашылуы қажетті барлық деректер, цитаталар талданған. Жалпы, Раушанбек ағайдың еңбектеріне қашанда шынайылық тән. Абай атамыз айтқандай, алдау қоспайды, ақты ақ деп, қараны қара деп тұжырымдайды. Ғалым адам деген ең алдымен позиция ғой. Зерттейтін мәселелердегі айқын та, анық позиция кейіпкерімнің  бүкіл шығармашылық лабораториясына тән деуге болады. 

Раушанбек ағайдың өмірлік кредосы – тынымсыз ізденіс, қажырлы еңбек, діттеген мақсатыңа қол жеткізу, арманыңның баспалдағына көтерілу сияқты. Әрине, бүгінде ғалымның еңбектері, алған марапаттары мен атақтары өз басына жетерлік. 

Бұдан былай еш нәрсе жазбаса да болар еді. Бірақ та, Раушанбек ағай нағыз ғалымдарға тән әдетпен оқымаса, ізденбесе, жаңа мақалалар жазбаса өз-өзіне көңілі толмайтын сияқты әсер қалдырады. 

Сондықтан бір ғылыми мақаласын аяқтап жатса, ойында келесі жазар мақаласының сұлбасы дайын тұрады. Бір нәтижеге тоқмейілсіп тоқтап қалмайды. Бұл шынайы ғалымдарға ғана тән қасиет. Ғылым қоғамдық ойдың қозғаушы күші екенін де жақсы біледі. Сөз соңында айтарым, Раушанбек ағай ғылымға ден қойған жастар үшін нағыз үлгі етер өнегелі Тұлға! Өнегесі мол ардақты ағамызбен сыйлас, сырлас болу қашанда мерейі мен мәртебесі зор бақыт деп ойлаймын. 

 

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, 

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-cаяси журналының Бас редакторы,

ҚР «Ерен еңбегі үшін» 

медалінің иегері, 

Қазақстан Жазушылары мен 

Журналистер одағының мүшесі

 

08.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28416
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27919
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45255
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40903
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45575