Әр жылдың он екі айының қасиеттісі саналатын рамазан айының соңғы күні Түркістан облыстық "Фараб" әмбебап ғылыми кітапханасында "Рахымын төккен рамазан" атты мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастардың қайырымдылық концерті өтті.
Ұйымдастырушысы - облыстық "Шұғылалы таң" қоғамдық қорының құрылтайшысы, Түркістан қаласының Құрметті Азаматы Д.С. Орманова.
2015 жылы құрылған қордың негізгі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандарды өз әлемінде қалдырып қоймай, қоғамдық ортаға қосылуына ықпал ету, оларға қамқорлық жасау болып табылады.
Бүгінгі қайырымдылық концертінде өнер көрсеткен жастардың көпшілігі кезінде Дана Садыққызы басшылық еткен мектеп-интернаттың түлектері екен. Қазір бұл жастардың бірі мәдениет саласында, екіншісі халыққа қызмет көрсету орталығында, үшіншісі мұрағатта, т.с.с. мекемелерде қызмет етеді.
"Менің мүмкіндігім шектеулі деп олар қолдарына телефон ұстап, үйлерінде бос жатқан жоқ. Қолдарынан келгенше еңбегі мен өнері арқылы халыққа қызмет етіп, өмірге деген құштарлығын көрсетуде. Облыстың түрлі аудандарына барып, олардың өнерін насихаттау арқылы он екі мүшесі сау болса да өмірде өз орындарын таппай жүрген кейбір жастарға мотивация бергім келеді" - дейді Дана Орманқызы.
Шынында жастардың өнеріне бас ие отырып, олардың өмірге құштарлығына, өнерді сүйетіндеріне еріксіз таң қаласыз. Сөйлеуге тілі жоқ болса да қимылы арқылы немесе арбада отырып-ақ әнді керемет орындаулары жүрегімізді елжіретті.
Кешке Түркістан қаласы әкімінің орынбасары М. Қырықбаев,Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғ. Сәрсенбаев қатысты.
Кеш барысында Д.С. Орманова "Шұғылалы таң" қоғамдық қорына қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған жандарға Алғыс хаттар пен төсбелгілер табыстады.