Украина мен Ресей арасындағы соғыста, Кеңестік жүйемен әскери құрылымдар мен тонналық танктердің күлін көкке ұшырған ұшқышсыз ұшу аппараттары өзінің икемділігін дәлелдеп, әлемнің соғыс тарихын өзгертіп жіберген құбылыс болды десек, артық кетпейміз. Осылайша «Киевті үш күнде басып аламыз» деп өрекпіген орыс әскерлерінің Украина жерінде тұмсығы тасқа тиіп, аспаннан келетін ажалдан бас сауғалап жүргеніне 4 жылдан асып кетті.
Мәскеудің мықтылары да еруліге қарулы дегендей, өз жоспарларын бекітіп, іске кірісті. Ресей Президенті Владимир Путин 2024 жылдың желтоқсанында пилотсыз жүйелерді бөлек әскери бағыт ретінде құру туралы жарлық шығарды. Осылайша әрбір бөлімшенің қол астында ептеп қимылдап келген дрон операторлары дербес әскери құрылым ретінде қалыптасты. Президент жарлығына сәйкес дербес дрон полктері мен бөлімшелерін жасақтауға кіріскен әскерилер, 2025 жылғы 11 қарашада Пилотсыз жүйелер әскерлерін (Войска беспилотных систем) ресми түрде құрды. Бұл – Ресей Қарулы күштеріне бағынатын, пилотсыз (дрондық) жүйелерге маманданған әскери құрам ретінде қалыптасты. Бұл бөлім дрондар мен автономды жүйелерді барлау, соққы беру, әуе бақылауы және басқа да әскери операцияларға қолдануды ұйымдастырады. Олардың құрамына дрон операторлары, техникалық персонал, әзірлеушілер және басқа мамандар кіреді.
Қазіргі таңда осы салаға қызмет ететін қызметкерлерді көптеп қабылдап жатыр. Бұл туралы «Tatar-inform» агенттігі хабарлады. Онда Пилотсыз жүйелер әскерлерімен келісімшартқа отырғандар басқа бөлімшелерге ауыстырылмайтындығы айтылыпты. Аталмыш агенттік келісімшарт бойынша әскери қызметке іріктеу пунктінің офицері Егор Горячевтің сөзіне сілтеме жасайды.
«Келісімшартқа отырғандар тек пилотсыз жүйелер әскерлерінде қызмет етеді. Оларды басқа міндеттерге және басқа бөлімшелерге жіберуге тыйым салынады», – деп түсіндірген Горячев.
Пилотсыз жүйелер әскерлерінде қызмет ету туралы келісімшартқа отырғысы келетіндер үшін Татарстанда арнайы сенім телефоны ашылған. Егер үміткер пилотсыз жүйелер әскерлерімен келісімшарттың бастапқы параметрлеріне сәйкес келсе, оның байланыс ақпараты іріктеу пунктіне беріледі.
Агенттік таратқан хабарламада қызметкер қабылдаудың талаптары жан-жақтылы таныстырылған екен. Бұрын әртүрлі армияларда дрондарды пайдаланып, жауынгерлік операциялар жүргізумен айналысатын бөлімшелер болған. Жаңа армия сарбаздары жерде ұшатын, суда жүзетін және қозғалатын барлық нәрсені ұшқышсыз басқарады. Бұлардың қатарында «Герани», «Страндник» тізбекті дрондары, сондай-ақ пилотсыз қайықтар бар. Келісімшарттың ең аз мерзімі – бір жыл. Пилотсыз жүйелер әскерлеріндегі қызметтің негізгі ерекшеліктерінің бірі – келісімшарт бір жыл мерзімге жасалады және автоматты түрде ұзартылмайды. Сонымен қатар, әскери қызметшілер басқа әскерлерге ауыстырылмайды, ал оқу-жаттығулар кем дегенде екі ай бойы Татарстанда және көршілес аймақтарда өтеді.
1 қаңтардан бастап Татарстан Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқысы келетін азаматтар үшін төлемдер сомасын 2,9 млн рубльге дейін арттырды, бұл – елдегі ең жоғары төлемдердің бірі. Бұл төлем екі бөліктен тұрады: 2,5 млн рубль Татарстан бюджетінен, ал 400 мың рубль министрлік тарапынан беріледі екен.
Ресей өз әрекетін әлі күнге дейін «арнайы әскери операция» деген атаумен айғақтап келе жатыр. 4 жылға аяқ басқан бұл қақтығыс дүниежүзілік екінші соғыстан бері қарайғы уақытта болған адам шығыны ең көп соғыстардың біріне айналды. Шетелдік сарапшылар қазірге дейін Ресей тарапынан соғыста өлгендер мен жараланғандардың саны 1 млн-нан асып кеткендігін айтып отыр.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ












