Сабыр Адай: «Әр қазақ – менің жалғызым»

Сабыр Адай: «Әр қазақ – менің жалғызым»

 Біршама жылдан бері біздің газетіміздің бетінде алты алаштың адуынды ақыны Сабыр Адайдың шығармашылық дүниелері жарық көріп жүр. Тек қана сырбаз жырлары емес, ұлтының болашағына алаңдаған көкейтесті мәселелерді жинап, жинақтаған өткір де сараптамалық ойларды тізгіндеген пікірлерін, ойларын, көсемсөздерін айшықтап жазып жүр. Бәрі де «Әр қазақ – менің жалғызым» деп өзі өрнектегендей, халқына, ұлтына жанашырлықтан туындаған дүниелер – олардың қай-қайсысы болсын ойландырады, толғандырады. Бүгін біз оның кемел ойдың қаймағын сыпыра жазған дүниелерін жариялауды ұйғардық.

 

АТА ЗАҢ

(Референдумға)

 

Егер Ата Заңда: 

– мемлекет құраушы ұлттың орны бұлдыр болса,

– тарихи жауапкершілік ашық айтылмаса,

– рухани өзек көмескіленсе, онда ол қорғаушы қалқанға емес, үрейлі компромистің мұқабасына айналады.

Ата Заң батыл болуы керек. Өйткені ол – бүгінгі биліктің емес, ертеңгі ұрпақтың құжаты.

Ол «ешкімді ренжітпейік» деген сақтықтан емес, ақиқатты айтуға дайын рухтан тууы тиіс.

 

«Адам капиталы» ұлтсыз өлшенбейді

 

Ұлт – тіл арқылы қалыптасады. Сондықтан адам капиталын дамытудың негізгі өзегі – мемлекеттік тілге (қазақ тіліне) жеке әрі біртұтас құқық беру.

Орыс тілін «ресми қосарлау теңгерімінде» ұстау – адам капиталын екі ойлау жүйесіне бөлу. (Ата Заңнан алып тастау керек.)

Ал екі ойлау – біртұтас ұлттық капиталды қалыптастырмайды. Мемлекеттік тіл – таңдау емес, мемлекеттің иелік белгісі.

 

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ – МЕМЛЕКЕТТІ ҚҰРАУШЫ ҰЛТ

(Референдумға)

 

Қазақ халқы – мемлекетті құраушы ұлт. Бұл – тарихи дерек қана емес, өркениеттік сабақтастықтың, рухани жауапкершіліктің, бүгінгі таңдағы мемлекеттіліктің үзілмеген желісі.

Егер қазақ ұлтының мемлекет құраушы мәртебесі Ата Заңның баптарында, негізгі тұжырымдарында, идеологиялық өзегінде айқын әрі нақты көрінбесе, қоғамда рухани-саяси қайшылық туады.

Ұсынылып отырған жобада: «Мемлекеттік биліктің қайнар көзі – Қазақстан халқы» деп көрсетілген.

Заңдық тұрғыдан алғанда, бұл тұжырым унитарлы мемлекет ұғымына қайшы емес. Алайда мәселе заңдық дәлдікте емес. Мәселе – рухани-саяси салмақта. Ең басты сұрақ осы жерден басталады: мемлекет құраушы ұлттың тарихи миссиясы мен жауапкершілігі айқын әрі жүйелі түрде бекітілмесе, онда «Қазақстан халқы» деген ұғым:

– тамыры жоқ,

– жауапкершілігі бөлінген,

– рухани өзегі әлсіз саяси формулаға айналып кетуі мүмкін. Заңдық тұрғыдан – қайшылық жоқ.

Ал ұлттық-рухани тұрғыдан – өте үлкен сұрақ бар. Егер қазақ халқының мемлекет құраушы рөлі көмескіленсе, бұл унитарлы құрылымға емес, мемлекеттің ішкі тұтастығына, тарихи жауапкершілігіне және рухани беріктігіне қауіп төндірмей ме?

Бұған кім кепіл?..

 

ҰЛТ ПЕН ҰСТАНЫМ

(Референдумға)

 

Біз бір кезде «орыс тілі – ресми тіл» дегенге ыңғайына жығылып едік, енді солар «ерекше аймақ» дегенді қоса алғысы келеді. Бүгін бір талап, ертең екіншісі – осылайша шегіне беруге дағдыланған халықтың шекарасы да, шегі де кеңейе береді. Бұл – диалог емес, бұл – саяси бопса. Ал саяси бопсаға шыдай берген, шегінуге үйренген елмен ешкім санаспайды. Өйткені есеп тек мінезі бармен, ұстанымы бармен, өз құндылығын қорғай алатын халықпен ғана жүргізіледі.

 

ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ ИЕСІ – ТІЛ.

ОЛ ЕКЕУ БОЛМАЙДЫ

 

Неге?

Өйткені:

Тіл – ұлттың ойлау жүйесі;

Тіл – құқықтың ішкі коды;

Тіл – мемлекеттің жадын сақтайтын жалғыз құрал;

Тіл – Ата Заңның рухын түсіндіретін орта.

Екі тіл – екі ойлау жүйесі.

Екі ойлау – екі мүдде.

Екі мүдде – екі мемлекетке апарады (ресми түрде емес, рухани түрде). Сондықтан «екі тіл – байлық» деген уәж ұлттық мемлекетке қатысты айтылмайды. Ол көпұлтты империяға немесе транзиттік қоғамға ғана жарасады.

Ата Заңдық тұрғыдан бір-ақ өлшем бар:

Мемлекеттің иесі кім? – Сол тіл мемлекеттік болуы тиіс.

«Тілі екеу ел – иесі екеу ел».

06.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455