Батыс Қазақстан облысында «Жасыл желек» экологиялық акциясы өткізілді. Облыс орталығы – Орал қаласының жаңа шағын ауданында ұйымдастырылған игілікті іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, жас көшеттер отырғызу рәсіміне атсалысты.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл акцияның басты бағыты – өңір тұрғындары мен жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны қорғау және аймақты көгалдандыру. Экологиялық акцияға облыстағы жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, «Жасыл ел» сарбаздары, еріктілер мен белсенді жастар қатысып, тал-теректер егумен қатар белгіленген аймақта сенбілік жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, жақсылыққа жаны құштар жастар шағын ауданды қысқы қалдықтардан арылтып, өзгелерге үлгі көрсетті.
– Экологиялық іс-шараға Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен 50 студент және волонтерлар мен «Жастар бастамасын дамыту орталығының» мамандары қатысып, тазалық жұмыстарын жасады. Осындай шаралар арқылы жастарды қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға, тазалыққа мән беруге үйретеміз, – дейді жоғары оқу орнының проректоры Ақылбек Сұлтанов.
Еске сала кетсек, бүгінгі таңда Орал қаласында санитарлық-экологиялық айлық өткізілуде. Осы айлық шеңберінде бастау алған «Жасыл желек» акциясы барысында қаладағы 10-шы шағын ауданға сүмбіл терек, сирень, шетен секілді 300-ге жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар жастар «Ақжайық – тазалық мекені» атты эко челлендж ұйымдастырып, естелік суретке түсіп, акцияның маңызын арттырды.