Бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жұмысшы мамандықтары жылын қолдау және Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойы аясында аудандық «Қыс-2025» марафоны өтті. Марафонға 200 жуық адам қатысып, жүгіру қашықтығы Абай алаңы мен орталық стадионға дейінгі қашықтықта 3 шақырымды құрады.
Игі шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын және де Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай, өткізіліп отқан «Шардара аудандық Қыс-2025» марафонының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін біз елімізге, соның ішінде ауданымыздың маңызды және айтулы оқиғаның аясында ұйымдастырылған марафонда жолығып тұрмыз. Бұл спорттық мереке ғана емес, ерік-жігердің, батылдықтың мерекесі. Шардара ауданында осындайауқымды іс-шараның өтіп жатқанына қуаныштымын. Марафон арқылы бұқаралық спорт, салауатты өмір салты насихатталады. Мұндай шаралар елімізде бұқаралық спорттың дамуына зор септігін тигізеді деп сенемін»,— деді аудан әкімі.
Мәреге алғашқы болып келген марафоншылар аудан әкімінің атынан арнайы Алғыс хат, медаль мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Жарыста ерлер мен әйелдердің үздіктері жеке-жеке анықталды.