САРҒАЙҒАН САРАЙШЫҚ

САРҒАЙҒАН САРАЙШЫҚ

Сарайшық – ұлттық тарихымыздың темірқазығы, киесі, кестелі дастаны, өнеге мен өрнекке толы мұрасы. Елдігіміздің күре тамыры – ұлдарының махаббатына, ұлтының қамқорлығына шөлдемеуі керек. Сарайшық – ұлттық рухымыздың айбары мен айбыны, серпін берер мақтанышы. Автор

 

Сор дəурен, құлаған күн, жылаған құм, 

Қол жайып көктен медет сұраған кім?! 

Орданың ойраны бар, сайраны жоқ, 

Құлағын кер қобыздың бұраған кім?!

 

Қай дауыс, мына дауыс, жеті көктен, 

Жем болып, жерден ада, есі кеткен.

Сарқамыс, сақау құдық, шашылған күл, 

Бір сұмдық, Сарайшықты жетім еткен.

 

Бұлт көшті бұлағайлап қан-қан күрең, 

Қасқаның іші толған арман білем. 

Көмусіз көп сүйекке торғай қонып, 

Зарлайды дұға қылып таңнан кілең.

 

Есіл жыр, ерке құлан дүбірлеген, 

Есеңді алып өлші бүгін менен. 

Қазақы қара өлең хан шатырлы, 

Қанша жау шапсадағы бүгілмеген.

 

Басынан əр төбенің шырақ жағып, 

Қанатын қанға бөгіп сыңар қағып. 

Нұр шашып тіріге де, өліге де, 

Таң атып келе жатыр қылаңданып.

 

Жан едім, жанып-күйген өлең едім, 

Шыбын жан, не сұрайсың, көбелегім!? 

Шырылдап өтіп барам жалғаншыдан 

Өз қайғым – тілеп алған бөгелегім.

 

Су сеуіп қанатыңмен жүрегіме, 

Бес қару кеттің іліп білегіме. 

Сарайшық, Алтын Орда, кемиек құм, 

Кемсеңдеп не демексің қыр еліне!?

 

Қызғыш құс, қиғаш қайда ұлы құмда, 

Кімдер жүр, кіл лашынның тұғырында. 

Күймелі дəурен сыңсып бара жатыр, 

Жез қоңырау Ақ Жайықтың бұрымында.

 

Сарайшық, сансыз мола шегінеді, 

Көңілім көк жаңбыр боп егіледі. 

Жайықтың ақ төсінде ойнақ салып, 

Шағала шартық жемсау не біледі?!

 

Ақ Орда, Алтын Орда – жатқан жалын, 

Ашылмай ауған дəурен тақтан бағың. 

Желкелеп жеңген құзғын басып жатыр, 

Қараойдың қансыраған қасқалдағын.

 

Құны жоқ жеңілгеннің қара бақыр, 

Əлсізге күнде келмек заманақыр. 

Бұрқырап төс етінен қасқалдақтың 

«Өлдім» деп өлең ұшып бара жатыр.

 

Көрерміз көрмегенді елмен бірге, 

Айтармыз жанның сырын теңнен кімге?! 

Мысалы: Сынық күзе – Сарайшығым, 

Аңылжып азынайды желмен бірге.

 

Жау жыртып гүл етегін паршалаған, 

Қарайды хан-салтанат қанша заман.

Сан мұңдық шағыл бойлап көшіп жатыр, 

Кірпігін толған айдың қалқалаған.

 

Абыз құм, 

Аталық бел, аналық көл.

Айналып ата құзға баралық кел.

Кең Құдай кеңес қылсаң айтарым сол, 

Даламның тілін білер даналық бер.

 

Сыр толғап қара тастың өзегінен, 

Сүйсем бір маңдайынан кезегімен. 

Сарайшық саған келіп үнсіз тұрмын, 

Сайраған қызыл тілмен безеніп ем.

 

Көңілім алай-дүлей мұңданады, 

Түрулі заманымның бір балағы. 

Тағыда құмай қуып, қоян қашса, 

Артында сол сүргіннің кім қалады?!

 

Ел еді Алтын Орда алшаңдаған, 

Бұл күнде бұқпа болдық жалтаңдаған.

Қоянға құмай құдай, 

Қойға – қасқыр 

Əлсіздің күні қараң қалтаңдаған.

 

Ұл зарлық, қыз қалқаның қор жүрегі, 

Бағытын бақ пен сордың жол біледі. 

Тамшы жас шым түбінде шыңыраудың 

Шындығын тарихымның сол біледі.

 

Қош енді, 

Қоңыр төбе, сырлы мекен.

Мен байғұс мекенімді жыр ғып өтем. 

Жылға сай, жылым біткен, 

Ұлын күткен, 

Сарғайған Сарайшық та мұңдық екен!

 

Қара түн сондағыдай бəрі, міне, 

Бозғыл тау, сабан қора, кəрі күде. 

Аттандым жалғыз түнеп Сарайшыққа, 

Қол жайып аманаттап Тəңіріме!

 

Өз ұлын ұлы дала аңдап жатыр, 

Тігіп жүр өңкей əруақ таңнан шатыр. 

Шашылған бас сүйек пен төс сүйектің, 

Ішінде көп тістеулі бармақ жатыр.

 

Жөнелдім мен де шайнап бармағымды, 

Тапсырып жанға жырды, таңға мұңды. 

Тар жерге тағы келдік, жаным Алла, 

Қор етпей, зор етпексің алда кімді?!

 

Күн шықты күлім қағып, түнім кетіп, 

Жыртығым жамалғандай, тінім бекіп. 

Сарайшық саған қайта келем əлі, 

Сардарын сан арманның дүбірлетіп.

 

Желегін желмен жайқап гүл-баһардың, 

Ай сауып, ақ сүтімен сырлатармын.

Алтын зер, күміс күмбез мұнараңнан, 

Əлемге ұран салып, үн қатармын!

 

Өткеннің өрнек алып елесінен, 

Үміттің жүзіп келем кемесімен. 

Біз де бір құралайдың лағымыз 

Адасып маңыраған енесінен.

Сарайшық – ортағасырлық қала. Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым жерде Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан.

 

Сабыр Адай
01.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 95
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 29
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 38
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 43
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 37
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 90
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 95
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 290
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 284
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 905

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8982
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8377
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11602
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9360
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10586