Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданына қарасты елді мекендерде әлеуметтік нысандар ашылып, ел игілігіне берілді. Аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, мемлекет тарапынан денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларына әрқашан айрықша назар аударатынын айтты. Жаңа ғимараттардың ашылуымен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жібек жолы ауылдық округі, Қарабау елді мекенінде және Жылға ауылдық округіне қарасты Шымырбай елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункттер халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұл фельдшерлік-акушерлік пункттер жергілікті тұрғындардың денсаулығын сақтау және медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында ашылған. Ғимараттарда учаскелік дәрігер бөлмесі, физиотерапиялық ем қабылдау, акушерлік пункт, тіркеу және егу бөлмесі бар. Қажетті құралдармен жабдықталған.
Осы күні Сарыағаш ауданына қарасты Қанағат елді мекенінде «Ауыл –Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ашылды. Заманауи үлгіде салынған екі қабатты нысанның құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Жаңа ғимаратта 150 орындық концерттік зал, екі кітапхана және түрлі үйірме жұмыс істейді. Ал, кітапхана қорында 2 мыңнан астам кітап бар.
Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында заманауи спорт кешені ашылды. Құрама елді мекеніндегі жаңа ғимараттың құрылысын «КДСМ» ЖШС жүргізген. Спорт кешенінде волейбол, баскетбол, футзал, қол добы, күрес, бокс, дзюдо және басқа да жаттығу залдары және үстел теннисі бар. Мұнда бір уақытта 100-ден астам ауыл тұрғынының спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.