Еліміз тәуелсіздік алғалы ауданымыз ажарланып, тіршілігі тотыдай түрленгені рас. Әсіресе орталық базар маңы жылдан жылға жаңарып келеді. Қаңылтырды қалқалап, қыстың күні аяғынан сыз өткізетіндер сиреп, жылы әрі жайлы орындарға көшкендер көп. Оң және сол қапталда да жаңа нысандар бой көтеріп, сауда орталықтарының саны көбеюде.
Бүгінгі таңда өмірімізді тұрмыстық техникасыз, электроникасыз елестету қиын. Күн сайын шулықтар осындай сауда орындарынан теледидар, тоңазытқыш, телефон тағы да басқа дүниелерді алып жатқанын байқаймыз. Бұл халықтың әл-ауқаты жақсарып, соңғы үлгідегі заттармен жарақталып жатқанынан хабар береді. Шу шаһарында шоғырланған техника саудалайтын дүкендер қатары артып, тағы бір ірі дүкен егемендіктің 30 жылдығына орай ашылып отыр.
Апта басында «Арена-S» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұрмыстық техника және электроника сататын «Sulpak» дүкенінің 165-ші нүктесі Шу қаласында ашылған болатын. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов, осы іске бастамашы болған «Сауда-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Амандық Қойшыбеков, серіктестік төрағасы Владимир Лыткин, қалалық ардагерлер ұйымының жетекшісі Милис Бейсембаев, ауданымыздың бас имамы Бахтияр Әміреев және осы дүкеннің директоры Илхом Азимов қатысып, қала тұрғындарын айшықты мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін арнады.
Қос қабатты, аясы кең сауда орнынан тұрғындар іздегенінің барлығын тауып, қолма-қол немесе банк арқылы рәсімдей алады. Сонымен қатар аталмыш дүкен 60 адамды жұмыспен қамтып, аудан экономикасының дамуына атсалысып отыр. Әдеттегідей лента қиылып, бас имамның батасына қол жайғандар ішке еніп, техникаларды тамашалап, өздеріне керекті заттарды сатып алып жатты.